3,5,7,9: неге қазақтар бұл сандарды киелі санайды?

22969
Adyrna.kz Telegram

Қазақ үшін әр санның өзіндік қасиеті мен киесі, сыры мен жұмбағы, мән-маңызы болған. Халқымыз әр санның өзіне тән ерекшелігін саралап, жөнімен қолданған. Қасиетті сандар және олардың киесі туралы толығырақ “Адырна” ұлттық порталы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Үш саны

Жалпы түркі халықтарында, соның ішінде қазақ халқында 3 саны қасиетті саналады. Бұл сан халқымыздың ұлттық болмысына, санасына, салт-дәстүріне әбден сіңіп кеткен.

Тілімізде үш санымен байланысты аталы сөздер, тұрақты тіркестер баршылық. Мысалы, қазақ халқы ер жігіттің үш жұрты бар дейді. Олар: өз жұрты, нағашы жұрты және қайын жұрты. Халық осы үш жұртына былай деп баға берген: "Өз жұртың – күншіл, бар болса – көре алмайды, жоқ болса – бере алмайды, жақсы болсаң – күндейді, жаман болсаң –  жүндейді. Қайын жұртың – міншіл, қолыңның ұзындығына қарайды, жағаңның қызылдығына қарайды, берсең –  жағасың, бермесең – дауға қаласың. Нағашы жұртың – сыншыл, жақсылығыңа сүйенеді, жамандығыңа күйінеді. Әрқашан тілеуіңді тілейді, тілеуқор, қамқоршы болады".

Бұдан бөлек, үш арсыз –  ұйқы арсыз, тамақ арсыз, күлкі арсыз;  үш даусыз – мінез, кәрілік, ажал; үш байлық: бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық; үш ортақ – ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ деген қанатты сөздер бар.

Тілімізде "үш қайнатса сорпасы қосылмайды", "үш ұйықтаса түсіне кірмеген" деген тіркестер де қолданылады.

Қазақ халқы аптаның үшінші күнін, яғни сәрсенбіні сәтті күнге балайды. Мұның өзі үш санының айрықша мән-маңызға ие болғанын аңғартады.

Бес саны

Қазақ халқында 5 санымен байланысты ұғымдар да жиі ұшырасады.

Бес қару

"Ер қаруы – бес қару" деп қазақ батырлары шайқаста қолданған қару түрлерін айтқан. Бұл қаруларды қазақ халқы XVII-XIX ғасырдың аяғына дейін пайдаланып келді. Қолдану аясына қарай бес түрге бөлген. Бірінші – шабу қаруы (балта, айбалта, шақан), екінші – түйреу қаруы (найза, сүңгі), үшінші – кесу қаруы (қылыш,семсер, сапы), төртінші – соғу қаруы (шоқпар, гүрзі), бесінші – ату қаруы (садақ, мылтық). Бес қару қасиетті, киелі саналған.

Бес парыз

Исламның негізгі деген бес парызы бар екені белгілі. Олар: Шахада (куәлік ету), намаз, ораза, зекет және қажылық. Бұл жайында ардақты Мұхаммед (с.ғ.с) хадісінде былай деген: "Ислам бес негізге құрылған: Шахада (Алла Тағаладан басқа құдайдың жоқтығына және Мұхаммед Алла елшісі екендігіне куәлік ету), намаз оқу, зекет беру, қажылық жасау және рамазан оразасы".

Бес намаз

Сонымен қатар әр мұсылманға күн сайын бес уақыт намаз оқу Құранда парыз етілген. Олар: таң намазы, бесін намаз, екінті намазы, ақшам намаз, құптан намазы.

Бес борыш

Ағайын, жақын, таныс адамдардың бір–біріне деген бес борышы:

  • Аллаға, Пайғамбарымызға байланысты борыш;
  • Адамның өз-өзіне байланысты борыш;
  • Мемлекет пен халық алдындағы борыш;
  • Үй іші, жақындарына байланысты борыш;
  • Адамгершілік әлеміне деген борыш.

Бес қатер

  • От;
  • Жау;
  • Борыш;
  • Ауру;
  • Сөз.

Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) айтқан бес өсиет

  • Жаманмен дос болма, арыңды сатпа, намысыңды жіберме, арсыздан бата алма, жаман әдетке жолама;
  • Әділ бол, өзіңе ғана сен, күншіл болма, көпшіл бол, сараңдықтан аулақ жүр;
  • Шешімді бол, қолыңмен істегеніңді мойныңмен көтер, шыдамды бол, ашуға бой алдырма, үлкенге құрмет көрсет;
  • Ақымаққа сенбе, жауға иілме, әрқашан сақ жүр, аш үйге қонба, жарлыдан сый алма;
  • Біліміңмен жауыңды жық, кеңдігіңмен көпті таңырқат, ерлігіңмен еліңе әйгілі бол, ұрпағыңмен мың жаса, ата салтын ардақтай біл.

Сондай-ақ қазақ халқында Бес жақсы дәстүрі де болған. Халық арасында жоғары құрмет пен марапат, сый-сияпаттың ең жоғары түрі осы бес жақсы дәстүрі арқылы көрсетілген. "Бес жақсының"  бір түрінің өзі 4-5 жылқыға бағаланған.

"Бес жақсыға" мыналар жатады: қара нар, жүйрік ат, қалы кілем, алмас қылыш, бұлғын ішік.

Ұлы ақын Абай атамыздың өлең жолдарында да бес саны кездеседі.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз...

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ,

Бес дұшпаның, білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рахым ойлап қой -

Бес асыл іс, көнсеңіз.

Бұдан бөлек, аптаның бесінші күні – жұма. Ал Исламда жамағат болып құлшылық жасайтын күн ретінде жұма таңдалған. Сол себепті мұсылмандар үшін жұма қасиетті күн саналады.

Жеті саны

7 саны – халқымыз үшін қастерлі сан. Жеті санымен байланыстырылып айтылатын ұғым дәстүрімізде де, тілдік мәдениетімізде де көп сақталған.

Қазақ жеті атаға толмай қыз алыспайды. Бұл ата-бабамыздан бері қарай келе жатқан қатаң ереже. Бала өзінен бастап әкесі, атасы, бабасы, жеті атасының есімдерін кішкентайынан жаттап өседі. "Жеті атасын білген ұл – жеті жұртқа жөн айтар",  "Жеті атасын білмеген жетесіз" деген аталы сөздер осыдан қалса керек.

Қазақ ұлтында ежелден қалыптасқан философиялық түсінік бар, ол – Жеті қазына. Жалпы жеті қазына ертеректе көшпенді халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне байланысты қалыптасқан. Қазақ халқы жеті қазынаны ер жігіттің өмірімен байланыстырған. Сол себепті оған жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, берен мылтық, қандыауыз қақпан, майланғыш ау, өткір кездікті жатқызған.

Сондай-ақ қазақ салтында қайтыс болған адамның жетісі деген ұғым бар. Мәйіт жер қойнына тапсырылған соң, жеті күн бойы періштелер тарапынан сұраққа алынады екен. Сондықтан да сахабалар сол күндері марқұмның атынан ас берілуін ұнамды әрекет санаған.

Бұдан бөлек, қазақта қасиетті жұма күні жеті шелпек пісіру дәстүрі бар.

Жеті саны кейде жамандықпен де байланыстырылып жатады. Мысалы, қазақ "жұт жеті ағайынды" дейді. Халық жеті жұтқа мыналарды жатқызады: құрғақшылық, жұт (мал қырылу), өрт, оба (ауру), соғыс, топан су, зілзала.

Сан құдіретіне қатысты мына жәйтті де айта кетуге болады. Қазақтың жаңа жылы Наурыз айынан басталады. Ал Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамында 7 түрлі дәм қосылатын Наурыз көже дайындалады.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер