"Шара қолданбады". Көлік қағып, мертіккен баланың туыстары кінәлінің жазалануын сұрайды

1510
Adyrna.kz Telegram
Фото: pixabay
Фото: pixabay

Алматы облысында баланы қағып, мерт қылған күдікті тергеу изоляторына қамалмаған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Информбюро жаңалықтарына сілтеп.

Үй маңында ойнап жүрген 5 жасар Әли Оғлы Зұлқайнарынды көлік қағып кеткен. Салдарынан бала көз жұмған. Марқұмның ата-анасы кінәлілер әлі жазасын алмастан істі жабуға тырысып жатқанын хабарлады. Ал қайғылы жағдайға куә болғандар күдіктінің шара қолданбағанын айтады.

“Мен жерде жатқан баланы көріп, бірден ата-анасын айғайлап шақырдым. Бәріміз не істерімізді білмей қалдық. Көлік жолдың ар жақ бетінде тұр екен. Жүргізушісі ұзақ уақыт шықпады. Жедел жәрдем шақырып жатқанда, баланың жанына келіп, балағат сөздер айтты. Артынша көлігінің маңына барып телефонмен сөйлесті”, – деді ауыл тұрғыны Зарина Сағараева.

Ауыл тұрғындары бүлдіршінді қаққан көлік иесі осы ауылдың тұрғыны әрі мектепте мұғалім болып жұмыс істейді дейді. Ал марқұмның туыстарының сөзінше, оқиға болған күні құзырлы орган қызметкерлері жүргізушінің жағдайына қатысты сараптама жүргізбеген, тергеуге де алмаған.

“Қаққан көлік жүргізушісін қамамады, ешқандай шара қолданылмады. Тіпті кешірім сұраған жоқ. Кеше туыстарымен келіп, өзінің кінәсіз екенін айтып, керісінше бізді балағаттап кетті. Мен кінәлі әйел тиісті жазасын алса деймін. Бүгін бауырым өлді, енді ертең тағы біреудің баласы өледі. Әділеттілік орнауы тиіс”, – деді марқұмның ағасы Мұрат Әбитов.

Ал мұндай істің ауылда бірінші рет болғанын мәлімдеген округ әкімі істі құзырлы органға тапсырғанын айтқан.

“Қиын жағдай болып отыр. Бұл мәселемен бүгінде Еңбекшіқазақ ауданының полициясы айналысып жатыр”, – деді Саймасай ауылдық округінің әкімі Бақытжан Чурмаков.

Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше қылмыстық кодекстің 345-бабы "көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу" бабы бойынша іс қозғалған.

Дегенмен марқұмның туыстары бұл іске көңілі толмайтындарын айтады.

Пікірлер