Жаңа оқу жылында Шымкент қаласындағы бірқатар тойханалар қосымша білім беру орталықтарына айналмақ. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАН Facebook парақшасында мәлімдеді.
Шымкент қаласына сырттан саяхаттай барған жанның көзіне ең бірінші тойханалар мен жекеменшік колледж-университеттер түседі. Әрбір қадамыңызда – ертегідей ғажайып сарайлар, тағы бір аттасаңыз – елеусіз ғана тұрған, бірақ маңдайында колледж не университет деген жазуы бар шағын ғимараттар.
Індет келмей тұрғанда, мұның біріншісінен адам қарасы үзілмейтін. Күнде жиын, күнде той. Тойлаймын деген жанға себеп те табыла кетеді. Оңтүстіктегі әрбір шаңырақта баланың қырқынан шыққанынан бастап, қария жанның әрбір жасы осындай зәулім сарайда міндетті түрде атап өтіледі. «Бұл не деген батпан құйрық?» - деген жанға жауап та дайын – «Той өзін-өзі жабады». Ал екіншісінен оқуға талаптанып, көзі жайнап тұрған жасты көп ұшырастыра бермеуіңіз мүмкін.
Шыңғыс Мұқан: «Шымкентте тойханалар ойханаларға айнала ма?»
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның айтары да сол, білім саласының деңгейі көңіл көншітерлік емес екен: «Өткен апта да ғой. Қала әкімі Мұрат ӘЙТЕНОВ Шымкенттің білім саласының есебін тыңдады.
4 индикатордың 3-уі, 28 көрсеткіштің 15-і ғана орындалған. Қолға қалам мен қағаз алып, әрқайсысы бойынша нақты іс-шара ойластырылды», - дейді.
Халық саны жоғары Шымкент қаласында сәйкесінше мектепке баратын бала саны да көп. Бұрынғыдай сыныптар «в», «г» сыныбына дейін ғана емес, 42 әріпті тұтас қамтуға таяу. Көптеген мектептерде оқушылар 3 ауысыммен оқиды. Бұл жайында Шыңғыс Мұқан: «Шымкент қаласындағы 147 мемлекеттік мектептің 19-ы үш ауысымда. Жылына оқушылар саны 12 мың балаға артып отыр. Қосымша білім тұрмақ, негізгі білімді қамту үшін жыл сайын қаншама мектеп салу керек», - деп әкім М. Әйтеновтің тойханаларды мектепке айналдырмақ ниетін білдірді.
Restoran.kz сайтының мәліметіне сүйенсек, Шымкент қаласында 212 тойханамен қоса ресторан, банкет залдары бар екен (Ш. Мұқан 134 тойхана деп көрсетеді). Бұл салтанат сарайларының жабық тұрғанына жарты жылдан асып барады. Індеттің беті әлі де қайтар емес. Ал тойхана қызметкерлерінің жақын уақытта бәрі реттеліп, жұмысқа кірісеміз деген ниеті бар.
Шымкент қаласындағы «Көркем» тойханасының әкімшісі Айниса МҰРАТБЕКҚЫЗЫ: «Әкімнің мұндай бастамасын тойхана иесі құптап-құптамайтынынан хабарсызбын. Әлі ешнәрсе айтылмады.
Өзі шешеді ғой. Бірақ, біз, тойхананың ішіндегі 100-ге жуық қызметкер жағдайдың реттеліп, жұмыс орнымыздың ашылғанын қалаймыз. Бәріміз, расын айтқанда, қаңғып кеткендей күйдеміз. Тезірек ашылып, табыс тапқымыз келеді. Оның үстіне қазір бәрінің басында несиесі бар.
Ал карантин режимі ұзаққа созылса, білмеймін...» - дейді. – «Жағдай қалай болуы мүмкін?» - деп алаңдап бізден сұрайды.
«Кеше мемлекет басшысы коронавирустың тағы екі жылға созылу мүмкін екенін айтты. Оған дейін қалай болатынын қазір ешкім дөп басып айта алмайды. Оған дейін халық тойды шағын етіп өткізуді әдетке айналдырады деп ойлаймын. Үлкен тойханалардың сұранысқа бұрынғыдай ие болатынына күмәнім бар. Оның үстіне, адамдар көпшілік жерге баруға аяқ тартып қалған.
Осындайда Шымкенттегі 134 тойхананың тағдыры не болмақ? Бос тұра бере ме, әлде қоғамға басқалай қызмет ете ме? Мысалы, маңдайына «Салтанат» тойханасы деп жазылып тұрғаннан, сол ғимаратқа Білім сарайы деп жазып қойса, қандай керемет! Тіпті Білім сарайына иесінің атын берсін», - деген әкім орынбасары тойханалардың орнына жастарға арналған жобаларын да ұсына кеткен:
«Менің ойымша, тойханаларды ойханаларға ойналдырудың жолдары мыналар:
- Coworking center
- Жастар орталығы
- Шығармашылық орталығы
- Оқушылар сарайы
- IT hub
- Өнер сарайы
- Домбыра орталығы
- Шеберлер мектебі
- STEM center».
Фото ашық дереккөзден алынды
Айжан ПЕРДЕБЕКҚЫЗЫ,
«Адырна» ұлттық порталы