Кетчуптің атасы - Генри Джон Хайнц

1033
Adyrna.kz Telegram

Генри Джон Хайнц — америкалық кәсіпкер, кетчуптің атасы, «H.J. Heinz» корпорациясының негізін қалаушы. Ол — нарықта бәсекелес шыдатпаған инноватор, ас үйдің арайын кіргізген аспаз.

Генри Джон Хайнц 1844 жылы 11-қазанда Пенсильвания штатындағы Питсбург қаласындағы неміс жанұясында туған. Үйдің тұңғышы Генри Хайнц балалық шағының көп бөлігін ойын алаңында емес, есік алдындағы шағын егінжайда өткізді. 8 жасынан бастап ақжелкек (тамаққа қосылатын өсімдік) езуді, саңырауқұлақ маринадтауды, қияр тұздауды үйреніп, оларды көршілеріне, ауылдастарына сатады. Болмысынан кәсіпкер болып жаратылған Генри 12 жасында 3,5 акр (14 мың шаршы метр) егінжайдан бітік өнім алып, қаладағы азық-түлік дүкендеріне жеткізіп беретін. Ата-анасы Генридің священник болуын армандағанмен, тағдыр оны жолын басқа арнаға бұрды. 17 жасқа дейін жинаған 2 400 долларының арқасында бизнес колледжін тәмамдап, бухгалтер мамандығының иесі атанады. Одан соң азғана уақыт әкесінің кірпіш зауытында қызмет атқарғанымен, Генри Хайнц көкөніс бизнесінен қол үзіп кете алмады.

1869 жылы көршісі Кларенс Ноублмен бірігіп, «Heinz & Noble» кәсіпорнын құрады. Көкөніс түрлерінен даярланатын азық-түлік өнімдерін шығарумен айналысатын кәсіпорынның тез бой көтеруіне Хайнцтың тұтынушылардың жүрегіне жол тапқан әдісі себепкер болды. Ол кезде көкөністен жасалған өнімдер жасыл түсті құтыға салынып сатылатын. Құтының ішіндегі өнімнің көрінбеуі клиенттердің көкірегіне көп күдік ұялатушы еді. Баспасөз бетінде ұзақ сақталған улы азықтар мен ағаш ұнтағы қосылған жарамсыз өнімдер туралы мақалалар басылып, тұтынушылар арасында жиі үрей туып жүрген кез. Хайнц пен Ноубл алдымен қаладағы мөлдір түсті әйнек банкілер мен шөлмектердің барлығын жинап алып, соус, ашытылған қырыққабат, маринадталған қиярларды сол ыдыстарға салып сатады. Біріншіден, мөлдір ыдыстардағы өнімдердің сапалық құрамы тұтынушыларға тікелей көрінді, екіншіден, өнімдердің түсі сыртқа анық көрініп, тауарға тартымды сипат беретін. Сатып алушылар тауардың тек сапасына емес, оның қорабы мен маркасына қатты назар аударатынын тым ерте түсінген Хайнц дизайнға да баса көңіл бөлді.

1874 жылы «Heinz & Noble» жүздеген акр бақшасы, 24 жылқысы, 12 арбасы, сірке суын өндіретін жеке фабрикасы бар ауқымды кәсіпорынға айналғанда АҚШ-ты макроэкономикалық дағдарыс шарпиды. Тұтынушылардың сұранысының қарқынды өсуіне байланысты көкөніс өсірушілерге орасан тапсырыс беріп қойған компанияның сенгені банк несиесі еді. Компанияны көкөніспен қамтамасыз етуші диқандардың өнімдерін сатып алуға Хайнц пен Ноублдің қаржысы жеткіліксіз болып, банк несиесіне жүгінгенімен, тоқырауды басынан өткеріп жатқан банк басшылығы олардың өтінішін қанағаттандырмады. Сөйтіп несиеден қағылған «Heinz & Noble» компаниясы 1875 жылы банкрот деп жарияланады. АҚШ үкіметі банкрот деп таныған 5000 кәсіпорынның тізіміне «Heinz & Noble» компаниясы да енеді. Ал Америка заңы бойынша банкротқа ұшыраған компания ешкімнің алдында қарыз төлеуге міндетті емес.

Десе де, Генри Хайнцтың өмірінде ауыр кезең басталды. Бір кездері миллиондап ақша тауып жүрген бизнесменнің Рождество мерекесінде баласына сыйлық әперуге қаржысы болмайды. Өзімен қоймай диқаншыларға көкөністерін сатып алуға уәде беріп, оларды да орта жолда қалдырып кеткені жүйкесіне жүк болып, бірнеше ай төсек тартып жатып қалады.

«F&J.Heinz» компаниясының бас кеңсесі мен өндіріс орны. 1869 жыл

Алайда төсекке таңылып ұзақ жатуға мүмкіндік жоқ. Ерте ме, кеш пе Генри бір істің көзін табуға тиісті еді. Бауырларынан, бажасынан, жолдастарынан қарыз сұрап, оған анасынан алған азын-аулақ ақшаны қосқанда 3 мың доллардың басы әрең құралады. Хайнц қанша тырыссада бұдан артық ақша жинай алмайды. Қомақсыз қаражаттың көмегімен «F&J.Heinz» компаниясын құрады. Компанияның құрылтайшылары бауырлары мен туысқандары болғанымен, бүкіл жұмыстың тізгінін Генри өзі ұстады. Ал жаңа компанияның бүкіл үлесін өзіне қайтара сатып алу тек 1888 жылы ғана мүмкін болды.  Ол дағдарыс кезінде диқаншылардың алдындағы міндетін орындай алмағанын есіне ұстап, қарызды төлеуге міндетті болмаса да олардың шығынын өтеп беруді өз мойнына алады.

Генри Хайнц бірден жаңа рецепттер дайындауға көшті. Алғашқы өнімі қыша болды. Мөлдір ыдысқа салынған қыша өз тұтынушыларын жылдам тапты. Ол мұнымен шектеліп қалғысы келмеді. Генри бір жылдары саяхаттап жүріп, қытайдың қызанақтан жасалған «ке-циа» деп аталатын дәмдеуішімен ұшырасқаны бар еді. Жадында сақталған сол бір дәмді өмірге әкелу үшін, қызанақ, крахмал және түрлі соустарды араластырып, күні-түні тәжірибе жүргізді. Тынымсыз ізденіс ақыры нәтижесін беріп, ашық қызыл түсті дәмді тұздық пайда болады. Генри оған қытайша атына ұқсастырып «кетчуп» деп ат қояды. Кетчупті мөлдір әйнек шөлмекке құйғанда, оның жарқыраған ашық қызыл түсі өнімді өте тартымды, сүйкімді етті. Тәбетті ашатын кетчуп «F&J.Heinz» компаниясының басты көзірі, негізгі генераторы болды.  Ол кездегі америкалықтардың асханасы жұпынылау еді. Ас мәзіріндегі негізгі тамақтарға нан, картоп, кепкен, сүрленген, тұздалған ет кіретін. Қыста бұларға қияр, үй көкөністерінен дайындалған тұздықтар мен маринадтар қосылатын. Ал қызанақ Мексикадан тасымалданатын экзотикалық көкөніс болып есептелді. Хайнцтың тәбетті ашатын кетчубы америкалықтардың дастарқан мәзірінің ажарын кіргізді. «F&J.Heinz» кәсіпорны табатын табыстың 30%-ын кетчуптан түсетін түсім құрады. Кетчуптің арқасында 1876 жылы компанияның айналымы 44 474 долларға жетті, арада бес жыл өткенде бұл көрсеткіш 6 есе артып, 284 мың долларға тең болды.

«H.J.Heinz» компаниясы кетчуптерінің бөтелкелері

Хайнц 1879 жылы борышкерлердің алдындағы барлық қарыздарын төлеп, туысқандары мен достарының қолындағы үлестерді де сатып алады. Өзі жеке-дара қожайын болып, компанияның атын  «H.J.Heinz» деп өзгертеді. Кетчупті нарыққа сіңісті еткен соң, жаңа өнімдердің легін ағытты: қызыл және көк бұрыштан дайындалған соустар, «Чили» соусы, алмадан жасалған сірке суы, алма тұздығы, зәйтүн, тұздалған пияз бен қырыққабат, пісірілген бұршақ, тағы басқа тұздық түрлері «H.J.Heinz» өнімдерінің санын көбейтті. Оның пастерленген, консервіленген, тоңазытылған тауарлары азық-түлік нарығын жаулап алды. Барлық тауарларды дайындау схемасы бірдей жүргізілді: ең сапалы көкөністі іріктеу, өнімнің дәмін қалыпқа келтіру, ыдысқа құйып (немесе салып), оларды қорабқа орналастыру, белсенді жарнама және жаппай өндіріс. Бу пеші, вакуумдық консервілеу технологияларының озық түрлерін қолданды. 1880 жылдары компанияның жылдық таза табысы 1,5 миллион доллардан асады.

«H.J.Heinz» компаниясына қатысты көне суреттер

1886 жылы Генри Хайнц отбасымен бірге атажұрты Германияға жолы түскенде, жолшыбай Ұлыбританияға аялдайды. Хайнцтың чемоданында «H.J.Heinz» кетчубінің ең сапалы жеті түрі бар еді. Лондондағы ірі азық-түлік сатушы компания «Fortnum & Mason»-ға тауарларын таныстырғанда, олар Хайнцтың тауарларын қабылдауға бірден келісім береді. «Fortnum & Mason»-ның арқасында еуропалық нарыққа жолдама алады.

1896 жылы Лондоннан офис ашып, 1905 жылы Британияның Пекхем қаласынан жеке фабрикасын тұрғызады, 1919 жылы Харлесден ауданынан егін алқабын сатып алып, көкөніс өсіруді өзі қолға алады. Осы жылдар ішінде Генри Хайнц Британиядағы король сарайын консервіленген, пастерленген азықпен үздіксіз қамтамасыз етіп отырды.

1896 жылы  «New York Times»  газеті кетчупты «Американың ұлттық дәмдеуіші» деп атады. Ол 46 жасқа толғанша құтыны жетілдіруін жалғастырды. 1890 жылы бөтелке сегіз қырлы болып сәнделді, оның аузына кішкене лента ілінді, қақпақ бұрамалы болды, ал этикетті Пеньсилвания штатының символына ұқсатып, қорғанның тасы тәрізді етіп бейнеледі.

«H.J.Heinz» компаниясының қызметкерлері 57 санын жарнамалау үшін стенд дайындауда. 1900 жыл

Ол 1896 жылы Нью-Йорк қаласына барғанда, көшедегі аяқкиім сататын дүкеннің төбесінде ілулі тұрған «аяқкиімнің 21 түрі» деп жазылған маңдайшаны көреді. Осы күнге дейін кетчуп ыдысының сыртындағы «Heinz 57 Varieties» деген лозунг осылай өмірге келген еді. «H.J.Heinz» компаниясы өндіретін өнім түрлері бұдан көп болса да, Генри Хайнц 57 санын таңдап алады. Елдің жадына сіңісті ету үшін, 1899 жылы «Heinz 57 Varieties» лозунгы жазылған бойы 21 метрлік алып жарнама тақтасын теңіз жағалауындағы алып үйлердің бірінің қабырғасына ілдіреді. Оның жарнамалық саясаты мұнымен шектелмеді, 1900 жылы электр жарығымен безендірілген жарнама қалқанын алғаш ілген кәсіпкер ретінде тарихта қалды. Кәсіпорынның айналасын жарықтандыру мақсатында 1 200 электр шамын орналастырады. АҚШ-тағы 21 фабрика мен 7 ірі зауыттың иесі болған Хайнц компания тағамдарына жарнама жасау үшін, дегустация (дәм таттыру) әдісіне де жүгінеді. Куба, Испания, Англия елдерінен жаңа зауыттар ашты.

«H.J.Heinz» компаниясының қызметкері бөтелкелерге этикет қағазын жабыстырып жатыр

1905 жылы Генри Хайнц «H.J.Heinz» компаниясын акционерлік қоғамға айналдырғанда, кәсіпорынның құны 4 миллион долларға тең болды.

Ал кетчуп қай кезде де компанияның негізгі тауары болып қала берді. Кәсіпорын 1906 жылы 12 миллион құты кетчуп сатып  үлгереді. 1909 жылы «H.J.Heinz»-тің сату көлемі 6,13 миллион долларға жетсе, бұл көрсеткіш 1914 жылы 12 миллион долларға ұлғайды, ал 1919 жылы компанияның табысы 20 миллион доллардан асып жығылды.

XX ғасырдың басында Америка нарығында сапасыз, жеуге жарамсыз азық түрлері қаптайды. Діни принциптерге сүйеніп еңбек ететін Генри Джон Хайнц АҚШ үкіметінен азық-түлік нарығын қадағалауды сұрап, жоғары билік органдарына өтініш жазады. Хайнцтың бұл талабы оның қарсыластарының қарасын молайтады. Тіпті сол кездегі АҚШ президенті Теодор Рузвельт те еркін экономиканы жақтаған адам болатын. Бірақ адам өліміне алып барып жатқан нарықтағы бассыздықтар 1906 жылы Рузвельтті улы заттар қосылған тағам түрлерін бақылауға алу жөніндегі заңға қол қоюға мәжбүрледі. Хайнцтың экологиялық бастамасы бір жағынан оның өміріне жабайы капиталистер тарапынан қауіп төндірсе, екінші жағынан халықтың көңілін тапқан маркетингтік қадам болды.

Генри жыл сайын жаз айларында Германияның Бад-Киссинген қаласында демалуды әдетке айналдырады. Ол жақтағы діндестерімен, неміс қандастарымен жиі жүздесетін. Алайда Хайнцтың 1914 жылғы демалысы сәл болмағанда қайғылы аяқтала жаздады. Жергілікті қауіпсіздік қызметкерлері Америка азаматы болып есептелетін Генри Джон Хайнцқа конақүйден ұзауға тыйым салады. Кәсіпкер терезеге қарағанда, Бад-Киссинген көшелерінен мыңдаған неміс әскерлерін көреді. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған еді. Зәресі ұшқан Хайнц амалын тауып, Голландия арқылы АҚШ-қа қашады.

Джон Хайнц пен оның жұбайы Сара Хайнц

Америкадағы неміс диаспорасының басына да ауыр күн туады. Америкада XX ғасырдың басынан бастап неміс тілінде хабар таратып келген 300-ге тарта газет-журнал  бір күнде жабылады. 1917 жылы мектептерде неміс тілінде сабақ беру тоқтатылып, шіркеулерде неміс тілінде құлшылық жасауға, уағыз айтуға тыйым салынады. Осындай аласапырандардан кейін, Хайнцтың әулеті мен ұрпақтары ағылшындардың ортасына сіңіп кетеді.

Хайнц кейінгі ұрпаққа екі мәдени орталық салып қалдырады. Біріншісі, жұбайы Сара Хайнц атындағы жастар үйі, екіншісі, Питсбург университеті қалашығындағы анасына арналып соғылған шіркеу. Екіншісін өз өтініші бойынша балаларына салдыртады. «Мен священник бола алмадым, – дейді ол балаларына, – Сондықтан мен адамдарға жақсылық істеудің басқа амалын табуым керек».

Генри Джон Хайнц 1919 жылы 14-мамырда 75 жасында қайтыс болады. Ол қалаған кәсіпорынды осы күнге дейін Хайнцтың ұрпақтары басқарады.

Тұжырым: Хайнц кетчубының рецептісі әлі күнге дейін мемлекеттік құпия ретінде қорғалып келеді. Генри Хайнцтан кейін кетчуптің жүздеген түрі жасалынғанымен, олардың ешқайсысы Генридікіндей татымды, өтімді болған емес. Ол кетчуп өндірушілермен емес, әр отбасының асханасындағы аспаздармен бәсекеге түсіпті. Тек тұтынушылар үшін емес, ас дайындаушылар үшін де кетчуп таңсық тағам түрі болып келе жатыр.

Қарапайым миллионердің өмірі жері кең, егіні мол аграрлы елдің кәсіпкерлеріне үлгі боларлық. Бірақ алдымен көршілерін, сосын бүкіл әлемді асхана өнімдерімен қамтамасыз еткен Генри Хайнц сынды ерлік жасау сирек оқиға.

Абай Асыл

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер