Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттарына жас шектеуінің енгізілу себебін түсіндірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда Варшавада ғылыми тағылымдамадан өтіп жатқан «Болашақ» бағдарламасының екі стипендиаты бар. Олардың бірі — шамамен 70 жаста, екіншісі — 68 жаста. Сондай-ақ, тағы бір түлек Ресейде, Санкт-Петербург мемлекеттік өнер университетінде 67–68 жасында тағылымдамадан өткен.
«Бұған дейін бағдарламада жас шектеуі болған – 45 жасқа дейін. 2012 жылы бұл шектеу алынып тасталды, себебі кәсіби тағылымдамаларға 40 жастан асқан тәжірибелі мамандардың қатысуына мүмкіндік беру қажет болды. Қазір қайтадан жас шектеуі енгізіліп отыр: тағылымдамадан өту үшін зейнет жасына дейін кем дегенде үш жыл қалуы керек. Яғни, ер адамдар үшін шекті жас – 61 жас, әйелдер үшін – 57 жас. Бұл өзгерістер биыл күшіне енеді», – деді министр Мәжілісте.
Осылайша, «Болашақ» бағдарламасымен стипендия алу үшін үміткердің зейнетке шығуына дейін міндетті үш жыл еңбек өтілін өтеуге жеткілікті уақыты болуы қажет. Мысалы, егер ер адам 61 жасында зейнетке шықса, ал үш жылдық жұмыс істеу талабы болса, өтініш берген сәтте жасы 58-ден аспауы тиіс.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы тарихында алғаш рет жас шектеуі енгізілді. Енді ер адамдар үшін шекті жас – 59, ал әйелдер үшін – 57 жас. Бұл талап бұйрықпен бекітіліп, күшіне енді.
Еске салайық, 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдегі ғалымдардың тағылымдамасы туралы пікір білдірген болатын.
«Біз шетелде ғалымдарды тағылымдамадан өткізу тәжірибесін енгіздік, бірақ шетелге ғылымға қатысы жоқ адамдар барып жатыр. Бір адамды білемін: ол 78 жасында “Болашақпен” оқуға кеткен. 78 жаста қандай “Болашақ”? Бұл бәрі түсініксіз бір әрекетке айналып барады», – деген еді Президент.
Еске салайық, «Болашақ» – Қазақстан Президентінің халықаралық білім беру стипендиясы. Ол 1993 жылғы 5 қарашада еліміздің экономикасының басым салаларына қажетті кадрларды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру мақсатында құрылған.