«Тілді құрметте». Ермұрат Бапи Черчесовке кеңес берді

2281
Adyrna.kz Telegram

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи футболдан Қазақстан құрамасының бапкері Станислав Черчесовке тілді сыйлап, командаға құрметпен қарауға кеңес берді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Черчесовке үлкен сәлем. Мен Черчесовке кеңес берер едім. Оның фамилиясынан көп нәрсе аңғарылады. Ол жаттықтырушылық қызметін ғана емес, Қазақстанның «ұлттық» құрамасы атанған команданы да құрметтеуге және оған толық жауапкершілікпен қарауы керек. Ол клубты емес, ұлттық құраманы жаттықтыруға келді. Ал ұлттың басты қасиетінің бірі – тіл. Ұлттық құраманың бапкеріне шақырса, тілге құрметпен қара», – деді Бапи сәрсенбі күні Мәжіліс сыртында.

Еске салайық, бұған дейін Черчесов қазақстандық журналистің мемлекеттік тілде қойған сауалына: «Сіз қазір французша сөйлейсіз бе?» деген сұрақпен жауап берген болатын. Ресейлік маманның мәлімдемесі Қазақстан халқының ашу-ызасын тудырды.

Сонымен қатар, оның мұндай мәлімдеме жасауы бірінші рет емес. 15 қазанда Туризм және спорт министрлігі ҚФФ-дан Черчесовтың қазақ тіліндегі сұраққа қатысты мәлімдемесіне  түсініктеме талап етті.

Айта кетейік, маусым айында Черчесов Қазақстан футбол құрамасының жаттықтырушысы болып тағайындалғаннан кейін ҚФФ атқару комитетінен сегіз адам кеткен болатын.

Бүгінге дейін Черчесовтың жетекшілігімен Қазақстан УЕФА Ұлттар лигасы аясында төрт ресми матч өткізіп, ФИФА рейтингінде 109 орынды иеленді.

Пікірлер