Иранда соңғы үш жылдағы ең ірі үкіметке қарсы жаппай наразылықтар екі аптадан бері жалғасып жатыр. Интернеттің өшірілуі мен қатаң қауіпсіздік шараларына қарамастан, сенбі күні кешке Тегеран мен өзге де қалаларда тұрғындар қайтадан көшеге шықты. Бұл туралы BBC жазды, деп хабарлайды "Адырна".
Наразылықтар аясында Иранның соңғы тақтан тайдырылған шахының ұлы Реза Пехлеви шерушілерді қала орталықтарын бақылауға алып, наразылықты жалғастыруға шақырды.
АҚШ-та орналасқан Human Rights Activist News Agency (HRANA) құқық қорғау ұйымының мәліметінше, наразылықтар басталғалы бері шамамен 50 бейбіт тұрғын мен қауіпсіздік күштерінің 15 қызметкері қаза тапқан. Сондай-ақ 2311-ден астам адам қамауға алынған.
Норвегияда тіркелген Iran Human Rights (IHRNGO) ұйымы да кемінде 50 адамның көз жұмғанын растады. Ұйым дерегінше, қаза тапқандардың арасында тоғыз бала бар.
Интернет шектеулеріне қарамастан, BBC қол жеткізген бейнежазбаларда Иранның Жоғарғы көсемі Аятолла Али Хаменеиге қарсы ұрандар айтылып жатқанын көруге болады. Кейбір шерушілер Реза Пехлевидің есімін атап, оны қолдайтынын білдірген.
АҚШ-та жүрген Пехлеви ирандықтарды демалыс күндері наразылықты жалғастыруға шақырып, «ұлттық революция жеңіске жеткен жағдайда» Иранға оралуға дайын екенін мәлімдеді.
Иран билігі тәртіпсіздіктерді АҚШ-тың ықпалымен байланыстырып отыр. Елдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Қауіпсіздік кеңесіне жолдаған хатында Вашингтонды Иранның ішкі істеріне араласты деп айыптады.
Маусым айында Иранның ядролық нысандарына соққы жасалғаннан кейін, АҚШ президенті Дональд Трамп егер үкімет наразылық білдірушілерге қарсы күш қолдануды жалғастырса, жаңа шабуыл жасалуы мүмкін екенін мәлімдеген.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио X әлеуметтік желісінде АҚШ Иран халқын қолдайтынын жазды.
Ал БҰҰ Бас хатшысының өкілі Стефан Дужаррик адам өлімінің артуына алаңдаушылық білдіріп, билікті бейбіт шеруге шығу құқығын қамтамасыз етуге шақырды.
Ирандағы наразылықтар 28 желтоқсаннан бері жалғасып келеді. Оған негізгі себеп — бағаның күрт өсуі мен ұлттық валютаның құнсыздануы. Соңғы бір жылда АҚШ долларының бағамы шамамен 80 пайызға өскен.
Бастапқыда экономикалық сипатта болған талаптар кейін саяси ұрандарға ұласып, Ислам Республикасын жою және монархияны қалпына келтіру жөніндегі үндеулер пайда болды.
Президент Масуд Пезешкиан бейбіт наразылық білдірушілерге қарсы күш қолданбау туралы тапсырма бергенімен, кейінірек Иранның Ұлттық қауіпсіздік кеңесі шерулерге қарсы заң аясында қатаң шаралар қолданылатынын мәлімдеді. Құзырлы органдар наразылық білдірушілерді қауіпсіздікке қатер төндірушілер деп атады.
Қазіргі уақытта наразылық акциялары Иранның 111 қала мен елді мекенін қамтыған.