Қырғызстанның мұсылмандар діни басқармасы (Муфтият) елдегі қоғамдық орындарда никаб киюге енгізілген тыйымды қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Ферғанаға сілтеп.
Бұл туралы ведомствоның ресми сайтында жарияланды.
Мүфтияттың түсіндіруінше, шариғат бойынша мұсылман әйелдің беті мен қолынан басқа денесін жабуы міндетті. Алайда бетті толық жабатын никаб парыз саналмайды. Сондықтан әйелдерге хиджаб (орамал) және кең, жабық киім кию жеткілікті.
«Ниқаб — қоғамымыз үшін жат құбылыс. Қазіргі жағдайда никаб киген кейбіреулердің артында қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін арам пиғылды адамдар тұруы мүмкін. Сол себепті адамның жүзінің ашық болғаны маңызды», – делінген мәлімдемеде.
Мүфтият діни мәселелерді саясатқа араластыру, арандату әрекеттеріне қолдану исламда күнә болып саналатынын еске салды.
Ниқаб киюге қатысты пікірталастар Жалалабад облысында полиция көшеде бет-жүзін жауып жүрген әйелдермен түсіндіру жұмыстарын жүргізе бастағаннан кейін өршіген. Құқық қорғаушылар оларға арнайы жадынама таратып, заңды қайта бұзған жағдайда 20 мың сом (шамамен 230 доллар) көлемінде айыппұл салынатынын ескерткен.
Бұл жағдайға Қырғызстан президенті Садыр Жапаров та пікір білдіріп, хиджабты (орамал) ұлттық киім ретінде атады.
«Орамал — аналарымыз бен әжелеріміздің дәстүрлі бас киімі. Кімнің қалай тағатыны — әр әйелдің жеке ісі. Бастысы — беті ашық болуы керек», – деді ол.
Президенттің айтуынша, никаб пен паранжа ел дәстүріне жат әрі діни басқарманың шешімімен тыйым салынған. Бұл — билік емес, мүфтият бекіткен ереже, мемлекет тек оның орындалуын қамтамасыз етеді.
Еске салайық, 21 қаңтарда Садыр Жапаров діни саланы реттейтін бірқатар заңға қол қойған. Онда жеке тұлғаны тануға мүмкіндік бермейтін киімдерді қоғамдық орындарда киюге тыйым салу қарастырылған.