Жақияновтың «Адырнаға» қойған қаржылық талабы негізсіз деп танылды. Бірақ...

2525
Adyrna.kz Telegram
Коллаж: adyrna.kz
Коллаж: adyrna.kz

Алматы қаласы Алатау аудандық сотында Ғалымжан Жақияновтың “Адырна” ұлттық порталы мен Төлен Тоқтасыновқа берген шағымы бойынша азаматтық істің шешімі жарияланды.

4 наурызда жарияланған сот қорытындысы “Адырна” ұлттық порталының YouTube арнасындағы сұхбатты өшіруге және ондағы деректерді жоққа шығаруға шешім шығарды. Ал Төлен Тоқтасыновқа 200 мың теңге төлеуді жүктеді және “Адырнаға” қойылған қаржылық талаптар негізсіз деп танылды.

Семей мен Павлодар облыстарының бұрынғы әкімі Ғалымжан Жақиянов бұған дейін де 30 жыл ажырамастай бірге болған досы Төлен Тоқтасынов пен оның жұбайы Алма Тоқтасынованың үстінен бірнеше рет арыз берген болатын. Сондай-ақ, сот нәтижесінде Жақияновтың арызын негізсіз деп тауып, жоққа шығарған еді. Бұған дейін “Достар дауы” туралы бірнеше материал арнадық.

Ал “қасқа айналған екі дос” арасындағы дау-дамайға журналистің не қатысы бар дерсіз?! Ендеше, басынан бастайық.

ЕКІ АЛЫП СҮЙКЕНСЕ, ОРТАСЫНДА ЖУРНАЛИСТ ЖАПА ШЕГЕДІ

2023 жылдың 2 қаңтарында “Адырна” ұлттық порталының YouTube арнасы Төлен Тоқтасыновтан сұхбат алды. Сұхбат барысында Тоқтасынов Жақияновпен арада туындаған моңғолиялық ALGT компаниясына қатысты жанжал туралы айтады.

Экс-депутат 2022 жылы Моңғолияның бірқатар БАҚ-ында жарияланған Жақияновтың алаяқтығы туралы материалдарға, сондай-ақ серіктестер Жақияновтың арамдығы туралы айтатын іскерлік хаттарға сілтеме жасай отырып, досы Жақияновтың өз ісін заңсыз жүргізіп жатқанын хабарлады.

Жақиянов бұл сұхбатты көргеннен кейін, шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат бар деп шешіп, Тоқтасыновтан оны жоққа шығаруын, ал “Адырна” журналистерінен видеоматериалды өшіруін, одан кешірім сұрауын, сондай-ақ, жауапкерлердің әрқайсысынан моральдық шығын ретінде 1 миллион теңге талап еткен.

Дегенмен, “Адырна” журналисі Жақиянов жолдаған сотқа дейінгі шағымнан кейін видеоны өшірген жоқ. Өйткені, оған дейін бірнеше рет Жақияновтың өзін сұхбатқа шақырып, тіпті Тоқтасыновпен ашық алаң ұсынған еді. Алайда, Жақиянов сұхбат бермек түгілі, байланысқа шықпады.

Соттағы жарыссөз барысында «Адырна Медиа Холдинг» ЖШС өкілі Орынбек Кенжебаев журналистерге қарсы талап арыздың негізсіз екенін айтты.

ЖАҚИЯНОВ НЕ СҰРАЙДЫ?

Ал Жақияновтың өкілі Юлия Вершинина пікірталаста өз қорғаушысының сұхбатты жоққа шығаруға және 2 миллион теңгені өндіріп алуға ниетті екенін тағы да растады.

Вершининаның айтуынша, Тоқтасыновтың сұхбатта жариялаған ақпараты моңғолдық БАҚ-тан алынған деген уәждері негізсіз, өйткені сараптаманың мазмұны Тоқтасыновтың сұхбатта БАҚ-қа сілтеме жасағанын көрсетпейді.

Жақиянов өкілінің айтуынша, “Адырна” журналисі бұл ақпаратты кең аудиторияға ұсынбас бұрын сұрау салулар жіберу немесе заңмен тыйым салынбаған басқа әдістер арқылы оның дұрыстығын тексеру шараларын қабылдауға міндетті болған.

«ӨЗ СӨЗІМНЕН БАС ТАРТПАЙМЫН»

Төлен Тоқтасынов болса, аталған талаптармен толық келіспейтінін айтты.

- Мен сұхбатта жариялаған ақпарат ашық дереккөздерден алынды. Атап айтқанда, Моңғолияда Жақияновқа қатысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды» деп хабарлаған болатын. Одан әрі сұхбатымда Жақиянов Моңғолияның жемқор шенеуніктерінің көмегімен барлық мәселені ақша есебінен шешіп отырғанын айттым. Бұл жерде мен тағы да БАҚ-та жазылғандарға сілтеме жасадым. Мен “Адырна” порталына берген сұхбатымда айтқан бірде-бір өз сөзімнен бас тартпаймын және онымен Жақияновтың ар-намысына, абыройына және іскерлік беделіне қол сұққаныма сенбеймін және талап арызды қанағаттандырудан бас тартуыңызды сұраймын, - дейді Төлен Тоқтасынов.

Тоқтасынов Ұлан-Батор прокуратурасының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жақиянов «айыпталушы» ретінде көрсетілген жауабымен өз ұстанымын күшейтті. Жауап ALGT ісіндегі тағы бір аспектке қатысты болды. Яғни, Жақияновтың компания акцияларын Қытай азаматы Ли Цзян Юға қалай сатқаны туралы айтты.

- Айыпталушы Ғалымжан Жақиянов алаяқтық жолмен жәбірленуші Қытай азаматы Ли Цзян Юды ALGT компаниясының түпкі иесі екеніне сендірді. Айыпталушы жәбірленушіні сеніміне қиянат жасап, қасақана алдаған. Сөйтіп, шындықты жасырып, Қытай азаматын адастырып, әдейі алдын ала келісімге келген. Бұл келісім ALGT акцияларының 100% сатып алу-сату шартын жасауға негіз болды. Осы келісім негізінде айыпталушы 13 рет ақшаны қолма-қол және банктік есепшот арқылы алған, бұл жеке алаяқтық әрекеті үшін келтірілген шығынның жалпы сомасы 775 мың долларды құрайды, - деп атап өтті Тоқтасынов.

Жарыссөзден кейін сот кеңесу бөлмесіне кетті. Шешімі 1 наурызда шығуы қажет етеді. Дегенмен, шешімге арналған сот отырысы кейінге шегеріліп, 4 наурыз күні онлайн өтті.

Сот қорытындысында талап арыз ішінара қанағаттандырылды. Төлен Тоқтасынов сот шешімі бойынша сұхбаттағы ақпараттың «шындыққа сәйкес келмейтін бөлігін теріске шығарып», 200 мың теңге көлемінде моральдық шығын төлеуі тиіс. Ал “Адырна” порталы моральдық шығынды төлеуден босатылды. Соттың пікірінше, журналист Жақияновқа мұндай залал келтірмеген. Алайда “Адырна” порталы сол сұхбатты толығымен өшіруге міндеттелді.

Дегенмен, бұл мәселеге нүкте қою әлі ерте. Төлен Тоқтасыновтың қорғаушысы Гауһар Сәлімбаева аудандық соттың шешімін жоғары тұрған сотқа шағымданатынын айтты.

«СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ ҚАЙДА ҚАЛДЫ?»

YouTube арнадағы Тоқтасыновтан алған сұхбатты толық өшіруге міндеттелген “Адырна” ұлттық порталының басшысы, видеоматериалда Тоқтасыновпен сұхбаттасушы, журналист Арман Әубәкір сот шешіміне қанағаттанбайтынын айтып, бірнеше сұрақ жолдады:

«1. Cотқа себеп болған Тоқтасыновтың сұхбатынан соң «Адырна» Жақияновқа алаң ұсынып, сұхбат беруін сұраған. Бірақ оған не «иә», не «жоқ» деген жауап айтылмады. Онда Жақиянов неге “Адырна” ұлттық порталына сұхбат беруден бас тартты? Сотқа бергенге дейін ел алдына шығып, мән-жайды өзі түсіндірсе, бұл, демократиялық ниеттегі ол кісінің өзіне жақсы емес пе еді?

  1. Екі экс-достың арасындағы дау бойынша біз кімнің позициясы дұрыс, кімнің позициясы бұрыс екенін нақты білмейміз. Біз өз Ютубтағы арнамызға шығып қалайша “Төлен Тоқтасынов өтірік айтады” деп ақпарат бере аламыз? Немесе керісінше “Жақиянов серіктестерін алдап кетті” деп қалайша мәлімет береміз? Бұл - дұрыс емес. Тура сол сияқты Төлен Тоқтасынов өз позициясын айтқаны тәрізді, Ғалымжан Жақиянов та өз позициясын Ютуб арнамызға шығып мәлімдеуіне біз барынша мүдделі болдық. Сонда ғана “құда да тыныш, құдағи да тыныш” болар еді. Жоқ, дау дауға ұласып, іс журналисті сотқа берумен ұласып жатыр. Ел аузындағы ұнасымды тұлға, азамат ретінде Жақияновтың өз “ақиқатын” өзі келіп айтуға талпынбауы мүлде түсініксіз жайт.
  2. Ютуб арнамыздағы негізгі жанр - сұхбат. Жақияновтың орнына дәл өзіндей ешкім келіп сұхбат беріп, Тоқтасыновтың сұхбатын жоққа шығара алмайтыны анық. «Адырна» порталы Жақияновтың орнына, немесе Тоқтасыновтың орнына жауап бермесе керек еді.
  3. Біз Жақияновтың жақтастары ұсынған мақалаларды жедел жариялап беріп отырдық. Айтпақшы, оның түрмеде отырған М. Тулеев есімді адвокаты берген орысша мәлімдемеден “маған қатысы жоқ” деп бас тартқан жағдайы да бар. Сөзбе-сөз аумайтын қазақшасы Жақиянов парақшасында күні бүгінге дейін тұр.

Ол кісі Фейсбукте жариялаған барлық мәлімдемелерді біз де жариялап беріп отырдық. Жиі-жиі Ютуб арнамызға сұхбатқа шақырғанымыз өз алдына. Сондықтан, ол кісінің “Адырнаны” сотқа беруінің, ал соттың Жақияновтың пайдасына шешім шығаруының қисынын да көрмей отырмыз.

Алатау аудандық сотының материалды өшіріп, Жақияновтың қатысуынсыз әлгі аты шулы сұхбатты жоққа шығару жөніндегі шешімімен келіспейтінімізді жеткізгіміз келеді. Жақиянов өзі студияға келіп, алдыңғы сұхбатты өз аузымен жоққа шығару керек. Сонда ғана әңгіме қисынға келеді.

Сотқа беру арқылы журналистерге “үйден шықпай” (бұл жерде Жақияновтың бірде-бір рет сот отырысына келмегенін айтамыз) материалын өшіртіп, оны тағы жоққа шығарта берсек, журналистика қалай дамиды? Сөз бостандығы қалай орнайды? Бұған дейін сөз бостандығы мен демократияның жақтаушысы ретінде танымал Жақияновтың тиісті мәселеге қатысты нақты жауап бермеуінен қандай қорытынды жасауға болады?»

Айта кетейік, “Адырна” ұлттық порталы белгілі бір тарапты қолдамайды. Өз пікірін білдіремін деген кез келген тарапқа ашық. Дегенмен, сөз бостандығы мен журналист құқығын шектемеуді сұрайды.

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер