Ресей тарихшылары Қырғызстан оқулықтарынан «отаршылдық» терминін алып тастауды сұрады

198
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ZgOz5fyHh7YdXmp9LXlA6Deb74r5sQ2xc9TWoD4E.webp

Фото: Евгений Разумный, Коммерсантъ

Ресей мен Қырғызстан тарихшылары мектеп оқулықтарындағы тарихи тұжырымдар мен терминологияны қайта қарау мәселесін талқылап жатыр. Бұл туралы Ресей әскери-тарихи қоғамы ұйымдастырған Ресей-Қырғыз сараптамалық-консультативтік кеңесінің отырысында белгілі болды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы «Коммерсантъ» басылымына сілтеп.

Мәліметке сәйкес, жиында ресейлік тарап Қырғызстанның тарих оқулықтарында қолданылатын «отаршылдық» терминінен бас тартуды немесе оны қайта қарауды ұсынған.

Қырғызстандық тарихшылар бұл мәселені «күрделі сұрақ» деп бағалап, оны талқылауға дайын екендерін білдірді.

Сарапшылардың пікірінше, екі елдің оқулықтарында тарих әртүрлі тәсілмен баяндалады: Ресейде мемлекеттік тарихқа басымдық берілсе, Қырғызстанда халық тарихы алдыңғы орынға қойылады. Тараптар бұл айырмашылықтарды жұмсартып, «ортақ ымыралы тұжырымдарға» келу қажеттігін атап өтті.

Ресей Ғылым академиясының Шығыстану институты өкілі Андрей Быков Қырғызстан оқулықтарында Ресей мен қырғыз халқының тарихы жеткіліксіз қамтылғанын айтты. Сонымен қатар, ол кейбір тарихи тұжырымдарда «нақты қателіктер мен мифологизация» бар екенін атап өтті.

Ал Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясы өкілі Абылабек Асанканов ресейлік тарихшылардың «қырғыз тарихын басқа түркі халықтарымен салыстырғанда жасанды түрде тым ежелгі етіп көрсету» туралы пікірлерімен келіспейтінін жеткізді. Оның айтуынша, «қырғыз» этнонимі қытай деректерінде б.з.д. III ғасырдан бастап кездеседі.

Негізгі даулы мәселелердің бірі — бұрынғы КСРО-ға берілетін баға мен «отаршылдық» терминін қолдану болды. Ресей тарапы бұл терминді жұмсақтау тұжырымдармен алмастыруды ұсынса, қырғыз тарапы тарихи үдерістерді жоққа шығармау қажет екенін мәлімдеді.

Нәтижесінде тараптар тарихи көзқарастарды жақындату, оқулықтардағы қайшылықты тұжырымдарды азайту және ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде келісімге келді. Ресей тарапы болашақта оқулықтарға өзгерістер енгізілуі мүмкін екенін де хабарлады.

Пікірлер