Билікті күшпен басып алу, мемлекетке опасыздық. Душанбеде айыбы ауыр сот отырысы өтті

627
Adyrna.kz Telegram

18 қараша күні Душанбеде билікті басып алу және мемлекетке опасыздық жасау әрекеті туралы резонанстық іс бойынша екінші сот отырысы өтті. Бұл туралы «Азия-плюс» жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Іс бойынша сотталушылар қатарында белгілі тәжік саясаткерлері мен қоғам қайраткерлері, оның ішінде экс-өнеркәсіп министрі Заид Саидов, бұрыеғы бас прокурор Бободжон Бобохонов және Тәжікстан Демократиялық партиясының бұрынғы басшысы Махмадрузи Искандаров бар.

Бүгінгі сот отырысында төрт айыпталушының куәлігі тыңдалды. Олардың арасында Тәжікстан Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы басшысы Хамрохон Зарифи, бұған дейін Сыртқы істер министрлігінде ақпарат, баспасөз, талдау және сыртқы саясатты жоспарлау департаментін басқарған

Абдулфайз Атой, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-полковнигтері

Нұрамин Ғанизода мен Джамшед Боев болды.

Айыпталушылардың көпшілігіне Тәжікстан Қылмыстық кодексінің 305 («Мемлекетке опасыздық») және 306 («Билікті басып алу») баптары бойынша айып тағылып отыр. Ал кейбіреуі Қылмыстық кодекстің 247 («Алаяқтық») және 189-бабы («Ұлттық, нәсілдік, жергілікті немесе діни араздықты қоздыру») бойынша күдікті деп танылды.

Алайда сотталушылар өздеріне тағылған айыппен келіспейтінін жеткізді.

Қазіргі таңда сот процесі Тәжікстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу изоляторының аумағында жабық түрде өтіп жатыр. Бірінші отырыс 14 қарашада болған еді. Сол күні сот адвокаттардың процесті ашық залға көшіру туралы өтінішін қанағаттандырмайтынын жеткізді.

«Іс материалдары құпия болып саналғандықтан, процесс жабық түрде өтіп жатыр. Қосымша ақпараттар берілмейді»,—деді Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.

Пікірлер