Халық қаржысы халыққа жұмсалуы тиіс! – Қазыбек Иса

1013
Adyrna.kz Telegram
Фото: dknews.kz
Фото: dknews.kz

Гол салмайтын, тек халық қазынасына қол салатын, қол салғанда мол салатын футболға миллиардттарды босқа шашуды тоқтатату керек! Пұлымызды мақтайтын, тілімізді таптайтын Черчесовке өз қақпамызға кіргізген әр голы үшін  80 млн төлейміз?!

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Ақ жол» партиясы фракциясы депутаттық сауалын жариялаған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса еліміздегі спорт саласындағы қисапсыз  қаржының орынсыз жұмсалуын қатаң тексеруді талап етті.

ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа,

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы Асхат Жұмағалиға,

ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновқа

Біз бұған дейін бірнеше рет спорт саласы, оның ішінде футболға кетіп жатқан  сансыз миллиардтар туралы депутаттық сауал жасадық. 2021 жылы жасаған сауалымыз қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қазақ қазынасы арқылы байып жатқан шетел легионерлері шеруін  тоқтату туралы талабымыз да  қоғамның қатты қолдауына ие болған еді. Өйткені сол кезде тек премьер-лиганың 150 футболшысы, яғни 40 пайыздайы шетелдіктер еді. Тіпті, бірінші лигада да 16 легионер бар еді.

Ал биылғы 2024 жылғы Парламенттегі спорт туралы заң жобасы таныстырылымында Ұлыбритания, Франция, Германия тб дамыған елдер, тіпті көршіміз Өзбекстан да  17-18 спорт түрін ғана қаржыландырса, біздің Қазақстан олардан 10 есе асып түсіп, 180 спорт түрін қаржыландыратыны, яғни, министрліктің спортты сауын сиыр етіп алғаны туралы  көтерген мәселеміз де көптің қолдауына ие болған-тұғын. Бірақ,  жыл сайын тек 13 жазғы және 5 қысқы олимпиадалық спорт түрлерінен ғана медал жеңіп алынады. Яғни, біздің талап еткен 18 спорт түрі осы жерден-ақ шығып тұр.

Өйткені, Спорт министрлігінің мәліметі бойынша «2018-2020 жылдары спорттың барлық түрлеріне 646 млрд теңге бөлінген, оның 72 пайызына жуығы еліміз үшін басымдығы мен маңызын ескерілмей бөлінген.»

Яғни, сонда 3 жылда 500 млрд-тай ақша далаға кеткен болып тұр?! Ал бұны 30 жылға көбейтсек, есебіміз жаңылыспаса, 15 триллион теңге болады!!? Бұл елдің жылдық бюджетінің 70 пайыздайы?!

Бір қуанарлығы, қазір Мәжілісте талқыланып жатқан заң жобасында осы легионерлерді тоқтату мен 180 спорт түрін қысқарту секілді бірқатар мәселелер оң шешілетін болды. Спорттың 60-70 түріне қысқартпақшы министрлік! Соның өзінде Еуропа елдерінен 4 еседей көп?!

2018 жылдан бастап спорт саласының бюджеті 2 есеге өсіп, 1,4 трлн теңгені құрады. Алдағы 3 жылға тағы 1,3 трлн теңге бөлу жоспарланған. Қаншама мол қаржыландыруға қарамастан, Қазақстан олимпиадалық медальдық есептерде және Дүниежүзілік спорт рейтингінде ең төмен орындарда.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев спортта бюджеттің ақшасын оңды-солды  шаша беруді тоқтатуды талап етсе де, ақша шашу ағынын әзір азаймай тұр..

Тек соңғы 6 жыл ішінде (2018-2023 ж.) «Самұрық-Қазына» АҚ 4 кәсіптік клубқа 138 млрд теңге бөлген. («Астана» ФК - 50,1 млрд, «Барыс» ХК - 48,8 млрд, «Astana Qazaqstan Team» велотобы - 31,5 млрд, «Астана» БК - 8 млрд). Не деген миллиардтар десеңізші?!.

Қазақстанда ең көп жалақы алатын – футболшылар.  Біз шаршап қалған Аршавин сияқтыларға да  55 млн. теңгеге дейін айлық төлегенбіз кезінде. Еуропадағыдай нарық қалыптасып, жеке клубтар өз қалталарынан төлеп жатса мейлі ғой. Бізде мемлекеттің бюджетінен, яғни, халықтың қалтасынан төленіп жатыр.

Бюджеттен қыруар қаржы бөлетіндей, футбол мемлекеттің маңызды мәселесі ме? Мемлекеттің бюджетінен тек мемлекеттің маңызды саласына ғана үнемделіп қаржы бөлінуі керек. Халық қаржысын футболға шашып отырған Қазақстан секілді ел әлемде жоқ.

Футболды дамысын деп қанша қаржы бөлсек те, футболымыз емес, футболдағы жемқорлық сонша дамып жатыр. ФИФА рейтингісі бойынша біз әлі күнге дейін соңғы 110-130-шы  орындар арасында жүрміз. Омыраулаған 30-дыққа кіруді ойлауды да қойғанбыз. Ал футболдағы №1 жемқорлық қылмыс болып саналатын «келісіп алған күдікті ойындар-матчтар» саны бойынша әлемдік рейтингте алдыңғы 4-орынға шығып, спортта да жемқорлыққа ұшыраған ел болып танылудамыз.. (Sportradar халықаралық ұйымының антирейтингі). Әрине, жемқорлықтан әр қашан алдамыз бар салада! Оған еш күмән жоқ...

Сонда біз мемлекеттің қаржысын футболдағы жемқорлықты дамытуға жұмсап жатырмыз ба? Фактілерге қарасақ, солай. Тоқетері, спорт, футбол деген мемлекеттің млрд-таған қаржысын шығындатын, әлдекімдердің қалтасын тығындататын салаға  айналған.

Ал спортымыздағы ең масқаралардың бірі - «Астана велоспорт» клубына кетіп жатқан қыруар қаржының нақты есебін де ешкім білмейді. Тек «Самұрық – Қазынаның» өзі  31,5 млрд теңге аударғанын айтып өттік.   Біздің бүкіл ұлттық спортымызға бөлініп жатқан қаржы осы шайтанарба айдағандарға шаш-етектен шашылып жатқан ақшаның ширегіне де жетпейді.

Ал енді олар олимпиадада, Тур де Франс, Джиро де Италия жарыстары этаптарында ешқашан Қазақстан туын көтерген емес. Олар тек өз елдерінің туын көтеріп, әнұранын айтады. Сонда қалай, біз қазақтың миллиардтарын аямай шашамыз оларға, олар өз елдерінің атын шығарады ол ақшаға? Мұндай қорлыққа Қазақстаннан басқа қандай ел көнеді?

Мемлекет басшысы биыл 2024 жылы 27 тамызда Олимпиада жүлдегерлерімен кездесуде шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек екенін тапсырса да, екі ай өтпей, екі велошабандозды Франция мен  Италиядан   алдырып,  келісім-шарт жасағанын Астана велоспортына не деуге болады?!

Президент сол жиында еліміздегі 500-ден астам Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебіндегі олимпиадалық спорт түрлерінің жоғары жетістіктер нәтижесі нашарлығын,  қаржының дұрыс бөлінбеуінен бюджет ақшасының басым бөлігі «желге ұшатынын» өте дұрыс айтқан еді.

Иә, мысалы, Қазақстанда 100-ден аса футболдан Балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық спорт мектебі бар екен. Бірақ Қазақстан осы күнге дейін футболдан олимпиадаға қатысқан жоқ. Сонда нәтиже қайда, 33 жыл бойы не дайындап келе жатыр? 33 жыл бойы жұмсалаған миллиардтардың өтеуі қайда?

Мемлекет басшысы 2023 жылы барлық спорт федерацияларына ревизия жүргізу туралы тапсырма берді. Содан бері екінші жылға кетіп барады, ештеңе істелген жоқ, білуімізше, бір ғана федерацияға ревизия жасалған. Атышулы футбол федерациясына әлі ешкім жолаған жоқ.

Ал футболдан төрт ойында қақпасына 8 гол кіргізіп, ойсырай ұтылған, бір де бір рет жеңіске жетпеген ұлттық құраманың бас бапкері, ресейлік Шершесовке Барменқұлов басқаратын Қазақстанның футбол федерациясы жылына 640 млн тг төлейді дейді баспасөз. Ал енді 640 миллионды 8 голға бөлейік? Сонда біз пұлымызды мақтайтын, тілімізді таптайтын Черчесовке қарсыластың емес... біздің ұлттық құраманың өз қақпасына  салғызған әр голы үшін 80 миллион теңге төлеп отырмыз!?.

Ең өкініштісі 30 жыл бойы футболға бөлініп келген бюджеттің осынау қыруар қаржыларына не футболды дамытқан жоқпыз, не инфрақұрылым салған жоқпыз. Стадиондарымыз кешегі Кеңес одағынан қалған, кемі 70 жыл бұрын салынған. Қазақстан 30 жылда 1 ғана стадион салса, футбол бюджеті бізден екі есеге жуық аз, Олимппиадан алтын арқалап қайтатын  Өзбекстан 10 стадион салып тастаған...

Осыдан 3 жыл бұрын күйінгеннен айтқан едік: «Миллиардтар жұмсалып жатқан қазақ футболында гол жоқ, ал ауылдарда жол жоқ! Гол салмайтын, тек халық қазынасына қол салатын, қол салғанда мол салатын футболға миллиардттарды босқа шашуды тоқтататын уақыт жетті!»-деп. Содан бері де жетіскеніміз шамалы, енді ел болып, есімізді жиюға тиіспіз!

«Ақ жол» фракциясы ұсыныстары:

1.Бас прокуратура мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі  Президент тапсырмасын басшылыққа алып,   барлық спорт федерациялары мен кәсіптік спорт клубтарына жедел ревизия жүргізуі тиіс.

2.Осы уақытқа дейін мемлекеттен спортқа, соның ішінде футбол саласына бөлінген қаржының есебі берілуі тиіс. Өйткені ол халық қаржысы! Еліміздегі кәсіби футбол клубтарына бюджеттен жыл сайын қанша қаржы бөлінді? Қазақстан футбол федерациясына 2002 жылдан бері УЕФА-дан жыл сайын қанша қаржы бөлінді? Туризм индустриясы мен спортты қолдау қорынан және Ұлттық олимпиада комитетінен, «Самұрық-Қазына» қорынан  футбол федерациясына жыл сайын қанша қаржы бөлінді және қайда жұмсалды, бәрінің есебін ел білуі тиіс.

3.Кәсіби спорт, футбол – бұл негізі бизнес. Ал әлемде кәсіби спорт мемлекеттің мойнына мініп алмайды. Сондықтан, бюджетке байланған футбол және басқа да кәсіптік клубтардың барлығын жекешелендіріп, мемлекеттен қаржыландыруды тоқтату қажет;

4.Кезінде «Ақ жол» партиясы талай көтергендей, мемлекет қаржысы балалар мен жасөспірімдер мектептерін дамытуға, ұлттық спортқа бөлінуі керек. Ауылдардағы талантты балаларға жағдай жасалуы керек. Аудан орталықтарында, қала маңында да тегін футбол алаңдарын салу керек.

Халық қаржысы халыққа жұмсалуы тиіс!

 

Құрметпен, «Ақ жол» фракциясы депутаттары:

Қазыбек Иса,

Азат Перуашев,

Дәния Еспаева,

Ерлан Барлыбаев,

Серік Ерубаев,

Ержан Бейсенбаев.

Абзал Құспан, бір мандатты депутат,

Болат Керімбек, «Amanat» партиясы мүшесі

 

Пікірлер