Тоқаев Әзербайжан мен Арменияның Алматыда өткізетін келіссөздеріне қатысты ойын айтты

947
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда өтетін Әзербайжан мен Армения арасындағы келіссөз туралы айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Президент Әзербайжан мен Армения арасындағы келіссөздің Алматыда өтуінде символдық мән барын тілге тиек етті:

“Қазақстан тарапының ұсынысы бойынша Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісімге дайындық жүргізу мақсатында екі елдің сыртқы істер министрлерінің келіссөзін өткізу туралы өзара келісімге келгенін құптаймын. Бұл маңызды шараның Алматыда ұйымдастырылуының символдық мәні бар. Өйткені 1991 жылы желтоқсан айында ТМД елдерінің тәуелсіз дамуына негіз қалаған және мемлекетаралық шекараны анықтау қағидаларын бекіткен тарихи құжатқа – Алматы декларациясына қол қойылған еді”, – деді Тоқаев.

Тоқаевтың айтуынша, екі ел арасындағы кездесу әзербайжан-армян уағдаластығының нақты жүзеге асуына жол ашады. Жуық арада Оңтүстік Кавказда тұрақты әрі ұзақмерзімді бейбітшіліктің орнауына ықпал етеді дейді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Әзербайжан мен Арменияның сыртқы істер министрлері бейбіт келісім бойынша келіссөздерді жалғастыру үшін Алматыда кездесетіні туралы жазған едік.

Пікірлер