АҚШ-та зымыран жеткілікті ме? Трамп жауап берді

152
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/gjXxgsbfxEGLlUowQeQXrYuPBQ7ASQaIZjpTB2hT.jpg

АҚШ президенті Дональд Трамп бірқатар БАҚ-та жарияланған елдегі қару-жарақ қорының сарқылуы туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Report агенттігіне сілтеме жасап.

Truth Social желісінде жариялаған мәлімдемесінде америкалық көшбасшы АҚШ-тың оқ-дәрі қоры жеткілікті екенін және өндіріс көлемі үздіксіз артып жатқанын айтты. Оның сөзінше, қорғаныс компаниялары елде рекордтық көлемде зауыттар мен өндірістік кәсіпорындар салып жатыр. Сонымен қатар оқ-дәрілер қажеттілікке қарай тұрақты түрде жеткізілуде.

«АҚШ-та оқ-дәрінің, әсіресе кейбір түрлерінің қоры өте мол. Бұған қоса, қажет болған жағдайда елде үлкен көлемде оқ-дәрі өндіріліп, жеткізіліп жатыр. Қорғаныс компаниялары біздің елде тарихтағы ең көп зауыттар мен өндірістік нысандарды салып жатыр», – деді Трамп.

Сондай-ақ ол қару-жарақ тапшылығы туралы ақпарат таратқандарды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

«Осы мәлімдемелерді таратқан адамдар анықталып жатыр. Біз олардың ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуына қол жеткізуге тырысамыз», – деп атап өтті АҚШ президенті.

Бұған дейін The Washington Post газеті дереккөздерге сілтеме жасап, Трамптың Пентагон басшысы Пит Хегсеттен алыс қашықтыққа ұшатын зымырандар мен зымыранға қарсы қорғаныс жүйелеріне арналған тосқауылдаушы зымырандардың тапшылығы туралы ақпаратқа түсініктеме беруді талап еткенін жазған болатын.

Басылым мәліметінше, оқ-дәрі тапшылығы Вашингтонның Иранға ауқымды соққы жасау мүмкіндігін шектеп, жаңа шабуылдардың тоқтатылуына әсер еткен факторлардың бірі болған. Алайда Ақ үй мен Пентагон бұл ақпаратты теріске шығарды.

Пікірлер