Қытайдан Өзбекстанға Қазақстанды айналып өтетін жаңа теміржол бағытының құрылысы желтоқсан айында басталады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ агентігіне сілтеме жасап.
«Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» теміржол құрылысы жобасы ондаған жылдар бойы қағаз бетінде ғана қалып келді. Енді іске асады. Біз бұл жобаны бастағанда, көптеген адам сенбеді, тіпті оны ертегі деп мазақ етті. Енді бәрі оның ертегі емес, нақты жоба екенін көріп отыр. 27 желтоқсанда ресми құрылыс жұмыстары басталады», — деді Жапаров жұма күні қырғыз халқына жасаған үндеуінде.
Оның айтуынша, бұл жол Шығыс пен Батысты байланыстыратын стратегиялық көпірге айналып, сауда, туризм және өнеркәсіп үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
«Қытаймен шекарадағы «Бедел» өткізу бекетінің ашылуы елдің транзиттік әлеуетін арттырып, жүк және жолаушылар ағынын жылдамдатады. Бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер жасап, негізгі серіктестермен сауда байланыстарын нығайтады. Бұл стратегиялық маңызды нысан Қырғызстанның көлік инфрақұрылымын дамыту және жаһандық экономикаға интеграциялау жолындағы прагматикалық тәсілдің символы болмақ. Сонымен қатар, Қырғызстанды халықаралық көлік хабына айналдыру жолындағы тағы бір қадам болып табылады», — деп мәлімдеді Жапаров.
Қазіргі уақытта Қытайдан Өзбекстанға теміржол жүктерінің негізгі маршруты Қазақстан арқылы өтеді. Жүктер Қытайдың ірі қалаларынан жөнелтіліп, Қытай мен Қазақстан шекарасындағы Алашанькоу – Достық немесе Хоргос – Алтынкөл өткізу бекеттерінен өтеді. Одан әрі Қазақстан аумағы арқылы Алматы, Ақтоғай немесе Түркістан сияқты негізгі тораптардан өтіп, Қазақстанның оңтүстік өңірлері арқылы Сарыағаш – Ташкент сияқты өткелдерімен Өзбекстанға жеткізіледі.