2023 жылы Жошы ханның Ұлытауда таққа отырғанына 800 жыл толады. Қазақ мемлекеті тарихындағы елдік маңызы ерекше зор бұл мерейтой мемлекеттік деңгейде тойлануы тиіс! Бұл пікірді ақын Қазыбек Иса фейсбук парақшасына жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Қазыбек Иса өз парақшасына ҚР Президенті Қ. Тоқаев басқарған ҚР Ұлттық Кеңесінің 2019 жылғы 06 қыркүйектегі бірінші отырысындағы баяндамасынан үзінді жариялады.
“Алтын Орданың атасы Жошы ханның тұлғасын асқақтату –түгел түркіге ортақ игілікті іс. Алып империяның алғашқы астанасы Сарайшық та, Алтын Орданың тізгінін баласы Бату ханға тапсырған әкесі ұлы хан Жошы да Қазақ жерінде жатыр… Жошы – Шыңғыс ханның бәйбішесі, қазақ қызы қоңырат Бөртеден туған тұңғыш ұлы.
1.Жошы ханның Ұлытауда ұлық ұлыстың тағына отырғанына 2023 жылы 800 жыл толады. Қазақ мемлекеті тарихындағы елдік маңызы ерекше зор бұл мерейтой мемлекеттік деңгейде тойлануы тиіс! Міне, Қазақстан Президенті айтқандай, Жошы ханға әлем назарын нағыз аударар кезең басталды деуге болады.
2.Осындай әлем тарихындағы салмағы орасан саңлақ тұлғалар мен маңызы зор қалалар өзге бір елдің еншісінде болса не болар еді... Әріге бармай-ақ, кішкентай Моңғолияның өзі Жошы ханның әкесі, әлемді билеген Шыңғыс хан арқылы дүние жүзіне дүбірін танытып жатыр... Мүмкін біз де Шыңғыс ханның алып ескерткішіндей Жошы ханға да одан кем емес кемел ескерткіш кешенін тұрғызармыз. Ол кешенде Шыңғыс ханның да, Бату ханның да, Бөртенің де ескерткіші тұрса, тіпті керемет болар еді. Ал Ұлытауда мазары жатқан Жошы ханның ескерткішін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғызып жатса, ұлт рухы дүр сілкінер дүбірлі дүние болар еді... Жошы ханның киелі кесенесі мен келешек керемет кешені әлем саяхатшыларын тартып тұрар тарихи да, тартымды да, тамаша орынға айналар еді...
Өйткені, Ұлытауда Жошы ханды ұлықтау Алтын орданы асқақтатуға бастайды.
3.Мемлекет басшысының Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу туралы елдік маңызы ерекше бағалы бастамасына ұлт зиялылары не дейді? Қазақ тарихында, аңызы мен күйлерінде орны бар Алтын Орда мен Жошы хан тұлғасы киномызда қалай көрініс таппақ? Әдебиетіміз бен мәдениетімізде, ғылым мен бейнелеу өнерінде қалай бейнеленбек? Рухымызды көтерер алып империя Алтын Ордамыздың тарихын күнделікті нәр берер рухани айналымға қалай қосамыз? Иә, мектеп пен жоғары оқу орындары оқулықтарында бұл бағалы да, баянды тақырыпқа басты назар аудару керек.
- Қазақ тарихын нақты да, шынайы деректер негізінде қайта жазатын уақыт келді.”,- деді ақын.