Тәуелсіз толқын. Ауыл баласына көмек ниетінен басталған ірі жоба

4193
Adyrna.kz Telegram

ҰБТ-ға дайындайтын оқу орталығының негізін қалаған Жұлдызай Мұсаева білім саласындағы кемшіліктерді айтып, оқу жүйесін дамыту жайындағы ойларымен бөліседі.

Жаз айы басталса болды, мектеп бітіруші түлектер жоғарғы оқу орнын таңдайды. Елімізде қалаған жоғарғы оқу орнында тегін білім алуға болады, алайда бәрі де түлектердің қорқынышты түсіне айналған ҰБТ-дан алған балыңа қарай шешіледі. Осы күні ҰБТ-ға дайындайтын курстардың ішінде озығы атанған JUZ40 білім беру орталығының басшысы Жұлдызай Мұсаева біраз жанның ЖОО-да тегін білім алуына себепші болып отыр.

 - Бала кездегі арманыңыз – жазушы болу. Ал қазір неліктен бала арманыңызды орындамасқа? Мысалы бизнес туралы кітап шығарып, болмаса филологияны бітіргеннен кейін әдеби шығарма неге жазып көрмеске? Ондай дүние ойда бар ма?

- Бала кезден жазушы болғым келгені рас. Қазір де ол арманым жүрегімнен өшкен жоқ. Менің ойымша, кітап жазу үшін оған лайықты болу керек. Қазіргі жетістігім біреуге күшті болуы мүмкін, бірақ өзім үшін әлі айтарлықтай жетістікке жетпедім. Алға қойған біршама мақсаттарым орындалған соң, компаниядағы жұмыстарым жүйеленгеннен кейін, бұйырса, уақытымды кітап жазуға арнағым келеді. Ең бірінші кітабым – қазіргі кәсібім туралы болады деп ойлаймын. Оны 2 жылдың ішінде жазуым мүмкін. Өзімнің еңбек жолым туралы кітап кемінде 5 жылда жазылатын шығар. Ал әдеби шығармаларды, бұйырса, зейнетке шыққанда жазатын шығармын.

- Сіздің бизнесіңіз білім саласымен байланысты, жалпы не үшін бұндай шешім қабылдадыңыз?

 - 3 сыныптан бастап мұғалімдерім, директор ағайым шығарма жазуға қабілетімді байқады. Әдебиетті жақсы көргендіктен, жазушы, редактор болу, газет-журналда жұмыс істеу деген арман-мақсатым бар еді. Ал мұның бәрі білім саласына қатысты болғандықтан, сол салада жүрем деп шештім. 11 сыныпта ҰБТ маған ауыр соққы болып, ойымдағыдай тапсырмадым. Өзге оқушылар өздерін мен сияқты сезінбеуі үшін «ауылдық балаларға көмектесем» деген ниетпен курс ашуға бел будым. Сөйтіп 4 курста оқу орталығын ашқым келеді деген нақты мақсат пайда болды. Бастапқыда онлайнның масштабына қатты сене қоймадым, бірақ карантин кезі көп нәрсені өзгертті. Кейін курсымның мәртебесі артқан сайын, мектеп, университет ашу деген мақсаттар пайда болды. Жалпы Қазақстанның білім саласында экосистема құрып, дамытамын деген мақсат пайда болды. Өйткені елді дамытқымыз келсе, бірінші білімнен бастауымыз керек. Ал білімнің қасында тәрбие сөзсіз жүруі қажет.

- Кей мамандықтарға түсу үшін оқушылар шығармашылық емтихан тапсырады. Ал сіздер ондай оқушыларды тек қана тарихтан дайындайсыздар. Неліктен компанияда шығармашылық емтиханға дайындалатын мүмкіндік жоқ? Алдағы уақытта бұл мәселені шешу жоспарда бар ма?

 - Бұл мәселені қарастырып көрдік. Шығармашылық емтиханға дайындықты толық қамту үшін біз оффлайн курс ашуымыз керек. Дайындықтың кей бөлігін онлайн өтуге болады, енді бір бөлігі оффлайн ғана жүзеге асады. Бәрі ортақ бір жүйеге келмегендіктен, әзір басты жоспарымызға енгізбедік. Өйткені шығармашылық тапсыратын оқушылардың көбі ауылдық аймақтан болғандықтан, олар оффлайнға қатыса алмайды. Демек оффлайн болсақ, аз ғана оқушыны қамтимыз. Ал бізде оқып жатқан барлық оқушыны бірдей қамту үшін онлайн форматта жасауымыз керек. Бұл мәселеге әлі де ойланамыз. Бәлкім, онлайн оқытуға келетін дүниелерді алдағы уақытта дайындайтын шығармыз.

 - Осы салада жүргеніңізге биыл 6 жыл. Осы 6 жыл ішінде қандай кедергілермен жолықтыңыз?

 - Әр жылдың өз қызығы мен қиындығы қатар болды. Мына жыл қаттырақ ауыр болды дей алмаймын. Компания өскен сайын проблема да өсе бастады. Қиындықсыз, проблемасыз ешқандай нәтиже болмайды.

ТОП-3 қиындықтың біріншісі – дұрыс команда жинау. Оларды бір миссия мен мақсатқа біріктіру үшін 1 жыл уақытым кетті. Команданың көбі жастардан құралғандықтан, кейде түсінбей қалып жатты. Енді бірде жұмыстары сабақ уақытымен қатар келіп, үлгермей «выгораниеге» де ұшырады. Қазір мұндай мәселенің бәрі шешіліп жатыр.

Екінші қиындық – платформа жасау. IT платформасы бастапқыда өзіміз ойлағандай болмады. Ақаулар шығып, оқушылардан наразылық туды.

Үшінші қиындық – финансқа қатысты аздаған мәселе. Қаржылай жоспар құрсақ та, жыл соңында ол орындалмай қалды. Сату менеджерлері зиянға ұшырап, кішкене қаражат жетіспей қалды. Бұл мәселені таныс кісіден қарыз алып шешкен едік.

- Жаз мезгілінде инстаграм аккаунттарыңызға өздеріңіздің өзге курстарға өкпе-наз ретінде видео жарияладыңыздар. Нақты «мына курс» деп айтпасаңыз да, сол кезде басқа курстарға қандай ренішіңіз болды және қандай ренішіңіз бар? Сол туралы тарқатып өтсеңіз.

- Негізі аса қатты реніш болған жоқ. Ешкіммен жауласқымыз келмейді. Барлық конкурентке жақсы көзқарастамыз. Дегенмен кейбірінің тым артық кетіп қалатын кездері болады. Конкуренттер біздің чаттарға қосылып, клиенттердің нөмірін алып, оларға хабарласса да үндемейтінбіз. Бірақ хабарласып қана қоймай, бізді клиентке жамандаған кезде бұл мәселені шешу керегін түсіндік. Клиенттерді ала берсін, курстарын ұсына берсін, алайда біздің курсқа тіл тигізіп, қате ақпараттар айтып сатуы дұрыс емес деп ойлаймын. Сондықтан бұл мәселені видео форматында жариялап, нүктесін қояйық деп шешкенбіз. Сол видеодан кейін мұндай жағдай орын алған жоқ.

- Сізде тағы ағылшын курсы бар екенін естідім. Ол да ағылшын курстары бойынша сондай жоғары дәрежеде ме, әлде «әлі де істеу керек» дейтін кем-кетік тұстары бар ма?

 - Ағылшын курсымызды бөлек компания ретінде арнайы фокус қойып жұмыс істеп келе жатқанына 1 жарым жылдай болды. Ал негізі нарықта 4 жылдан бері келе жатыр. Алғашқы 3 жыл дұрыс фокус қоя алмай, арасында үзіліс алып, үлгермей жүрдім. Бастапқыда өзіміздің оқушыларға қосымша білім беру мақсатында ғана ашқан едім. Соңғы 1 жарым жылда басқа да клиенттерді оқытып бастайық деген ниетпен бөлек команда құрып, басшысын тағайындадық. Басында методика, материалдарға қатысты қателіктеріміз болды. Қазір құдайға шүкір, жақсы нәтижелер шығып жатыр.

- «Министрліктің шешімімен ҰБТ-ны мүлдем алып тастайды» деген қорқыныш жоқ па? Егер сондай жағдай болып қалған кезде, компанияңызға не болады деп ойлайсыз?

 - ҰБТ-ны мүлде алып тастайды деп қорықпаймын. Мүлде алып тастайды деп те ойламаймын. Тек форматы, құрылымы, мазмұны өзгеретін шығар. Университетке түсу үшін бәрібір бір тест керек. Сол тестке дайындаймыз деп ойлаймын. Бірақ біз ҰБТ-мен ғана шектелмей, алдағы уақытта мектеп, университет те ашқымыз келеді. Қазір жаңа жобалар жасап жатырмыз. Мысалы, бізде оқып кеткен студенттердің білікті маман ретінде қалыптастуына көмектесу үшін бір жоба, ал мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында тағы бір жоба ашып жатырмыз. Сонымен қатар бізді бітіріп кеткен түлектердің жиналып, дамитын қауымдастығын құрып жатырмыз. Студенттерге IT курс жасау да жоспарымызда бар. Жалпы студенттердің білікті маман болып қалыптасуы үшін JUZ40 UNIVERSITY аясында бірнеше жобаны жүзеге асырғымыз келеді. Бұйырса, келер жылы мектеп ашамыз.

Алдағы уақытта КТЛ, НИШ-қа дайындық курсын бастап, шетелге оқуға түсіру бойынша да жұмыс істейтін шығармыз. Білім нарығына бойлай еніп, экосистема құру арқылы Қазақстанның білім саласын дамытқымыз келеді.

- Инстаграм желісіндегі жеке аккаунтыңызда «жеке мектеп ашу» туралы жоспарыңыздың барын байқаттыңыз. Осы туралы тарқатып айта кетсеңіз Қашан ашылады, қалай болады?

 - Жерін, орнын тауып қойдық. Бұйырса, қараша айында нақты келісім жүреді деп ойлаймын. Мүмкін көктемнен бастап мектептің құрылысы басталатын шығар. Келер жылға үлгерсек, 10-11 сыныпқа high school ашамыз деп отырмыз. Үлгермей жатсақ, одан кейінгі жылы бірден 7-11 сыныпқа ашуымыз мүмкін. Бұйырса, мектептің біріншісі – Алматыда, екіншісі – Астанада, үшіншісі Ақтау не Тараздан ашылатын шығар.

 - 10 жылдан кейін өз компанияңызды қалай елестетесіз?

 - 10 жылдан кейін үлкен холдинг ретінде елестетем. Білім саласында әр түрлі жобаларды біріктіріп, экосистема құрған ең алпауыт жобалардың бастаушысы ретінде көрем.

- Сұхбатыңызға рахмет!

 

Ислам Аден

Пікірлер