Тәуелсіз толқын. Түркі әлемінен оқырман іздеген әдеби агент

409
Adyrna.kz Telegram

Қазақ тіліндегі шығармалардың түркі тілдеріне, түркі тілдеріндегі кітаптардың қазақ тіліне аударылып, жарыққа шығуына ұйытқы болып жүрген әдеби агент өз жұмысының кейбір қыр-сырымен бөліседі.

Қазақ әдебиетінің өзге тілдерге аударылуы, немесе басқа елдер әдебиетінің қазақ тіліне тәржімалануы – назарға көп шалына бермейтін саланың бірі. Бұл үшін авторлар не істей алады, нені ескеру керек, мәпелеген шығармасы басқа тілде де ойдағыдай сөйлеп кете ме, оқырман жүрегіне жетудің сыры неде? Бұл туралы ақын, әдеби агент Саят Қамшыгер өз сұхбатында тарқатып айтып берді.

- Әдеби агент қандай қызмет көрсетеді?

- Автор, баспа және оқырманның арасында байланыс орнату. Автормен сөйлесіп, келісіп автордың шығармасын баспаға апарып шығарып, оны оқырмандарға ұсыну. Біздің қазақ оқырмандарына ғана емес, өзге тілдегі оқырмандарға ұсына білу де осы халықаралық агенттің жұмысы. Авторды таңдауда, баспаны таңдауда және оқырмандарға шығу да оңай емес. Соны ақырындап қолға алып жатқан жайымыз бар. Менің негізгі мақсатым – түркі тілдес халықтардың оқырмандарына біздің қазақтың мықты қаламгерлерін таныту, кітаптарын шығару, оқырмандарына оқыту. Ал сол түркі тілдес халықтардың ең үздік кітаптарын қазақ халқына таныту.

- Қызметіңіз үшін қандай комиссия аласыз?

- Қазірше менің әдеби агенттік қызметім – автордың өзінен комиссия алу. Әзірге осымен жұмыс істеп отырмын. Болашақта жұмысты басқаша үйлестіруді қарастырып жатырмын. Демеушілер арқылы немесе баспамен келісу арқылы.
Бірақ қазірше автордың келісуімен жұмыс жүргізіп жатырмын. Мысалы қазақтың қаламгерімен сөйлесем. Оған айтамын: «Осындай тілге аударғыңыз келсе, осыншама көлемде маған беріңіз. Әрі қарай мен өзім жолын табамын» деп. Бұндай ақшаны автордан алмасам, басқа елдің баспалары маған ақша төлемейді. Өйткені кітаптың өтуі, өтпеуі де бар.
Жұмыс енді басталғандықтан қазақ жазушылары мен ақындарының кітаптарының мықты екенін әлі көрсете алмай келеміз. Егер де кітап жақсы өтіп, оқырман саны көбейсе, онда баспамен келісіп содан ақша алып отырамын. Бұл тұста автордан тиын да алмаймын.
Өкінішке қарай өзге елдің баспасына біздің кітаптардың өтіп кететінін дәлелдей алмағандықтан, жақсы жазатын авторлармен келісуге тырысып жатырмын. Тағы бір мәселе – жақсы жазатын жазушының маған төлейтін ақшасы болмауы мүмкін. Ақшасы бар жазушы – талантты емес, жай ортанқол дүниелер жазуы мүмкін. Осындай да проблемалар бар. Мен әрі жақсы жазатын, әрі комиссияны қиналмай төлей алатын жазушыларды іздеймін.

- Сіз қандай авторлармен жұмыс істейсіз және олардың нәтижелері қандай?

- Осы уақытқа дейін мен қазақтың 20 ақынының 10 өлеңін қырғыз тіліне аудартып, оны «Қазіргі қазақ поэзиясы» деген антология шығартқан жайым бар. Олардың да 20 ақынын қазақ тіліне аударып, әрі оған өзім де ат салыстым, әрі ұйымдастырушысы болдым, әрі құрастырушысы болдым. «Қазіргі қырғыз поэзиясы» деген атпен Қазақстаннан шығардық. Ол кітаптардың тұсаукесерлерін Бішкекте, Астанада, Алматыда, Талдықорғанда өткіздік. Қырғыз ақындарын өзімізге шақырып, кейін қазақ ақындары да Қырғызстанға барды.
Содан кейін «Қазіргі татар әңгімелері» деген жинақ шығардық. Татардың 36 жазушысының бір-бір әңгімесін қазақ тіліне аудардым. Татарлар да біздің 33 ақынымыздың өлеңдерін аударып шықты. Оны «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» деген атпен жарыққа шығарды. Өткен айда Қазанға бардым. Сол жақта Татарстан жазушылар одағында осы кітаптардың тұсаукесері болды.
Біздің қаламгерлерден Нұрлан Оразалин, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Ғалым Жайлыбай, Ұлықбек Есдаулет, Темірхан Медетбек, Гұлнар Салықбаева бастаған мемлекеттік сыйлық иелерінің шығармалары аударылды. Осы шоғырдың ішінде орта буындағы ақындар да бар, жастар да болды. Қазақстанның барлық өңірінен шыққан ақындар қамтылды. Жігіттер ғана емес, ақын қыздарымыз туындылары да тасада қалған жоқ.
2020 жылы пандемия кезінде Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер» деген кітабын оқып шықтым. Сөйтіп ол маған қатты ұнады. «Мөлдірбұлақ» дейтін балалар журналында жұмыс істеп жүрген кезім. Сөйтіп жас тілшілермен онлайн талқыладық. Ол кітапты мен басқа тілдерге аударуға ой кетті. Автормен сөйлесіп, жарнасын алып оны қырғыз тіліне аударттым және қырғыз тілінде аударылған сол кітаптың тұсаукесерін жасап Сәуле Досжановамен бірге Бішкекке барып оқырымандармен кездесіп қайттық.
Кейін бұл кітапты якут тіліне аудартып, мемлекеттік баспасынан шығартып және Якутияда да кітаптың тұсаукесері болды, алайда оған бара алмадық. Кейін Алматыда өткен «мәдениет күндерінің» Ұлттық кітапханада өткен үлкен жиынында – сол кітаптың тұсауын кестік. Одан кейін бұл кітапты башқұрт тіліне аударттым. Ол екі рет «Шонкар» (Сұңқар) деген жастар журналында жарияланды. Осы жылдың аяғына дейін кітап болып жарық көреді.
Қазір «Ауылдан шыққан миллионер» кітабын әзербайжан тіліне аудартып жатырмын. Қазақ қаламгерін түркі тілдес халықтар таныса, оқыса деген ниетпен осы жұмыстарды істеп жатырмын.

- Жариялау процесі шамамен қанша уақыт алады?

- Жариялау процесі газет-журналдарда 2-3 ай жүреді. Ал кітап шығару үшін шамамен бір жыл керек. Одан да көп уақыт алуы мүмкін. Өйткені кітап сапалы аударылуы керек. Редакциялауға да едәуір уақыт қажет.

- Қандай баспалармен жұмыс істейсіз?

- Қазақстанда жұмыс істейтін баспаларым – «Самға» баспасы, «Мазмұнадама» баспасы, «Атамұра» баспасы. Одан кейін «KitapAll» кітап дүкені мен «Қазына» кітап дүкенімен жұмыс істеймін. Қазірше осылардан кітап шығарып жатырмын. Өзге елден баспалар өте көп. Татарстан, Башқұртстан, Якутия, Қырғызстан елдеріндегі баспалармен тығыз жұмыс істеймін.
- Сіздің маркетингтік стратегияңыздың артықшылықтары қандай?
- Менің жұмысымның бір ерекшелігі – көп оқылған кітаптармен, сұранысқа сай кітаптармен жұмыс істеуімде және ол біздің қазақтың қаламгерлерінің ешқандай басын ауыртпай маған кітабын тапсырса, кітабының дұрыс аударылуына жауап берем, кітаптың сапалы шығуына жауап беремін. Сондай-ақ кітаптың тұсаукесерін өткізуді де өз мойныма аламын. Нақты кітапты оқитын оқырманға кітаптың жетуін қадағалаймын.

- Сұхбатыңызға рақмет.

Ислам Аден

Пікірлер