Арылу күні. Өмірлік ұстанымыма адам айтқысыз опасыздық жасаған екенмін...

2442
Adyrna.kz Telegram

2008 жылғы 29 мамырда аяқ астынан Ақордаға шақырылдым. Президент қазақтілді бес басылымға интервью бермекші екен. "Айқыннан"  Нұртөре Жүсіп,  "Түркістаннан"  Шәмші Паттеев,  "Қазақ әдебиетінен"  Жұмабай Шаштайұлы,  " Егеменнен" Сауытбек Абдрахманов (сұқбаттың модераторы) және " Ана тілінен" мен елдің экономикасының,  ономастиканың,  "қазақстандық ұлт" мәселесін,  тіл тағдырын қозғадық.

Айтқандай,  Наурызға бес күн демалыс сұрағаным есімде (кейін үш күнге түсірді). Әзір сценарий, әрине. Десе де, "Үштұғырлы тіл" мәселесіне келгенде бұдан қазақ тілі тоқыраңқырап қалмай ма,  деп абайлаңқырай жазылған сұрақты, татар айтпақшы,  усилить қылып, "Үш тілді бір арбаға жеккен кезде қазақ тілі ана күшті екі тілге шыдастық бере алмай, омақата құлап жүрмей ме?!" дедім.

Моветон, әрине,  менікі. Бірақ со кезде елдің аузында жүрген сөз еді. Алайда сұқбат беруші жауабында кенет өзгеріп, маған қарап зілденіңкіреп, зәрленіп сөйледі. Олай болмайтынын дәлелдей. Кісіні уысына алып тұратын, алапасы асыңқы адам екен. Сұрағымды кейін монтаж жасағанда қиып берді, бірақ интервьюерді қайдан қисын, зәрлі жауабы со күйінде тұр,  осы қалпын Жүрсін Ерман байқап қапты,  кейін менен сұрады, "Не болды,  не сұрадың?" деп.

Айтпақшы, ішімізде біреуіміз президенттің көп кітабының біреуін ала келген екен, осы күндері ұлының туған күні екенін айтып, сыйлыққа қолтаңбасын жаздырып алды. "Ап-май, нағып ойыма келмеген?!" деп, аздап опынып қалдым. Пендеміз ғо...

Соңында президент штандарты қойылған үстелдің жанында сүгіретке түстік. Кешігіп жүретін әдетім, ең шетке тұрып қаппын. Бірақ қайткенде де тұрмын. Президент орталығында ілулі тұрмын. Тарихтың қара тақтасында.

Соның алдында бір жағдай болған. Рақымжан Отарбаев президенттің балалық шағы жайында "Нұржауған ғұмыр" дейтін пьеса жазып,  сахналатты. Соған "Өрге тартты ақ кеме" деген көлдей рецензия-эссе жазып, спектакльды ішін кептіріп мақтадым. Марқұм Рақаңның көңілі үшін болуы керек, десе де обьективті тұрде спектакльдің бас кейіпкерін жақтау, мақтау болып шықты. Өрге тартып бара жатқан ақ кеме...

Бүгінде тарихтың еншісіне өтіп бара жатқан бейуақ кезеңді мақтау науқанына қатысуым осы екі-ақ жағдай болуы керек. Бірақ соның өзімен-ақ мен өмірлік ұстанымыма адам айтқысыз опасыздық жасаған екенмін. Себебін айтайын.

Авторлығы Бруно Ясенскийге телінетін бір сөз бар:  «Дұшпаныңнан қорықпа — көп болса атып кетер. Сатқындардан қорықпа — көп болса сатып кетер. Немқұрайдылардан қорық — олар атпайды да,  сатпайды да,  бірақ жер бетіндегі бүткіл зұлымдық солардың үнсіз келісімімен  жасалады».

Күштілер мен тістілерге жалбақтадым деп айта алмаймын,  бірақ соларға немқұрайдылықпен қарағаным, сөйтіп дәрменсіздік танытқаным анық.

Бүгін — 29 мамыр. Менің Арылу күнім.

Қазақты өркениеттік тығырыққа әкеп тіреп тастап кеткен 30 жылдық"  Ақ кеменің " тарихы жазылуы тиіс осы күндері әрқайсымыздың өз Арылу күніміз болуы тиіс. Айтып арылатын күн.

Өзгеден бұрын өзіңнің алдында қадіріңді кетірмес үшін. Қалған өміріңде Күннің жарығына тура қарап өтуің үшін.

Мақсат Тәж-Мұрат

Пікірлер