Жақияновты жақтап, «Адырнаны» алалаған эмоция. Адам құқығы бюросының сиқы осы ма?!

3032
Adyrna.kz Telegram

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы белгілі саясаткер, қазіргі кәсіпкер Ғалымжан Жақияновтың арызы бойынша жүргізілген сот процессінде шығарылған шешім туралы пікір білдірді. Арасында эмоциялық сарын байқалатын мұндай көзқарас адам құқығының жанашыры болуға тиісті халықаралық ұйымның бет-беделіне көлеңке түсіруі мүмкін. Қазір көрші елдерде адам құқығын қорғайтын және сөз бостандығын жоқтайтын үкіметтік емес ұйымдарға қысым ұлғайғанда әйгілі бюроның мұндай қадамға баруы жұмсартып айтқанда, мүлде қисынсыз.  

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы Ғалымжан Жақияновтың арызы бойынша жүргізілген сот шешімін «Жақияновтың ар-намысын қорғауы» ретінде бағалады. Сол ретте бюроның ресми сайтында бүгін, 6 наурызда «Жақиянов ар намысын қорғап шықты» деген мәлімдеме жарияланды.

Бұдан алдын Алматы қаласы Алатау аудандық сотында Ғалымжан Жақияновтың “Адырна” ұлттық порталы мен Төлен Тоқтасыновтың үстінен берген шағымы бойынша азаматтық істің шешімі жария етілген еді.  4 наурызда жарияланған сот қорытындысы “Адырна” ұлттық порталының YouTube арнасындағы сұхбатты өшіруге және ондағы деректерді жоққа шығару туралы шешім шығарды. Ал Төлен Тоқтасыновқа 200 мың теңге төлеуді жүктеді және Ғалымжан Жақияновтың “Адырнаға” қойған қаржылық талаптары негізсіз деп танылды. Тарата айтқанда, Жақиянов бұл сұхбатты көргеннен кейін, шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат бар деп шешіп, Тоқтасыновтан оны жоққа шығаруын, ал “Адырна” журналистерінен видеоматериалды өшіруін, одан кешірім сұрауын, сондай-ақ, жауапкерлердің әрқайсысынан моральдық шығын ретінде 1 миллион теңге талап еткен. Оны сот негізсіз деп таныды.

Осы мәселеге орай Адам құқығы жөніндегі бюроның эмоциялық сарында мәлімдеме жариялауы таңғаларлық оқиға болғаны жасырын емес.

«Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Павлодар облысының бұрыңғы әкімі Ғалымжан Жақиянов ар-намысын сотта қорғап шықты. Кейбір ақпарат құралдары түрлі құйтырқы себептермен «Жақиянов сөз бостандығына қарсы шықты», «экс-әкім журналистерді сотқа берді» деп жерден жеті қоян тапқандай жалған сөзді жаппай таратып жатқаны мәлім. Сондағы таққан айыптарыҒалымжан Жақиянов «Адырна» порталын сотқа берді, осылайша журналистерді қудалап жатыр-мыс дегісі келеді. Ал шын мәнінде жағдай мүлдем басқаша екенін соттың шешімінен анық көруге болады. Алатау аудандық сотының қаулысына сәйкес, Жақияновтың бұрынғы бизнес әріптесі Мәжілістің экс-депутаты Төлен Тоқтасыновтың «Адырна» порталында айтқан уәжі мен сөзі жалған болып шықты»,- деп басталады Адам құқығы бюросының осы мәлімдемесі.

Бюро Жақиянов шағымын толық айтпайды.

«Одан бөлек Тоқтасыновтың «Адырна» порталына берген сұхбатында келтірілген біраз сөздердің өтірік екенін, ақиқаттан алшақ жатқанын сот ресми түрде растады. Оның барлығын Жақиянов құр сөзбен емес, нақты мәліметтермен, құжаттармен және куәгерлердің деректерімен дәлелдеп шықты. Енді Алатау аудандық сотының қаулысына сәйкес, «Адырна» порталы Youtube желісінде жарияланған Тоқтасыновпен сұхбатты өшіруі керек, ал экс-депутат өзінің жалған сөйлегенін мойындап, бейне үндеу жариялауы тиіс. Одан бөлек, Тоқтасынов бірқатар сот шығындарын да өтеуі тиіс»,- делінген Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының мәлімдемесінде.

Бюро бұдан кейін сөз бостандығына қысым жасалмағанын сенімді түрде атап көрсетеді.

«Ал енді бұл жағдайдан журналистерді қудалауды біз көріп тұрған жоқпыз. Біріншіден, Тоқтасыновқа өз шындығын жеткізуге ашық сот процесінде мүмкіндік берілді. Бірақ, нақты құжаттарды, дәлелдерді экс-депутат көрсете алған жоқ. Екіншіден, «Адырна» порталына ешқандай да қысым жасалған жоқ. Одан ондаған миллион өтемақы талап еткен Жақиянов болды ма? Билік бір кездері оппозициялық басылымдарды ондаған, тіпті жүздеген миллион өтемақы төлеуге мәжбүрлеп, сол арқылы жауып тынатын. «Адырна» порталы Жақияновқа бір тиын да төлеуге міндетті емес. Бар болғаныжарияланған материалды өшіруі тиіс. Себебі, келтірілген мәліметтер жалған, шындыққа жанаспайды. Үшіншіден, Жақиянов журналистерге қысым көрсететіндей құзіреті бар жоғары лауазымды шенеунік па еді? Жоқ, әрине. Оның биліктен кеткеніне 23 жыл болғанын жұрт біледі. Оған билік лауазым бермек түгілі, біраз жыл қудалауға салды, түрмеге отырғызды»,- дейді Адам құқығы бюросы Жақияновтың біржақты түрде хақ-құқығын жоқтап.

Бюро мұнымен шектелмейді. Өз дегенін одан әрмен шегелей түседі.

«Қазір белгілі кәсіпкер, тәуелсіз қоғам қайраткер екені баршаға аян. Жақияновтың ешқандай да әкімшілік ресурстары жоқ. Олай болса, ол «Адырна» журналистеріне қандай қысым көрсете алады? Бұл тіпті миға қонбайтын сөз ғой! Төртіншіден, Жақиянов Тоқтасынов пен «Адырнаны» сотқа берсе, демек, өзінің ар-намысын, беделін қорғауға дайын, ақиқат өзінің жағында екеніне сенімді деген сөз. Жасыратыны болса, жалған сөйлесе, олармен соттасар ма еді? Жоқ, әрине. Демек, айтар аргументі де, келтірер уәжі де жеткілікті дегенді білдіреді. Азамат ретінде, белгілі қайраткер ретінде өзінің ар-намысын заңды жолмен қорғауға толық құқығы бар емес пе? Айтпақшы, бұл Төлен Тоқтасыновтың соттағы алғашқы жеңілісі емес. Оған былтыр да жала жабу ісі бойынша әкімшілік сот оны айыпты деп таныған еді. Алматы соты ол кезде былай деп жазды:«Т.М.Тохтасынов 2023 жылы 2 қаңтарда «Youtube» əлеуметтік телекоммуникация желісін пайдалана отырып, жарық көрген «Adyrna Ulttyq Portaly» сұхбат беру барысында адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптау мен жəбірленуші Г.Б. Жакияновтың беделін түсіретін көрінеу жалған мəліметтер таратқан».

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының қызбалықпен жасалған мәлімдемесі одан әрмен былай жалғасқан.

«Біздің елде әділ сот жоқ, оның шешіміне қалай сенеміз?» деп сұрақ қоюыңыз да мүмкін. Әрине, саяси тапсырыс болған жерде сот әділдік қағидасына емес, биліктің бұйрығына бағынып жатады. Бірақ, қазір Жақиянов та, Тоқтасынов та билікте емес. Бар гәп, біздің ойымызша, Тоқтасынов ақпарат кеңістігіне шығып, бұрынғы серігін қаралап, сол арқылы Жақияновқа қысым көрсетуге бекінуінде болған сияқты. Бірақ, Ғалымжан Жақиянов оған көнбеді. Өзінің ақ екенін толық дәлелдеп шықты. Бір айта кетерлігі, Алатау аудандық сотының қаулысына әлі апелляциялық шағым түсіруге болады. Алматы қалалық сотында қаралатын процесті біз де қадағалаймыз»,- деген пікірлерге қарап, бұл мәлімдемеден субъективті сарын байқайсыз.

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының бұл мәлімдемесін осы күйде қабылдасақ, бюроның жұмысы құқық бұзушылықты бағалау емес, белгілі бір тұлғаларды жақтау ма деген ойға келесің.

Бәлкім, бюро басшылығы қазақша жарияланған бұл мәлімдемеден әзірге хабарсыз да шығар.

Не болса да, әзірге бір қайнауы кем мұндай мәлімдеме адам құқығын қорғайды, сөз еркіндігі мен баспасөз бостандығына жанашыр болады деген халықаралық ұйымның Қазақстандағы беделі мен репутациясына көлеңке түсіретінін айтумен ғана шектелеміз.

Арман Әубәкір

«Адырна» ұлттық порталының негізін қалаушы

 

Пікірлер