Тәуелсіз толқын. Суретті сөйлеткен дала дарыны

2247
Adyrna.kz Telegram
фото: Жайдақбұлақта Досжан Балабекұлы
фото: Жайдақбұлақта Досжан Балабекұлы

Шығармашылық салалардың ішінде «фотография» өнерінің алар орны орасан. Фотожурналистика саласына жаңа дем беріп, дамуы мен жаңа деңгейге өрістеуіне елеулі үлес қосып, желідегі жұртты жаһандағы әсем көріністерді сурет етіп сөйлетуімен тәнті етіп жүрген белгілі фотограф Досжан Балабекұлымен осы турасында әңгімелестік.

Досжан Балабекұлы - Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Ерназар ауылында ұстаздар отбасында дүниеге келген.  «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, фотожурналист, журналист, PhD философия докторы. Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Философия кафедрасының аға оқытушысы

БАЛА АРМАН

- Досжан мырза, фотография өнеріне қалай келдіңіз? Өзіңіз жайлы, балалық шақтағы естеліктеріңіз жайлы айтып беріңізші.

- Фотографияға бала кезден қызықтым. Ауылда атамның үйінде ескі «Зенит» фотоаппараты болды. Онымен фото түсіру өз алдына, фотосурет етіп шығару жағы қиын еді. Қараңғы бөлме, химиялық заттар керек дегендей... Мен оны аракідік жай ғана дүрбі ретінде пайдаланатынмын.

Ауылымызға қала жақтан «фотограф» маманы келетін. Біз соған суретке түсіп қалуға тырысатынбыз. Фотомыз бір аптадан кейін жететін, сөйтіп келесі фотоларды түсіріп қайтатын. Кейін мұны  «Polaroid» фотоаппараты алмастырды. Оның өзіне көп уақыт өтпей, бұл алаңды пленкалы фотоаппараттар жаулады. Дәл осы пленкалы фотоаппаратпен көп шұғылдандым. Анам қалаға барып, ең жақсысын алып бергендегі қуанышымда шек жоқ... Отбасымды, сыныптастарымды, ауылымды осы фотоппаратқа түсіріп шықтым. Кейін бұл нарықты цифрлық фотоаппараттар басты. Бұл бұған дейінгі шектеулерді толық өзгертті. Енді өзің түсіресің, өзің шығарасың. Енді пленка сатып алып, ол толып қалады деп жүрмейсің, қанша түсірсең де орын табылады, кез-келген уақытта фотосуретті көріп, оны реттеп, өшіріп, тазартып отыруға мүмкіндік көп болды. Сондықтан, менің өмірімде фотографияға деген қызығушылық балалық шақтан қалыптасқан. Оның үстіне балалық арманым-журналист болу еді. Екі сала да шығармашылық жол. Сол себепті де, бір-бірін толықтыратын қызық мамандықтар еді. Журналистикаға оқуға түсу үшін көп еңбектендік. Аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда мақалалар жарияладық, бірқатарында тұрақты автор болдық. Осы салаға жетелеген анам Жеңіскүл Беркімбаеваға, оқуға түсуге себепші болған ұстаздарым Есей Жеңісұлы мен Сағатбек Медеубекұлына алғысымды білдіремін!

Аспанға атылған Алматының бұлттары

Тікұшақтан көрініс-Үлкен Алматы көлі

ТАУ ҰЛЫ

- Парақшаңызға көз жүгірткен адам сіздің табиғатты жан тәніңізбен сүйетініңізді бірден байқайды. Тау-тасты жиі аралайтын жиһанкез жансыз. Бүгінге дейін қанша тауды, қандай мекендерді фотосапармен аралап қайттыңыз? Есептеп көрдіңіз бе? Табиғатты таспалауда қандай қиындықтар туындайды?

- Адамның өзі табиғаттың бір бөлшегі. Қазақ дүниетанымының өзінде табиғат керемет суреттеледі. Ол аңыздарда, жырларда арқау болды. Қазақ халқы-табиғаттың тілін түсінді, сырын ұқты, өзара үйлесімде ғұмыр кешті. Ешқандай метоаспаптарсыз-ақ, күн райының жағдайын алдын-ала білді. Бұл қанда бар қасиет болғанымен, ұрпақ алмасып, жаһандану жүріп жатқан заманда, біз осындай болмысымыздан айырылып та қалғандай көрінеміз. Фотография саласында жұмыс істейтін, оның ішінде пейзаж тақырыбында фото түсіретін маман үшін, күн райының, жарықтың қасиеті ерекше маңызды. Табиғаттың тілін түсінген қазақ, фотографияның да осы жанрында өз көзқарасын көрсете алады деп ойлаймын. Сондықтан, өзіме жақын фотографияның осы жанрында аз да болса еңбек етіп, тау мен тасты, өзен мен көлді, шың мен құзды аралап фототүсіру ісімен айналысу ерекше шабыт сыйлайды. Қазақстанның табиғаты ерекше рельефті. Әлемнің түкпір-түкпірінде кездесетін табиғи жер бедерінің біршама кескіні, еліміздің ғажайып табиғатында қайталанады. Осындай табиғаты бай өлкенің азаматы бола отырып, қалайша көзге көрінген сұлулықты фотографияға алып келмей, шыдап отырасың?!

Осы фотографияның арқасында тауға шығу, құзға өрмелеу, шыңға көтерілу саяхаты менің өмірімде үлкен рөл ала бастады. Нақты қанша тауға, шыңға шыққанымды есептеп айта алмаймын, өйткені кейбір жылдары бір шыңның өзіне 10 шақты рет шыққан кездер болды. Өйткені, фотография сол, ең жақсы фотосурет үшін, кейде сол ракурсқа жылдап баруға, күтуге тура келеді. Мүмкін, сонысымен де табиғатты түсіру қызықты шығар?!

Іле, Күнгей, Жетісу, Теріскей Алатауына бағытталған бірнеше фотосапарларда болдым. Мәселен, Алматы төңірегіндегі теңіз деңгейінен үш, төрт мыңдық шыңдардың біразына шықтым. Сапарлардың өзі бір күндік, бірнеше күндік, апталық болып бөлінеді. Оған қоса, тікұшақпен көтерілген сапарлардың өзі бір төбе. Ендігі мақсат, осылардың барлығын жинақталып тұрған фотоальбомды оқырманға ұсынсам деген ниет бар. Ол әзірге қаржылық жағдаймен тоқтап тұр.

Мәңгілік мұз басқан Тянь-Шань таулары

Тауларға бұлт қонғанда... Іле Алатауы.

Кіші Алматы тау сілеміне кемпірқосақ түсіп тұр. Іле Алатауы.

"КҮШ - БІРЛІКТЕ"

- «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі жайлы айта кетсеңіз. Қалай, қашан, не мақсатта құрылды? Қазір қандай жұмыстар атқаруда?

- «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі – еліміздегі фото саласында жүрген қауымның басын құрайтын жалғыз бірлестік. Бірлестік коммерциялық емес ұйым болып табылады. Бірлестіктің құрылу мақсаты - Қазақстандағы фотосурет саласының халықаралық деңгейде дамуына үлес қосу, жас мамандарға  қолдау көрсету, фотоальбомдар шығару, фотокөрмелер, фотоконкурстар өткізу, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу,  фотосапараларға шығу, съезд, конференция, форум, фотожәрмеңке және де басқа шараларға қатысу, ұйымдастыру. Сондай-ақ, бірлестік мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық және заңды құқықтарын қорғау, бірлестік мүшелерінің заң шеңберінде тиімді қызмет етуіне мүмкіндік туғызу және шығармашылық идеялары кеңінен өріс алуы үшін қолдау көрсету, фотография саласын зерттейтін ғалымдар тобын қалыптастырып, атақты фотосуретшілердің туындыларын ғылыми негізде саралап, ғылыми-танымдық еңбектер шығару және т.б.

«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі-Әділет министрлігінен бір күнде заңды куәлігін алған емес. Оны алу үшін 5 жыл еңбек етті, ізденді, тырысты. Оның басы қасында болған ардагер фотожурналистер, БАҚ фотожурналистері мен бірлестік төрағасы ретінде Асылхан Әбдірайымұлының еңбегі зор. Бірлестік  2010 жылы, 5 жылды артқа тастап, заңды куәлігін алды. Сол уақыттан қазірге дейін өзінің жарғысы шеңберінде тиісті міндеттемелерді орындап келеді.

«Ұлтқа қызмет ету!» ұранымен жұмыс істейтін бірлестік төрағасы Асылхан Әбдірайымұлының қажырлы еңбегімен осы үш томдық фотошежірешілер туралы кітаптың шығуының өзі, отандық фотографияны ғылым көкжиегіне көтерді. Онымен қоса, Асылхан Әбдірайымұлының жеке және ұжымдық жазған жұмыстары да едәуір еңбек. Ғылыми еңбек шығаруда өзінің ғана емес, өзге авторларды да көтеріп, сол жолға сүйреп жүрген жанкештілігін де айтпай өтуге болмайды. Сондай-ақ, осы салада шәкірт тәрбиелеуде де үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Алғаш фотография мамандығын даярлау бойынша телеэкрандарға шығып бастама көтеріп, кейін ол Алматыдағы ЖОО қолдау табуының өзі де бірлестік жарғысындағы істердің тиімді жүргізілгенін көрсетеді. Оның сыртында, фотосаласындағы мамандардың ел ішіндегі фотосапарларға шығуын ұйымдастыру, олардың біліктілігін арттыру жағына жұмсалған уақыттың өзі қаншама? Осы тірліктердің аясына ұйысып, еңбек еткен әріптес аға-әпкелерге, інілерімізге де алғысым шексіз!

"Фотоөнер" бірлестігінің Кегенге фотосапары

Қарқара жайлауындағы Фотоөнерліктер

"ФОТОГРАФИЯҒА КӨЗҚАРАС ТӨМЕН"

- Жалпы журналистиканың бүгінгі кейпіне және фотожурналистика саласының дамуына берер бағаңыз қандай? Өзіңіз оқытып жүрген жастардан фототілшілікке қызығатын ізбасарларыңыз бар ма?

- Журналистикада, оның ішінде фотожурналистика саласында қызмет етіп жүрген мықты азаматтарымыз жетерлік. Мәселен, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, танымал фотожурналист, фотограф Мақсат Шағырбай ағамыз Ресейдің ең ірі көрме залында өзінің бірегей фотокөрмесін өткізгелі жатыр. Осыған дейін де Мақсат ағамыздың әлемнің мықты қалаларында қойылған жұмыстарын мақтанышпен айтуға болады. Ал арамызда Мақсаттай мақсаты биік қаншама әріптестеріміз тағы бар. Олардың медиа кеңістіктегі рөлі де сондай биік.

Қазақ тілді медиа кеңістікте фотожурналиске, фотографияға деген көзқарас төмен. Редакцияларда фотожурналист штаты аз және фототехникаға көңіл бөлмейді.  Тіпті, кейбір редакцияларда фотожурналист штаты болмауы да мүмкін. Болған күннің өзінде, мерзімді басылымда, сайттарда фотосуреттерді барынша жарқыратып бере алмайды. Біздегі басылымдарда фото емес, мәтін көп. Ал әлемде қалай еді? Бізде фото қажеттілігі туындаса, оны телефонға да түсіре салуға болады деген түсінік байқалады. Бұл қаржының жоқтығынан ба, әлде осы сала маманына, осы кәсіби салаға деген көзқарастың, деңгейдің болмағандығы ма, білмедім... Қазір фототехникалар қарқынды дамып жатыр. Ал әлемдік медиада мықты фотожурналист - мықты фототехникамен қамтамасыз етілген. Сондықтан, медианың бұл саласына жаңаша көзқарас қажет. Фототілшілікке қызығатын шәкірттер бар. Бірақ, көбінде техника алуға жағдайы болмайды, енді біріне бұл салада жұмыс табу қиын. Фототілшілік қызмет – бұл фотограф деген сөз емес, ол репортерлік шеберлік пен журналистік қабілетке ие маман. Сондықтан сапалы контентке қол жеткезгісі келетін медиа компания, фотографияға, фотожурналистикаға көңіл бөлуі маңызды.

Фотожурналистикада ұлтқа қызмет еткен қаншама ақсақалымыз бар. Сол көне көз қарттарымызды мемлекеттік марапатқа ұсыну керек. «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі осы бағытта тиісті жұмыстарды көтеріп жатқаны да қуантады. Өйткені, фотожурналистиканың абыздарына құрмет – біздің мерейімізді өсіреді.

- Фотожурналистикада бағыт-бағдар беріп, ұстаздық еткен кумиріңіз бар ма? Кімнен үлгі аласыз?

- Фотожурналистикаға жетелеген ұстазым – Асылхан Әбдірайымұлы. Ол кісіні «Жас алаш» газетінен «Асылханның фотосы» деген авторлық фотосуретінен танитынмын. Кейін ҚазҰУ-дың Журфагына оқуға түскенде ағамызбен танысып, қосымша сабақ алып, бірге түсірілімдерге шықтық. Бұл саладағы кәсіби тәжірибе осылай жалғасты. Асылхан ағадан фоторепортаж, деректі фото түсірудің асқан шеберлігін байқаймын. Ол кісі мерзімді басылымдарда ұзақ жыл жұмыс жасаған. Фотомұрағаты қаншама құнды фотосуреттерге бай. Әсіресе, ұлттың болмысын бейнелейтін, бай философиялық мәні бар туындылары үлкен бір еңбектің жүгі болатыны сөзсіз. Ал пейзаж, қала табиғатын фотоға түсіру бойынша Максим Золотухиннің суреттеріне қызықтым. Ол кісінің Алматы тақырыбындағы сұлу көріністері ерекше эстетикалық талғамға жол ашады.

"Фотоөнер" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы Қарқара жайлауында

Досжан Балабекұлы Күнгей Алатауында. Тоғызбұлақ. Фотоға түсірген-Айым Бахыбек.

НИЕТ ПЕН ТІЛЕК

- Жақсы фотограф болу талант па әлде тәжірибемен келетін қабілет пе? Жалпы Қазақстанда фотографтарға жасалған жағдай қаншалықты қанағаттанарлық деңгейде?

-Бұл көп жағдайда тәжірибемен қалыптасады. Тәжірибе адамды шыңдайды. Фотограф - еркін шығармашылықпен, кәсіби мақсатта жұмыс жасайтын сала өкілі. Ол өз жұмысын өзі құрастырады. Ал фотожурналист - ол медиа кеңістіктің өкілі. Ол өзіне ғана емес, қоғамға, елге, мемлекетке қызмет етеді. Ірілі ұсақты медиа алаңда фотожурналистерге барынша көңіл бөлінсе, олардың жұмыстарына мән беріп, көрмелерін ұйымдастырып, фотокітаптарын шығаруына жағдай жасаса, ірі жобаларға аккредетацияланса, материалдық-техникалық мүмкіншіліктерін көтерсе, бұл шын шығармашылық шабыт сыйлайды. Мәселен, елімізде мемлекеттік тапсырыспен ақын-жазушылардың, ғылым саласы өкілдерінің еңбектерін шығарады, дәл сондай бағытта фотожурналистердің фотоальбомын шығару жағын неге қоспасқа?

- Тілшіліктен басталған мансабыңыз қазір докторлықпен жалғасын тапты. Қазір қайда жұмыс істеп жатырсыз? Алда қандай жобалар, жоспарлар ойыңызда?

-Қазіргі басты жұмысым оқытушылық қызмет. Дәріс оқимын, семинар жүргіземін. Сондықтан, фотографиямен айналысуға кейде қол тимей жатады. Дегенмен, бос уақыт кезін осы іске арнаймын. Алда әңгіме барысында айтқанымдай, фотоальбомымды жарыққа шығару жоспары бар.

-Сұхбатыңызға рақмет!

 

Дина Литпин

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер