Ауғанстанда апиын өндіру арта түскен

722
Adyrna.kz Telegram
Сурет: iz.ru
Сурет: iz.ru

2024 жылы Ауғанстанда апиын өндірісі 19 пайызға өсті. Бұл туралы БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Былтыр өсім 95 пайызға азайды. Ал биылғы аудит нәтижелері бойынша тіркелген өндіріс деңгейі 2022 жылғы деңгейден айтарлықтай төмен»,—деді сарапшылар.

Басқарманың мәліметінше, статистиканың өсуіне күрделі қаржылық және гуманитарлық мәселелерге тап болған ауған фермерлерінің қиын жағдайы себеп болып отыр.

«Олар үшін апиын өсіру күнкөрістің бірден-бір жолы болып қала береді. Шаруаларға баламалы табыс көздерін табуда шұғыл көмек көрсету қажет»,–деп түсіндірді БҰҰ ЕҚБ атқарушы директоры Гада Вали.

Сондай-ақ бұл жағдайға есірткі бағасының өсуі де әсер еткен. Мәселен, тәліптер апиын көкнәрін өндіруге тыйым салмай тұрып оның құрғақ сығындысы килограмы 100 доллар тұрған еді. Ал 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында апиын құны 1 киллограмм үшін 730 долларға дейін көтерілген.

Халықаралық сарапшылар апиын өсірудегі географиялық өзгерістерді де атап көрсетті. Бұрын ол Ауғанстанның оңтүстік-батысында өсірілсе, қазір жалпы өндірістің 59 пайызы елдің солтүстік-шығыс провинцияларына тиесілі болып отыр.

Тәліптер БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының баяндамасында келтірілген деректердің шындыққа жанаспайтынын айтты.

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Абдул-Матин Кани бұл ақпарат елдің жаңа билігі көкнәр дақылдарын жою науқанын жүргізгенге дейін жиналған деп болжайды. Сондай-ақ есірткіге қарсы күрес мәселе жойылғанға дейін жалғасатынын атап өтті.

Пікірлер