Телемедицина қарқынды дамуда

2961
Adyrna.kz Telegram
фото ашық ақпарат көзінен алынды
фото ашық ақпарат көзінен алынды

Телемедицина  - медициналық ақпаратпен алмасу үшін компьютерлік және телекоммуникациялық технологияларды пайдалану. Әлемнің көптеген еліне әсер еткен COVID-19 пандемиясы кезінде телемедицина денсаулық сақтау саласындағы жаңа бағыт ретінде айтарлықтай дамыды. Себебі қалың жұртшылық физикалық байланыстарды шектеуге тырысып, телемедицинаны пайдалануда. Яғни телемедицина пациенттерге медициналық кеңселерге бармай-ақ, дәрігерлерден барлық қажетті кеңестер алуға мүмкіндік береді. Осылайша телемедицина коронавирустың таралуын болдырмау үшін өз септігін тигізіп отыр.

Мәселен, 2020 жылдың күзінде пандемияның екінші толқыны өршіп тұрған уақытта Ресей елінің Мәскеу қаласында телемедицина орталығы 24/7 режимінде амбулаториялық Covid-пациенттерге көмек бағдарламасын ашты. 2021 жылдың ақпан айына қарай Мәскеуде осы пациенттер үшін күніне 5 мыңнан астам кеңес өткізілді, ал екінші толқынның соңында консультациялардың жалпы саны 1 миллионнан асты. АҚШ пен Ұлыбританияда жұмыс істейтін үндістандық дәрігерлер пациенттер мен әріптестеріне телемедициналық көмек желілерін іске қосқан екен. Әртүрлі елдердің мамандары жабық шекаралармен бөлінгенімен, бұл тұрғыда да телемедициналық технологиялар халықаралық деңгейде өзара әрекеттесуге көмектесуде.

АҚШ-та көптеген созылмалы аурулары бар науқастарға жоспарлы көмек пен олардың жағдайын бақылауды мейірбике қызметкерлері жүзеге асырады. Бұл жағдайда да телемедицина өте ыңғайлы құрал болды. Мейірбике ісі саласындағы клиникалық зерттеулерге арналған рецензияланған журнал - Western Journal of  Nursing Research-да екінші типті қант диабеті және гипертензиясы бар пациенттерге мейірбикелік кеңес беруге арналған  мақала жарияланды. Пандемия кезінде үйде емделушілердің қашықтан кеңес алу саны дәрігерге классикалық күндізгі сапарлармен салыстырғанда екі есе артқаны белгілі болды.

Бүкіл әлем бойынша телемедицинаға инвестициялар 2020 жылдың бірінші тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6 есе — $220 млн-ға қарағанда $788 млн-ға дейін ұлғайды. Veb Ventures инвестициялық қорының сарапшылары  2026 жылға қарай әлемдік телемедицина нарығы $45 млрд-тан $175 млрд-қа дейін өседі, орташа өсім жылына 19,3% - ды құрайды деп болжауда.

Осы жағдайларға байланысты телемедицина  2021 жылғы серпінді медициналық инновация саналады. Қазіргі уақытта телемедицинаның жаңа деңгейге шығуына мүмкіндік беретін жаңа бағдарламалар пайда болады деп күтілуде.

Нағима Сахан

Пікірлер