Мемлекеттік стандарт. Қазақ мектептерінде орыс тілін оқытуды тоқтату мүмкін емес - Ғани Бейсембаев

3204
Adyrna.kz Telegram
Фото: amanatpartiasy.kz
Фото: amanatpartiasy.kz

Қазақ мектептерінде орыс тілін оқытуды тоқтату мүмкін емес. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Бұл талап Қазақстан мектептерінің мемлекеттік стандартына енгізілген.

Өткен апта соңында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында журналистер министрден қазақ мектептерінде балалардың орыс тілін үйренуге неліктен міндеттелетінін және балама ретінде неге басқа тілдер оқытылмайтынын сұрады.

Министр мектептердің мемлекеттік стандарты бойынша қазақ, орыс тілдерін үйрену міндетті екенін түсіндірді.

"Мемлекеттік стандарт, оқу бағдарламасы бар, барлық қазақстандық мектептер осы қағидалар бойынша жұмыс істейді. Тілдерді дамыту өте маңызды. Қазақ тілін меңгеруді арттыру және басқа тілдерді оқыту сапасын көтеру қажет. Біздің балалар неғұрлым көп тіл білсе, олардың бәсекеге қабілеттілігі соғұрлым жоғары болады. Біз қазір қазақ, орыс тілдерінде сөйлейміз, балаларымыз тіл үйрену мүмкіндігінен айырылмауы керек," - деп жауап берді министр.

Ол сондай-ақ министрдің бұйрығымен мемлекеттік стандартты өзгерту мүмкін емес екенін атап өтті. Сонымен қатар әр мектеп оқушылардың қалауы бойынша және мұғалімдердің қатысуымен кез келген шет тілін факультативті оқытуды енгізе алатынын жеткізді.

Пікірлер