Өзбекстанның саяси сахнасында маңызды кадрлық ауыс-түйістер орын алуда. Бұрын Президент Әкімшілігінің басшысы болған Зайнилобиддин Низомиддинов енді Ташкент облысындағы Бекабад ауданының хокимі қызметіне кірісті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы облыс әкімшілігінің баспасөз қызметіне сілтеп.
Ауданның жаңа басшысын таныстыру сәтінде Ташкент облысының әкімі Зойир Мирзаев Бекабадтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің төмендігін ашық атап өтті. Аудан қызмет көрсету көлемі, бюджет кірістері және инвестиция тарту бойынша өңірде соңғы орында тұр.
Бұған дейін осы қызметті атқарған Шухрат Дустбеков қызметінен босатылды, ал Низомиддиновтың кандидатурасы аудандық халық депутаттары кеңесінің кезектен тыс сессиясында мақұлданды.
Низомиддинов 2018 жылдың тамызынан 2022 жылдың шілдесіне дейін Өзбекстан президенті әкімшілігін басқарды. Бұған дейін Президент Шавкат Мирзиёевтің премьер-министр кезеңіндегі көмекшісі болған. 2022 жылы денсаулық жағдайына байланысты басқа жұмысқа ауысып, Өзбекстан Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Бұл лауазым сол уақытта жаңадан құрылған еді. 2023 жылы президент Мирзиёев Президент Әкімшілігі басшысы қызметін мүлдем жойған болатын.