USAID кете ме, мұнымен іс біте ме? Бұл Трамп бұрынғы Трамптан өзгерек

1386
Adyrna.kz Telegram

Президент Трамп қызметіне кірісе сала АҚШ салық төлеушілерінің қаржысынан құрылған, бірақ өзге елдерге көмек беретін ұйымдар жұмысы шектеп, қайта құрылымдауға кірісіп кетті. Алайда оның салдары қандай болуы мүмкін?

АҚШ президенті Дональд Трамптың бұйрығымен АҚШ үкіметінің шетелдерге беретін көмегі доғарылды. Үкіметтің гуманитарлық, экономикалық және техникалық көмек көрсетуіне жауапты Халықаралық даму агенттігінің (USAID) жоғары лауазымды ондаған шенеунігі демалысқа жіберіліп, агенттіктің мыңдаған қызметкері мен мердігерлері жұмыстан босатылды. Барлық бағдарламалар ресми түрде тоқтатылды.

Бұған дейін миллиардер Илон Маск USAID-тың «қалпына келтірілмейтінін» айтып, оны жабу қажеттігін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, бұл ұсынысты АҚШ президенті Дональд Трамп қолдаған.

КОНГРЕСТІҢ ҚҰПТАУЫН ҚАЖЕТ ЕТПЕЙТІН ШЕШІМ БЕ?

Алғашқы бетте USAID-тің 600-ден астам қызметкері агенттіктің компьютерлік жүйелеріне қол жеткізе алмай қалғанын хабарлады. Вашингтондағы штаб-пәтерде жұмыс істейтіндерге кеңсенің жабылуына байланысты үйде қалу керектігі туралы хаттар жіберілген. USAID-тың ресми веб-сайты да жұмыс істемей тұр.

Трамп USAID-ты жабу көптен бері қажет болғанын айтты. Бірақ өзінің алғашқы президенттік мерзімінде бұл концепция ұнағанын мойындады.

Журналистердің «Конгрестің бұл қадамды мақұлдауы қажет пе?» деген сұрағына Дональд Трамп USAID агенттігін жабу туралы шешімі қосымша мақұлдауды қажет етпейтінін айтып жауап берді.

«Біз бәрін дұрыс жасағымыз келеді. Бұл баяғыда-ақ жасалуы тиіс нәрсе еді. Байден әкімшілігі кезінде нағыз бассыздық орын алды», - деді ол.

Кәсіпкер Илон Маск Трамптың қолдауымен федералды үкіметтің тиімділігіне толық тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады. X платформасындағы стримінде миллиардер президентпен агенттік жұмысына қатысты егжей-тегжейлі талқылау өткізгенін және оны жабу керек деген шешімге келгенін айтты.

«Бұл жай ғана ішінде құрт бар алма емес. Бұл – толығымен құрттардан тұратын клуб. Одан құтылу керек. Ол қалпына келтірілмейді», - деді Маск.

Трамп әкімшілігі USAID-тың қауіпсіздік қызметінің де екі басшысын уақытша демалысқа жіберді. Бұған олардың Илон Маск басқаратын мемлекеттік басқару тиімділігі департаментіне (DOGE) агенттіктің қорғалған жүйелеріне қол жеткізуге рұқсат бермегендері себеп болды.

ҚАШАН ДА КЕТКЕНДЕР КІНӘЛІ МЕ?

Илон Маск басқаратын мемлекеттік басқару тиімділігі департаменті (DOGE) бұған дейін қаржы министрлігінде тексеру жүргізіп, Social Security мен Medicare жүйелеріндегі құпия төлем ақпаратына қол жеткізген. Америкалық БАҚ мәліметінше, осы жағдайдан кейін қазынашылықтың жоғары лауазымды қызметкерлерінің бірі отставкаға кеткен.

Ал USAID агенттігінің жабылуы АҚШ президенті Дональд Трамп бастаған мемлекеттік құрылымдарды қайта құрылымдау саясатының бір бөлігі болып отыр. Бұл реформа федералды үкімет пен оның бағдарламаларына тікелей әсер етуде.

АҚШ әлемдегі гуманитарлық көмек көлемі бойынша бірінші орын алады. Жаңа әкімшіліктің шешімдері Америка саясатының ұзақ жылдар бойы қалыптасқан бағыттарын өзгертуде. Бұл әрекет Қытай мен Ресей сияқты қарсыластарға қарсы гуманитарлық көмекті негізгі құрал ретінде пайдаланудың маңыздылығын жоққа шығарады.

Трамп, Маск және Конгрестегі республикашылдар алдыңғы әкімшілікті сыртқы көмекті ысырап етуге, радикалды либералдық әлеуметтік бағдарламаларды насихаттауға және қаржы жымқыруға жол берді деп айыптады. Дегенмен, жаңа президент бұл айыптауларға нақты дәлелдер келтірген жоқ.

ДЕМОКРАТТАР СОТҚА БЕРМЕК

АҚШ шетелдік көмекке өз бюджетінің 1 пайыздан аз бөлігін жұмсайды. Бұл көрсеткіш басқа елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

Демократиялық партия өкілдері USAID-тың жабылуына қарсылық білдіріп,  бұл шешім Илон Масктың Вашингтондағы ықпалының айқын дәлелі екенін мәлімдеді.

Демократтар Трамп әкімшілігін сотқа беруге дайындалып жатқанын жариялады. Сонымен қатар, олар USAID қайта ашылмайынша, президенттің мемлекеттік департаментке ұсынған кандидаттарын бекітуден бас тартатынын хабарлады.

Дегенмен, қарашадағы сайлаудан кейін демократтар Өкілдер палатасы мен Сенатта басымдыққа ие емес. Сол себепті, олардың Трамптың шешімдеріне ықпал ету мүмкіндігі шектеулі.

Бүгінде USAID жақтаушылары агенттік бағдарламалары АҚШ-тың Ресей мен Қытайдың ықпалына қарсы тұруына көмектеседі деп санайды.

2024 жылдың қаңтарында жариялаған есепке сенсек, АҚШ 2023 жылы шетелдік көмекке шамамен 40 миллиард доллар жұмсаған. Америкалық БАҚ-тың хабарлауынша, Трамп әкімшілігі USAID-ты мемлекеттік департаментке қосу жоспарын дайындап жатыр.

КӨКТЕН СҰРАҒАНЫ ЖЕРДЕН ТАБЫЛҒАНДАР

АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігінің (USAID) жабылуы халықаралық қауымдастықта әртүрлі пікірлер тудырды. Кейбіреулер бұл қадамды АҚШ-тың сыртқы саясатының өзгеруі ретінде қабылдаса, басқалары оның жаһандық гуманитарлық және даму бағдарламаларына әсеріне алаңдаушылық білдіруде.

Ресейлік философ Александр Дугин «Вконтакте» әлеуметтік желісінде жазған пікірінде USAID-тың жабылуына оң көзқараста екенін кбайқатты. Ол бұл агенттікті АҚШ-тың жаһандық ықпалының негізгі құралы, Ресей мен басқа елдердегі түрлі-түсті революцияларды ұйымдастырушы күш ретінде сипаттады. Оның пікірінше, USAID-тың жойылуы – жаһандануға қарсы маңызды жеңіс. Себебі бұл ұйым АҚШ-тың әлемдегі либералдық ықпалын таратып, сыртқы басқаруды қамтамасыз етіп келген.

Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанның кеңесшісі (туысы емес) Балаш Орбан USAID-ті «заңсыз шетел қаржыландыруының» көзі деп сипаттап, «Трамп пен Маск ақырында осы сыбайлас жемқорлық машинасымен күресті»,- деп жазды.

USAID-тың уақытша басшысы болып тағайындалған Марко Рубио агенттікті сынға алып, оның бастапқы миссиясынан ауытқып, АҚШ-тың негізгі ұлттық мүдделеріне сәйкес келмейтін жобаларға қаржы бөлгенін атап өтті. Рубионың айтуынша, USAID «америкалық мүдделерді шетелде ілгерілету» бағытынан алыстап кеткен.

ДЕМОКРАТИЯНЫ ҚОЛДАУДЫ ДОҒАРУ МА?

АҚШ президентінің баспасөз хатшысы Каролин Левитт Джо Байден кезінде Ақ үйдің USAID арқылы Қазақстандағы "дезинформациямен күреске" 4,5 миллион доллар бөлінгенін хабарлаған. Алайда, Левитт бұл қаражаттың нақты қалай жұмсалғаны туралы егжей-тегжейлі ақпарат бермеді.

Қазақстандықтар да  USAID қызметінің тоқтауын жақсылыққа жорып жатқан жоқ. Мейіржан Әуелханұлы әлеуметтік желідегі парақшасында «USAID‑ті жабу Трамптың мұқият ойластырылған геосаяси қайта құрылымдауы ма әлде жеке кек пе, деген сұраққа қарамастан, бұл әрекет АҚШ-тың сыртқы саясатының практикалық және философиялық бағытын түбегейлі өзгерткенін көрсетеді,» - деп жазды. Оның пайымдауынша, Америка осы арқылы әлемдегі демократиялық қозғалыстарды қолдау рөлін ресми түрде аяқтаған болып есептелуі мүмкін.

Ал Серік Мұратхан болса «Анау дейміз, мынау дейміз,Трамп деген сарбас шал әлемнің дүние жүзілік екінші соғыстан кейін қалыптасқан заңдарына нүкте қойды», - деп өз тұжырымын білдірген.

Оңғар Қабденнің пікірі мынандай: «Трамп демократияны қолдауға бөлінетін ақшаны тоқтатты. АҚШ грантымен жұмыс істейтін ұйымдар жабылуда. Дональд білгенін істеп жатыр».

Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
У мужчин челюсти отвалились, когда они увидели ее страстный танец
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Этот танец невесты оставит вас без слов! Пересмотрела 10 раз!
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Видео с выпускного "убило" всех родителей: кто это заснял?!
Пікірлер