Тойханаларда енді той емес, сабақ болады

4822
Adyrna.kz Telegram

Жаңа оқу жылында Шымкент қаласындағы бірқатар тойханалар қосымша білім беру орталықтарына айналмақ. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАН Facebook парақшасында мәлімдеді. 

Шымкент қаласына сырттан саяхаттай барған жанның көзіне ең бірінші тойханалар мен жекеменшік колледж-университеттер түседі. Әрбір қадамыңызда – ертегідей ғажайып сарайлар, тағы бір аттасаңыз – елеусіз ғана тұрған, бірақ маңдайында колледж не университет деген жазуы бар шағын ғимараттар.

Індет келмей тұрғанда, мұның біріншісінен адам қарасы үзілмейтін. Күнде  жиын, күнде той. Тойлаймын деген жанға себеп те табыла кетеді. Оңтүстіктегі әрбір шаңырақта баланың қырқынан шыққанынан бастап, қария жанның әрбір жасы осындай зәулім сарайда міндетті түрде атап өтіледі. «Бұл не деген батпан құйрық?» -  деген жанға жауап та дайын – «Той өзін-өзі жабады». Ал екіншісінен оқуға талаптанып, көзі жайнап тұрған жасты көп ұшырастыра бермеуіңіз мүмкін.

Шыңғыс Мұқан: «Шымкентте тойханалар ойханаларға айнала ма?» 

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның айтары да сол, білім саласының деңгейі көңіл көншітерлік емес екен: «Өткен апта да ғой. Қала әкімі Мұрат ӘЙТЕНОВ Шымкенттің білім саласының есебін тыңдады.

4 индикатордың 3-уі, 28 көрсеткіштің 15-і ғана орындалған. Қолға қалам мен қағаз алып, әрқайсысы бойынша нақты іс-шара ойластырылды», - дейді.

Халық саны жоғары Шымкент қаласында сәйкесінше мектепке баратын бала саны да көп. Бұрынғыдай сыныптар «в», «г» сыныбына дейін ғана емес, 42 әріпті тұтас қамтуға таяу. Көптеген мектептерде оқушылар 3 ауысыммен оқиды. Бұл жайында Шыңғыс Мұқан:  «Шымкент қаласындағы 147 мемлекеттік мектептің 19-ы үш ауысымда.  Жылына оқушылар саны 12 мың балаға артып отыр. Қосымша білім тұрмақ, негізгі білімді қамту үшін жыл сайын қаншама мектеп салу керек», - деп әкім М. Әйтеновтің тойханаларды мектепке айналдырмақ ниетін білдірді.

Restoran.kz сайтының мәліметіне сүйенсек, Шымкент қаласында 212 тойханамен қоса ресторан, банкет залдары бар екен (Ш. Мұқан 134 тойхана деп көрсетеді). Бұл салтанат сарайларының жабық тұрғанына жарты жылдан асып барады. Індеттің беті әлі де қайтар емес. Ал тойхана қызметкерлерінің жақын уақытта бәрі реттеліп, жұмысқа кірісеміз деген ниеті бар.

Шымкент қаласындағы «Көркем» тойханасының әкімшісі Айниса МҰРАТБЕКҚЫЗЫ: «Әкімнің мұндай бастамасын тойхана иесі құптап-құптамайтынынан хабарсызбын. Әлі ешнәрсе айтылмады.

Өзі шешеді ғой. Бірақ, біз, тойхананың ішіндегі 100-ге жуық қызметкер жағдайдың реттеліп, жұмыс орнымыздың ашылғанын қалаймыз. Бәріміз, расын айтқанда, қаңғып кеткендей күйдеміз. Тезірек ашылып, табыс тапқымыз келеді. Оның үстіне қазір бәрінің басында несиесі бар.

Ал карантин режимі ұзаққа созылса, білмеймін...» - дейді. – «Жағдай қалай болуы мүмкін?» - деп алаңдап бізден сұрайды.

«Кеше мемлекет басшысы коронавирустың тағы екі жылға созылу мүмкін екенін айтты. Оған дейін қалай болатынын қазір ешкім дөп басып айта алмайды. Оған дейін халық тойды шағын етіп өткізуді әдетке айналдырады деп ойлаймын. Үлкен тойханалардың сұранысқа бұрынғыдай ие болатынына күмәнім бар. Оның үстіне, адамдар көпшілік жерге баруға аяқ тартып қалған.

Осындайда Шымкенттегі 134 тойхананың тағдыры не болмақ? Бос тұра бере ме, әлде қоғамға басқалай қызмет ете ме? Мысалы, маңдайына «Салтанат» тойханасы деп жазылып тұрғаннан, сол ғимаратқа Білім сарайы деп жазып қойса, қандай керемет! Тіпті Білім сарайына иесінің атын берсін», - деген әкім орынбасары тойханалардың орнына жастарға арналған жобаларын да ұсына кеткен:

«Менің ойымша, тойханаларды ойханаларға ойналдырудың жолдары мыналар:

  • Coworking center
  • Жастар орталығы
  • Шығармашылық орталығы
  • Оқушылар сарайы
  • IT hub
  • Өнер сарайы
  • Домбыра орталығы
  • Шеберлер мектебі
  • STEM center».

Шыңғыс Жұмабекұлының айтуынша, дәл қазіргі уақытта Нұрсәт шағын ауданындағы «Оңтүстік-Қабылдау үйі» салтанат сарайы мектепке айналып, қызметін бастап кеткен. Тойхана иесі ешқандай әкімдіктің нұсқауынсыз, тіке министрліктің өзінен лицензия алыпты.

Бір залда күніне 750 адамға дейін қабылдап, орта есеппен адам басына 5500-7500 теңге көлемінде алып келген тойхана иесінің бұл әрекеті басқа тойханаларға да үлгі боларлық іс.

Бұл үрдіс еліміздің басқа өңірлерінде де бұған дейін жүзеге асқан екен.

Аятжан АХМЕТЖАН: «Тойхана ойханаға айналды»

Республикалық «QAZBILIM» орталығының бас директоры Аятжан АХМЕТЖАН да Facebook парақшасында: «Маңғыстаулық Балшекер Шагирова апайымыз өзінің 10 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан «Керуен» тойханасын Республикалық «QAZBILIM» орталығына сыйға тартты. Басты мақсаты – «той жасап, ырду-дырдудың заманы кетті, білім беретін бір сапалы білім ордасы болса екен» деген арманы екен.

Карантиннен соң бірден шешім қабылдап, білім ордасына айналдырып, үлкен-үлкен кабинеттер жабдықтап, QAZBILIM-ге кілтін ұстатты. Енді бізге QAZBILIM-нің нәтижелі жолын Маңғыстауда жалғастыру серт!» - деп ақжолтай бастамамен хабардар еткен екен.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы да таяуда  «Ана тілі» басылымына берген сұхбатында: «Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі!» - деген-ді.

Хан Абылай да заманында: «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік», - деп ұрпақтың белін буардай сөзін қалдырған-ды.  Індеттің салдарынан, бірнеше ай үйде қамалған елдің мұндай бастамалары халықтың білімге ден қойғанынан хабар беретіндей ме? Сіз қалай ойлайсыз, әлеумет?

 

Фото ашық дереккөзден алынды 

Айжан ПЕРДЕБЕКҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер