Тәуелсіз толқын. Ерінбеген етікші Самғау

1260
Adyrna.kz Telegram

Жоғары оқу орнына түсе алмай қалған сәтсіз оқиғадан кейін бастаған кәсібі нәсібіне айналған Самғау Нәсіпханұлы етікшілік өнердің қыр-сыры жайындағы ойларымен бөліседі.

Құстар тізбегі жылы жаққа қайтып, күз келді. Еліміздің солтүстік аймақтарында қар жауып, жұрттар ақ қарды төсек етіп жүрсе, оңтүстік аймақта да жағдай мәз болмай, бұлттар мұңайып, жасын төгіп жатыр. Күннің суығында жылы киімнен бөлек, аяғыңызға жылы аяқ киім алғаныңыз да абзал. «Аяқ киім» демекші ұлттық брендте тігілген аяқ киімдер туралы естімеген ел де көп. Самғау Нәсіпханұлы – Алтайдан атажұртқа келіп, осы күні етік саласына үлес қосып отырған тұлғалардың бірі.

 - Самғау мырза, жалпы осы салаға қалай келдіңіз? Не түрткі, не себепші болды, неге етік саласы?

 - Осы салаға 2010-11 жылдары келдім. Біздің аталарымыз етікші болған сол кісілер себепші болды. Одан кейін тесттен өтпей қалғаным тағы бар, өзіміздің ата кәсібімізді бастауға тура келді. Негізі осы кәсіпке тесттен өтпей қалуым тікелей себепші болды Жоғарғы оқу орнына түсе алмадым. Содан кейін осы ата кәсіпті бастауды жөн көрдім.

 - Осы кәсіпті жүргізу кезінде қандай қызықтар, қандай қиыншылықтар басыңыздан өтті?

 - Аяқ киім кәсібіне келгелі 14 жылдан аса уақыт болыпты, қиындығы – мына нәрсе ғой, туфлиді тігу өнері – ол 10 мың сағат арнау керек деген сияқты ол – бөлек өнер. Кроссовка тігу бөлек, әйелдер аяқ киімін тігу ол – бөлек өнер. Ол жерде дизайн бар, ол жерде математика бар, ол жерде геометрия бар, ол жерде сызу сабақтары бар. Осының барлығын жинап болдым деген кезде, енді алдыңыздан терінің дүниелері шығады.

Ондайда технолог болуыңыз керек.

Қандай тері, қандай желім, қандай табан және оның құрамын анықтау керек. Ол оның ішінде қыстық және жаздық болып бөлінеді. Осының барлығынан өткен кезде алдыңыздан сату мәселесі кездеседі, алдыңыздан адам басқару, маркетинг ісі кездеседі.

Сайып келгенде, өндіріспен айналысу деген – үлкен жұмыс екен. Оның өз қызығы мен қиындығы бар.

 - Егер де етік кәсібін бастау мүлдем ойыңызға келмегенде, қазір Самғау кім болар еді?

- Етік тігу кәсібін мен бастамаған кезде инженер болып, көлік жасау саласында жұмыс істеймін бе деп ойлаймын. Бәлкім суретші болатын ба едім деймін. Тіпті болмаса, спортшы болар едім. Мен көбірек сол жақтарда көп дайындалдым, көп жүгірдім. Спортқа жақын болдым.

 - Шығарып отырған тауарларыңызды жұрт қымбатсынатынын байқадым. Ол  адамдарға не айтасыз?

 - Жоқ, біздің шығарып отырған аяқ киімдеріміз қымбат емес. Қолжетімді бағада, 5 мың мен 30 немесе 35 мың теңге арасында. Ол қолжетімді деп ойлаймын. Ешқандай қымбат емес, керісінше біз осыны арзандату жағын ойлап жүрміз.

 - Қазақстандағы аяқ киім өндірісін қалай бағалайсыз?

- Қазақстандағы аяқ киім шығару өндірісі «катастрофа»,  сондай бір қиын жағдайда. 1-2 пайыз да қамтамасыз ете алмаймыз, сырттан нақты, ресми тіркелген статистика бойынша 60 млн шамасында аяқ киім келеді. Тіркелмегені қаншама?!

Өзбекстанның өзінен бір жылда 4,5 млн жұп аяқ киім келеді. Бізде өндірісті кластер қылып жасауға назар аудармайды, мемлекет қолдап отырған жоқ. Ол бір жамандағаным емес, жай ғана кемшілігін айтып жатырмын. Егер де осы кемшілікке маған «кірпіш бол» десе, оған да мен дайынмын.

– Сіз туралы фактілерден президентке туфли тігіп сыйға тартқаныңызды естідім, сол туралы айта кетсеңіз...

Мен ешқандай да президентке туфли тігіп сыйға тартқан емеспін. Мен сол кісінің туфлилерін, аяқ киімдерін тігемін. Мен бұл туралы нақты, тереңірек айта алмаймын. Себебі арада келісімдер бар.

– Сіздің шығарып жүрген товарларыңыз брендке айналғаны байқалады. Қарапайым халықтан бөлек клиенттеріңіздің арасында басқа да белгілі адамдар бар сияқты...

Мен жаңадан қалыптасқан кезінде Димаш Құдайбергеновтің концерттік аяқ киімдерін тіктім. Одан басқа қоғам қайраткерлері бар, Досымжан Таңатаров, Бекболат Тілеуханов ағаларымыз бар, Төреғали Төреәлі, Заттыбек Көпбосынұлы жалпы айтқанда әншілер мен жұлдыздардың біразы киді десем де болады. Жалпы Қазақстанның ұлттық киім үлгісіне бір кісідей үлес қостым деп айта аламын. Алғаш қалыптасқанымызда Балғынбек Имашов тәрізді ағаларымыз біздің етікті киіп жүрді.  «Ұлттық аяқ киім» десе, қазақтілді аудитория біздің шеберханамызды атай алады.

 - Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!

 

Ислам Әден

Пікірлер