Үйреніп жатқаны қайда? Ресейлік жаттықтырушы тағы тіл дауына қалды

1961
Adyrna.kz Telegram
Фото: meta-ratings.kz
Фото: meta-ratings.kz

Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қазақ тілінде сұрақ қойған журналисті мазақ қылды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Келеңсіз жағдай Словениямен өткен мачтан кейінгі баспасөз конференциясында болды. Бас бапкер өзіне қазақша сұрақ қойған тілшінің сұрағына келемеждеп жауап қатты. 

«Сен қазір француз тілінде сөйлеп тұрсың ба?»–деді ол журналистің сөзін бөліп. Кейін басын изеп, сұрағын жалғастыруға болатынын аңғартты.

Еске салайық, бұған дейін Станислав Черчесов Астанада өткен баспасөз мәжілісінде қазақша сұрақ қойылғанына шағымданған еді. 

«Неге орысша қоймайсыз? Мен қазір сізге өз ана тілім осетин тілінде жауап берсем не болады? Бірақ ол кезде ешкім түсінбейді. Осының алдында қазақша сауалыңызды федерация президенті аударып берді, енді ол кісіні қайта-қайта әурелемеймін ғой»,—деп наразылық білдірді бас бапкер.

Кейін тіл белсенділері Черчесовтің қазақша үйреніп, тіл сындырып жатқаны жайында мәлімет таратқан.

Пікірлер