«Қадыр» мен «қадір» һәм Абыл мен Қабыл

1012
Adyrna.kz Telegram
Фото: kazislam.kz
Фото: kazislam.kz

Бұрынғы қазақ тілтанушылары тіліміздің сингормонизм заңын мақтан тұтып, насихаттап, тілдің айтымы мен жазымын соған бағындырып отыратын. Қысқасы үндестік заңынан құр қалған қазақ тілі сарт тіліне айналу қатері барынша қадағаланып келген. Ол туралы талай диссертация мен еңбектер жазылды. 

Бүгінгі қазақ тілінің шекпені сыпырылып, үндестіктен жұрдай бола бастады. Оған ауыз да өш, саусақ та өш - бәрі де тәрк етуде. Алдыңғы поста айқайлатып, "қадыр" жөнінде әдейі бір сөйлем тастағанбыз. Оған бір орысы жоқ, түкпірді туып өскен ауылдас ақын інім «енді бүкіл халықтың тілін бұрайсыз ба?» деп дүңк еткізді. Шалғайдағы қазақы өңірдің тумасы тілдің үндесімсіздігін байқамаса, білмесе, сезбесе не болғаны? Ненің белгісі? Бұл жеке бастың емес,тіпті халықтың да мәселесі емес – тіл мен тілтанудың мәселесі. Сондықтан ініге ренжудің жөні жоқ... Десем де. 

Мәселе неден?

Әуелі адамның тілі қалай шығады деген сауалға жауап тапсақ, бұл сұраққа да тапқанымыз. Бүгін әлемдегі тіл үйретушілер үйренетін тілдің «носителін»/ тұтушысын іздеп, тапса соны жарнамалап жанын салуда. Ал бұрын әрі кетсе, 30 жылдай уақыт бұрын тіл үйренушінің басын грамматикамен,әдістемемен қатыратын. Тіл үйрету әдісі барған сайын табиғиланып, «жабайыланып» барады. Ол әбден қисынды да. Тіл үйрету әдіснамасы тілдік ортадан артық ұстаздың жоғын енді білді.

Адам туғаннан әдістеме мен тіл үйретуші курс іздеп кетпей, айналасының экотілінен ғана үйренетіні ескерілмей келді. Есті енді жинадық. 

Яғни ауызекі тілдік орта кім болса, соның тілін ғана игересің,  үйренесің. Ал иттердің арасында болсаң жастай, үру тіліне, құстың арасында шиқылдау мен қиқылдау тіліне көндігесің. Бұдан басқа, тіпті өз тіліңді біле тұра көбінесе айуанның арасында өмір сүрсең – өз тіліңе айуанның дыбыстары араласа бастайды да, жаңа «тіл» шығады. Қазақ тілінің ахуалы да бүгін дәл солай: бұрынғы бірыңғай үндескен дыбыстар барған сайын ығысып, ғылымша айтқанда, агглютинатив қазақ тілі флектив орыс тілін өгей шеше етіп, соған тартып барады.

Бұрын қазақта «қадыр» сөзі екі түрлі қолданыста бола беретін, бірақ екеуі де үндескен сөздер еді: қадыр/кәдір – осылардан ақын Қадыр Мырзалиев пен Кәдірбек Сегізбай сияқты журналистің ныспылары орныққан. Екі сөздің мағынасы да бірдей.

Бүгінде «қадыр» мен «кәдір»   «қад+ірге» жол берді. Бұл сөз мысал үшін ғана алынды.  Будан сөз, тексіз лексема. Қазақ тілінің сингармо қасиетін жұрдай ету параметрі, көрсеткіші, индикаторы. Бұл сөзбен емес, тілге түскен құртпен жауығу деңіз. Бұл «халықтың тілін бұрау» емес, осыған мән бермей, күреспей отырған ғылымның құлағын бұрауға тырысу ғана. 2000 жылдарға дейін «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі»,тіпті ара-тұра «Егемен» де бұндай ұрысқа дайын тұратын. Енді ет өліп кетті. Бүлк етпейміз. Ғалымдар жағы тіпті бой көрсетпейді. Өйткені олардың өздері де сол будан тілге көшкен, кәдуілгі норма санап, ол туралы ауыз ауыртқандарды әумесер көреді.

Бұндай құбылыс қайдан ошықты? Әрине мәдени және экологиялық (қоршаған орта) отарлану мен ықпалға бой ұсынудан туып, қалыптасты. Қазақ тілінің үндестігін оңды-солды құртып жатқан өңір – оңтүстік. Өйткені ол өңір ауызекі тілдің әбден бұзылу аймағында. Бұған бірден бір ықпал ететін қазақ тіліне туыстас, бірақ сингормонизмнен ажыраған тілдерден болып отыр.  Ол фонетикадан да, лексикадан да анық байқалады.

Әрине, тіл жанды организм, өзгереді, ықпалға түседі, содан жаңа дыбыс қабылдайды, бірақ ол бүгінгі жасанды ықпал дәуірінде оған қарсы қолданысы бар әлеуетті қолданбай, жайына қоя беру керек деген сөз емес. Тілге мәпе керек, қорғаныш пен қалқан қажет. Дамытатын тетіктер мен жаңа шешімдер керек. Қайда солар? Мәселелер неге талқыланбайды? Неге ғылыми-әлеуметтік, мәдени, психологиялық, лингвистикалық ауқымда қарастырылмайды? Неге тілді молаға ғұмырынан бұрын сүйреген күштерге беріп қойып отыру керек? Неліктен қате мен бұрманы нормаға айналғандай қабылдап, көп айтса - көніп, жұрт айтса – болуымыз керек?

Сингормонизмге/үндестікке негізделген бірегей тіліміздің қасиетін бұзуға жайбарақат неге қараймыз? Бұл қасиет тілді оңай айту мен жеңіл жазудың бірден бір тетігі екенін ұмытпауымыз керек қой. Тілді дамыту мен насихат сол тілдің асыл қасиетіне, заңына маңдай тірегені дұрыс емес пе.

Серік Ерғали

Пікірлер