Петропавлда ер адам көлігін 5 минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл төлеуге мәжбүр болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы полицияға көршісі хабарлаған. Нәтижесінде көлік иесіне 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл салынды.
Бұл жағдай өңір тұрғындары арасында қызу талқыланды. Себебі ауа температурасы кейде -40 градусқа дейін төмендейтін аймақта көлікті 5 минутта жылыту қиын.
Ішкі істер департаменті бұл талаптың жаңалық емес екенін, жол жүрісі қағидаларының 20 жылдан бері бар бөлігі екенін түсіндірді. Олардың мәліметінше, егер көлік қозғалтқышы қосулы күйде 5 минуттан артық тұрса және бұл тұрғындарға қолайсыздық тудырса, көлік иесіне Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 597-бабының 1-бөлігі “Көлiк құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу” бойынша айыппұл салынады.
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті мұндай айыппұлдардың жаппай салынбайтынын, тек тұрғындардан шағым түсіп, жеткілікті дәлелдер болған жағдайда ғана шара қолданылатынын айтты.
Еске сала кетейік, бұған дейін көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға 19 мың теңге айыппұл салынатыны туралы жазған едік.
15 қаңтар күні Мәжілісте көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл салу нормасын орталық және солтүстік өңірлердің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, әділетті жолдарын қарастыру ұсынылды.