Қалам мен кеден

3714
Adyrna.kz Telegram
(Белгілі қаламгер, кәсіби кеден қызметкері Бекен Нұрахметов туралы)
1. Есiк пен бесiк
Болса да ие беделге,
Бақ сынайын деген бе?
«Жас алашта» жүрдi де,
Кетiп қалды кеденге.
(Журналистiк фольклордан)
Оның бүкiл тiршiлiгi екi ұғыммен байланысты. Алғашқысы – қалам, екiншiсi – кеден. Ежелгi аңыздарда сөз ұстайтын баланың түсiне кiрген абыз қарт: «Өлең аласың ба, көген аласың ба?», – деп сұрайтын едi. Өлең алғаны ақын болып шығатын, көген алғаны дәулетке кенелетiн. Сол iзбен қазбаласақ, сiрә, бiздiң кейiпкерiмiздiң түсiне кiрген шал: «Балам, қалам керек пе, кеден керек пе?» – деп сұраған сияқты. Сонда бұл, сiрә, әп-сәтте екеуiнен де онша бас тарта қоймаған болуы керек.
Қалам ұстайтындай жөнi бар. Жастайынан туған нағашысы, қазақ көсемсөзiнiң хас шеберi Кәкiмжан Қазыбаевқа елiктеп өстi. Қазақ тiлi мен әдебиетiн тереңдетiп оқытатын әйгiлi №2 мектеп-интернатта бiлiм алды. Бұл мектепте қара сөздiң қадiрiн бiлетiн бiлiмпаз педагог Орынша Қарабалина сабақ беретiн. Үнемi сол кiсiнiң тәлiм-тәрбиесiн көрдi. Кәкiмжан ағаның үйiне барған сайын оның жазу үстелiне қызыға қарап тұратын. Сөйтiп, бейнелеп-бедерлеп айтсақ, Бекеннiң бөленген бесiгi құтты болды.
Журналист болуға ұмтылған ұланның соқпай кетпейтiн тағы бiр бекетi бар. Ол бала бiткеннiң қаламын ұштап, қауырсын қанатын қатайтып беретiн «Қазақстан пионерi» газетiнiң редакциясы. Бекен де сол берекелi бекеттi айналып өте алмады. Оның үстiне жазуға ерекше көңiл бөлетiн әйгiлi екiншi мектептiң оқушысы болған соң, газеттен iргенi аулақ салуға болмайды. Көп ұзамай «Бекен Нұрахметов» деп қол қойылған iрiлi-ұсақты мақалалар осы басылымда жиi жарық көре бастады.
Бiздiң кейiпкерiмiз сабақты ертелi-кеш көмiлiп оқып, сары майдан қыл тартқандай боп, сыпайы жүретiн аса әдептi бала болған жоқ-ты. Керiсiнше, кейде ұрынарға қара таппай, басын тауға да, тасқа соғып тұратын содыр-сойқанның өзi едi. Бiрақ өлер жерiн бiлетiн, өнер жерiн көретiн ақылды тентек-тiн. «Мiнезсiз өнер – мiнезсiз жылқы» деп Асқар Сүлейменов айтқандай, оның жазған-сызғандары да өзiнiң мiнезi секiлдi шиыршық атып тұрды.
Бiз оны алғаш рет журфакта көрдiк. Жүрiс-тұрысынан, қимыл-қозғалысынан Алматыда оқығандығы көрiнiп тұратын. Өзiн өте еркiн ұстайды. Өрлiгi мен өктемдiгi де байқалмай қалмайды. Ара-тұра тегеурiндi деканымыз Темiрбек Қожакеевтiң ащы айқайына iлiк болып жатады. Соған қарағанда сабақты жақсы оқығанымен жайына қарап, тып-тыныш жүретiндердiң қатарынан емес-ау деп шамалаймыз.
Шынында да солай екен. Онысы журфактың жатақханасында өткен студент ақындар айтысында белгiлi боп қалды. Бекеннiң курсының айтысқа үкiлеп қосып отырған ақыны – Мұратбек Оспанов. Оның жоғары курста оқитын қарсыласы да осал емес. Талай ақынды түзе бүктiрген Бейбiт Құсанбеков. Айтыс болған соң, әрине, ақындар бiр-бiрiнiң кемшiлiктерiн қазбаламай отырмайды. Сондықтан сөз сайысы басталардан бұрын екi ақын да бәсекелесiн сүрiндiретiн материал iздейдi. Күйiп-жанып тұрған факт болса, тiптi жақсы. Соны аңғарған Бекен Бейбiтке барып, оның өзi де бiлетiн бiрдi-екiлi басынан өткен жағымсыз жағдайларды соңыра айтыс үстiнде мүлде ауызға алмауын қиылып тұрып өтiнедi. Бейбiт көзi күлiмдеп отырып, бұл туралы ләм-мим демеуге уәде бередi. Көңiлi тынышталған Бекен кешке дос-жарандарын ертiп, айтысқа бармай ма? Сөйтсе, Бейбiт Мұратбекпен сөз қағыстырып отырып, былай дептi:
Бағана Бекен досың келiп кеттi,
Өзiнен бiраз факт берiп кеттi.
«Екi есiк сындырып ем, айтпашы» деп,
«Айтпаймын» дегенiме сенiп кеттi...
Журфактың жатақханасында студенттердiң өндiрiстiк тәжiрибеден өту кезiнде жарияланған мақалаларын таныстыруға арналған қабырға газетiн шығаратын дәстүр бар едi. Бiрде содан Бекеннiң «Жатақхана ма, шатақхана ма?» деген мақаласы iлiнiп тұрғанын көрдiк. «Жетiсу» газетiне жарияланыпты. Өзi анда-санда жатақхананы шулатып тұратын бұл не жазды екен деген әуестiкпен үңiлейiк. Тиянақты баяндалған дүние екен. Алматыдағы бiр кәсiптiк-техникалық училищенiң жатағындағы жағдай туралы дабыл қаққан мақала. Әлiмжеттiк, қорлық-зорлық... Әлi оқуын бiтiрiп үлгермеген студент кәнiгi журналист секiлдi балаларға араша сұрайды. Газетте сыналған мәселе аяқсыз қалмайтын заман. Көп ұзамай талайлар орнынан алынды, кейбiрi жазаға тартылды.
Ал «Жетiсу» жiгерлi жiгiттi қызметке алды. Кейiн талайға арман болған «Жас алашта» жолымыз түйiстi. Содан ол қазақ кеденiнiң iргетасын қаласуға аттанғанша бiрге жұмыс iстедiк. Сөйтiп, Бекеннiң «есiгi» ұмытылып, бесiгi беки түстi.
2. Журфак пен жасақ
«Қандай iстен қашып ем?», –
Дейдi: «Қашан жасып ем?».
Кейде хабар жазады,
Полковник басымен.
(Журналистiк фольклордан)
Сексенiншi жылдардың студенттерi ОКД дегеннiң не екенiн жақсы бiледi. Бұл – жедел комсомол жасағы деген ұғымның орысша атауының қысқарған түрi. Бүгiнде комсомолдың өзi де, оның жедел жасағы да әлдеқашан ұмыт болды. Сондықтан оны қазiргi жастар көп бiле бермейдi. Ал бiр кезде КазГУ-дiң кез-келген студентiн қояндай қалтыратуға осы ОКД-ның құдiретi толық жететiн. Қалашықта iркес-тiркес қоныс тепкен оншақты жатақхананы ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстайтын сол ОКД-ны журфактың жоғарғы курс студентi Құрманхан Нұрымбетов басқаратын. Құрманханның «әскерi» елдiң бас оқу орнына бiлiм iздеп келген бар баланы жусатып, өргiзетiн. Сол Құрекеңнiң өзi журфактың бесiгiнде тербелген соң, соған қарасты бiздiң факультеттiң ОКД-сын кiм басқаратыны аса маңызды едi. Әрине, бұған бiз де алаңдайтынбыз. Өйткенi бiрiншi курстың бойшаңдау бiр топ бозбаласын шетiнен сол ОКД-ға апарып, көгендеп қойған. Бiр жағынан жақсы. Мұның құрамында болсаң, жатақханадан айырылмайсың, стипендиядан қағыла қоймайсың. Әйтпесе, тым тәртiпсiреп бара жатқанымыз шамалы. Сонымен ОКД-ның, бүгiнгiше айтсақ – журфактың полициясының, қысқаша қайырсақ – журполдың жалаңдаған жасақшысымыз. Қалашықта шыбын жорғалатпаймыз. Сол командирлiк орынға бiр күнi елге танымал «есiк сындырғыш» досымыз Бекен тағайындалсын. Тегiнде, өздерi де ара-тұра тәртiп бұзып қоятын осындай жiгiттердi тәртiп сақшысы етiп бекiткен дұрыс па деймiн. Бiздiң Бекен телi мен тентектердiң аяғын қия бастырмады. Журфактың асығы алшысынан тұрды. Бiр ғажабы, осы ОКД-ның құрамында болған топтан кейiн Бекеннiң өзi бастаған төрт-бес полковник шықты. Бертiнде Батыс Қазақстан облыстық ұлттық қауiпсiздiк департаментiн басқарған Жақсылық Молдақұловтың өзi де бiр кездегi Бекеннiң сайыпқыран солдатының бiрi едi.
Тәртiптi қорғауға бекер келмеген болар, Бекеннiң қаламы да бiрте-бiрте осы тақырыпқа бейiмделдi. Құқық мәселелерi туралы мақалаларын жиi жариялай бастады. «Жетiсу» газетiнде қызмет iстеп жүрген кезiнде де басқа арнаға көп ойыса қойған жоқ. Ал «Жас алашқа» ауысқан соң құқықтық тәрбие бөлiмiнiң меңгерушiсi болды.
Адам тағдырына араша түсiп, талай рет журналистiк зерттеу жүргiздi. Оқырмандардың сан түрлi сауалдарына жауап бердi. Осылайша құқықтық журналистика саласының майталман маманы болып қалыптасты.
Сiлтеген сөзi қалт кетпейтiн «Жас алаштың» беделдi бөлiмiн басқарып, айдарынан жел есiп тұрған Бекен бiр күнi кеденге баруға бел байлады. Темiрдей тәртiпке негiзделген тың сала қызықтырса керек. «Ет пен терiнiң арасындағы желiк шығар», – дедiк бiрiмiз. «Жазуы қалды ғой ендi», – дедiк екiншiмiз. Бiрақ олай болмады. Ол бұл iске шындап кiрiстi.
Журналист қай салаға қайрап салсаң да, тастай батып, судай сiңедi. Өйткенi жаза бiлетiн адам қайда да қадiрлi. Ал өз мамандығынан өзге саланың негiзiн қалауға баратын журналистер аса көп емес. Бекен Нұрахметов елiмiздiң кеден қызметi құрылған алғашқы айлардан бастап, осы саланың отымен кiрiп, күлiмен шықты. Қазақ кеденi тәуелсiздiктiң жемiсi едi. «Кеден кеден болды, кедергi неден болды?» деген ауыз екi тiркестi жатқа айтатын жұрт кеден дегеннiң не екенiн әлi толық бiле қоймайтын.
Көп ұзамай кеденге кеткен Бекеннiң қаламы қимылдай бастады. Шекара жақтан жеткен ширыққан мақалалар бiрiнен соң бiрi жарық көрiп жатты. «Кедергi неден болды?» деген сөз тiркесi кеденге қатысты болғанымен, сол кеденiңiз бiздiң Бекеннiң жазып-сызуына кедергi келтiре алмады.
«Жас алашта» жүргенде қолға алған тақырыбы бойынша жазған мақалаларын топтап, «Қорқаулар түнде жортады» атты кiтабын жарыққа шығарды. Өз саласының жоқ-жiтiгiн түгелдеп, «Кеден iсi бойынша сұрақтар мен жауаптар» атты анықтамалық еңбек жазды. Оны «Жетi жарғы» баспасы аттай қалап алып, оқырманға үкiлеп ұсынды. Бұл кеден қызметкерлерi қолдан-қолға түсiрмей оқитын қасқалдақтың қанындай қат кiтапқа айналды.
Қатардағы кеденшiден кеденнiң бастығына дейiнгi жолдан өттi. Шығыс Қазақстан облыстық кеден департаментiнiң басқарма бастығы, «Семей» кеденi бастығының орынбасары болды. Шығыс жақтағы берiк қамалымыз болып саналатын «Ауыл» және «Бақты» кедендерiн басқарды. Сол кезде оған «Кеден кеден болды, бастығы Бекен болды» деп қалжыңдайтынбыз. Беделi бiр басына жететiн бастық болса да, жазуын тоқтатпады. Кеденнiң жаңалықтары туралы тынбай жазып тұрды. Оның iрiлi-ұсақтығына қарамайды. Мәнi мен маңызына көңiл бөледi. Кiшкене хабарламаның өзiне аты-жөнiн көрсетiп, қол қояды. Бұл – қай кәсiбiн де қадiрлейтiндiгiнiң көрiнiсi. Бұрын негiзiнен құқық тақырыбына жазатын журналист болып танылса, ендi бiрыңғай кеден тақырыбына мамандана бастады.
3. Кәсiп пен нәсiп
Жүрсiң ылғи жырақта,
Даяр тұрсың сынаққа.
Көңiлiңнiң кеденi,
Қатал емес бiрақ та!
(Журналистiк фольклордан)
Тағы бiр жәйт есiме түсiп отырғаны. Бекен кеденге кетiп, ал бiз «Жас алашта» қызмет iстеп жүрген кезiмiз едi. Сол баяғы елу бақсы, сексен шайыр... Бұл шаңырақта кез келген қуаныш еленедi. Еленгенiң не, ерекше атап өтiледi. Әсiресе, журналистердiң бiреуi балалы болса, жетiншi қабатқа жел бiтедi. Бақсы бiткен аласұрады, шайыр бiткен жыр толғайды. Осыған орай арнайы шағын қабырға газетi шығады. Қылқаламның хас шеберi Бақытбек Сияев мұндайда бар өнерiн салады. Әлгi ақындардың өлеңiн өрнектеп тұрып жазып, көрнекi жерге iледi. Өлең болғанда қандай? Кiлең уыты адам өлтiретiн, керi кеткен шумақтар.
Бойдақтықтың жанын жеген жарасы,
Құлтастардың кескiнiне қарашы.
Жолдасбектер әлi үйленбей жүргенде,
Қойтановтың туды екiншi баласы, –
деген секiлдi құлағы терiс бұралған кертолғаулар. Бұралқы сөз күлмекке жақсы. Журналистер осының өзiнен едәуiр қуат алады.
Бiр күнi Бекен ұлды болды. Қос қыздан соң ұлды болғанына өзi қатты қуанды. Қуанғаны соншалық, жаңа туған перзентiне ат таңдау үшiн ұзақ ойланды. Тiптi бiр айдай толғанып жүрдi-ау деймiн. Уақыт болса, өтiп бара жатыр. Ал сәбиге әлi ат қойылатын түрi жоқ. Содан «Аты жоқ көкек» деп қайырмаланып отыратын белгiлi әннiң iзiмен «Аты жоқ бөпе» деген өлең жаздық.
«Ақсайда бiр жiгiт бар Бекен деген,
Қос қызы қатар өсiп секеңдеген.
Мәрияға көптен берi ұл таптыру,
Бекеннiң парызы едi өтелмеген.
Е-е-й, аты жо-о-қ бөпе», – деп келедi. Бұл Мәскеуде 1991 жылғы бұрқ еткен тамыз бүлiгi күшпен басылып, еңсегей бойлы ер Ельциннiң ерлiгi елге үлгi болып тұрған кез едi. Осыған орай былай деп жырладық.
«Мәрия соны ойлап қауiптендi,
Үмiт пен күдiк қатар шауып келдi.
Мәскеуде Ельцин батыр болған күнi,
Бекенге бiр атұстар тауып бердi».
Ендi жаңа туған сәбиге жақсы тiлек айту керек қой.
«Бұл бала үмiт отын жағар ма екен,
Қазақтың тарихында қалар ма екен?
Болмаса, дәл өзiнiң әкесiндей,
Кеденнiң қызметкерi болар ма екен?!» – деп қайырдық содан соң. Ұзамай бөпенiң аты қойылды. Сәби Санжар деген есiмдi иелендi. Сөйтiп, кеденге барғаны Бекенге шынында да құт болды-ау дестiк. Сол Санжар батыр Ирландиядағы Дублин университетiн бiтiрiп келдi. Қазiр Бекенге жақсы қолқанат болып жүр.
Шынында да, бiр сарбазын кеденге бергеннен қазақ журналистикасының несiбесi ортайып қалған жоқ. Оның есесiне, ол өзге салаға барған соң қайта түледi. Қаламымен сол саланың отын көсеп, шоғын маздата түстi. Жаза бiлетiн адам қайда жүрсе де, қаламын тастамайды. Керiсiнше, журналистиканың өз қазанында қимылсыз отыратындар аз ба?
Бiр қарағанда, кеден қызметiнде газет тiлшiсiнiң аяғына оралып жататын олжа ұшыраса бермейтiндей көрiнедi. Анығында олай емес екен. Кеденнiң де өз қызығы жеткiлiктi сияқты. Мұндағы қызметi де журналистiк жолсапарларға бергiсiз. Бiрде Қытайдың Шәуешек қаласына жол тартты. Сол жерде таксидiң құлағында ойнайтын жүргiзушi қазақ қызын кездестiрдi. Аты – Айгүл. Өзi қаланың қойын-қолтығын түгел бiледi. Тырбанып тiршiлiк етiп жүрген көрiнедi. Алдымен көлiктi жалға алып, жұмысын бастаған. Содан соң несие алып, жеке көлiк иеленген. Қытайда қазақ қызының такси жүргiзуi – таңсық нәрсе. Бiр журналист сол елдегi басылымға ол туралы мақала жазыпты.
Айгүл қазақтың атақты жазушысы Қажығұмар Шабданұлы жерленген қорымды бiлетiн болып шықты. Бекен алдымен қаламгердiң отбасына барып, көңiл айтып қайтуды жөн санап едi. Сөйтсе, үйiнде ешкiм жоқ екен. Ол кiсiнiң зайыбы атажұртқа сапарлап кетсе керек. Қажығұмардың басына қара мрамордан құлпытас қойылыпты. Бекен шарт жүгiнiп отырып, құран оқыды.
Сол сапарда елден келгендерге қызмет етiп жүрген қазақ қызының ықылас-пейiлiне тәнтi болды. Қайтып келген соң «Алтайдың ар жағында жүрген ару» деген эссе жазды. Бұл – оның бiр сапардағы олжасы ғана.
Кейiпкерiмiз кеденнiң кедiр-бұдыр қазақшасын жөндеуге де елеулi үлес қосты. Мемлекеттiк тiлдi менсiне қоймайтын талай әрiптесiнiң аптығын басты. Бастауышы мен баяндауышы бiр-бiрiне қырын қарайтын ойқы-шойқы құжаттардың тiлiн сындырды. Сол үшiн жазаға тартыла жаздаған кезi де болды. Кеден қызметiндегi шенi – полковник. Қалам қызметiндегi деңгейi де кем соға қоймас. Кәсiбi мен нәсiбiне адалдық танытқаннан шығар.
Әйтеуiр «Көргенiңдi бүгiнгi жаз, жаз, қалам, тер, қалам», – деп Iлиясша қамшылап отырмасақ та, кеденге көгенделген қалам әзiрге жорғасынан жаңылған емес...
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Пікірлер