Жаманатсыз апта жоқ. Ұландар әскерде "отбасылық жанжалдан" өле бере ме, өкімет?

1333
Adyrna.kz Telegram
Фото: bbc.com
Фото: bbc.com

Екі күн қатарынан екі әскери қызметкердің өлімге ұшырағаны анықталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Шахтинск қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде Ұлттық ұланның әскери қызметкерінің мәйіті табылды. Бұл оқиғаға қатысты ҚР Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасады.

«13 қазанда Шахтинск қаласында қызметтен тыс уақытта өзі тұрып жатқан пәтерден келісімшарт бойынша әскери қызметшінің денесі табылды. Болжамды ақпаратқа сәйкес, әскери қызметші отбасылық-тұрмыстық жанжал негізінде өзіне қол жұмсаған. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық»өңірлік қолбасшылығы әскери қызметшінің туыстары мен жақындарына көңіл айтады»,—делінген хабарламада.

Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның себеп-салдары анықталып жатыр.

Заң бойынша Ұлттық ұлан iшкi iстер органдарының бiрыңғай жүйесiне кiредi. Ұландықтар жеке бастың, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғайды.

Ал 14 қазанда Приозерск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі әскери қызметкер өзін-өзі атап өлтірді. Бұл туралы Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі мәлім етті.

«Әскери қызметкер қарауыл қызметінде міндеттерін орындаған уақытта бекітілген қаруынан басына оқ атқан. Аталған оқиға әскери қызмет өткерумен байланысты емес. Алдын ала мәліметтер бойынша, марқұм отбасылық-тұрмыстық жанжал негізінде өзіне қол жұмсаған. Қылмыстық іс қозғалды, мән-жайлар анықталып жатыр»,—делінген хабарламада.

Айта кетейік, билік бұған дейін де әскери қызметкерлердің өлімін отбасылық кикілжіңмен байланыстырған.

30 қыркүйек күні Ақтауда әскери қызметкер үйінен өлі табылды. Ақтау гарнизоны баспасөз қызметі «алдын ала мәліметке сай, келісімшарт бойынша қызмет атқарған сержант отбасындағы жанжалдан соң өзіне қол салған» деген мәлімдеме жасады.

Ал 21 қыркүйекте Петропавл қаласындағы үйлердің біріндегі жертөледен қорғаныс істері басқармасының әскери қызметкері өлі табылды. Солтүстік Қазақстан облысы қорғаныс істері департаментінің баспасөз қызметі «алдын ала мәлімет бойынша әскери қызметші отбасылық-тұрмыстық жанжал себебінен суицид жасаған» деп ақпарат таратты.

Соңғы кездері әскери қызметкерлердің өлімі туралы таратылған ресми мәлімдеменің денінде "отбасылық-тұрмыстық жанжал негізінде өзіне қол жұмсаған" делінеді. Тағы да үнемі дерлік қайталанатын тіркес - өлім оқиғалары "әскери қызмет өткерумен байланысты емес" болып шығады. Және ресми мәлімдемелерде осындай оқиғаларды қызметтен тыс уақытта өріс алған деп түсіндіруге тырысу байқалады. Ал шын мәнінде оқиғалар тексеріліп болмастан, осындай бағаға ие болатыны таңғалдырады. Әскерге салсақ, түйткілдің бәрі отбасыдан шыққан. Әзірге осы мәселеге парламент те сұрау салған емес, билік те қоғам қанағаттанатындай түсінік берген жоқ.

 

 

Пікірлер