Премьер-лиганың 13-туры аясында өткен «Елімай» – «Ордабасы» матчында шу шығарғандарға қатысты шешім қабылданды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
14 маусым күні Семей қаласында “Елімай” мен шымкенттік «Ордабасы» арасында ойын өткен.
Алайда матч соңында дау шығып, жұрттың назарын аудартқан.
Шешімге сәйкес, «Елімай» клубының бас бапкері Андрей Карпович төрт матчқа шеттетілді. Ол төреші шешімімен келіспейтінін агрессивті түрде білдіріп, ойын барысында ойыншылар, клуб өкілдері және төрешілер арасында жанжал туындауына себеп болған.
Сонымен қатар «Елімай» ойыншысы Жан Али Пайруз да төрт матчқа дисквалификацияланды. Ол орталық алаңда бас төрешіге физикалық қысым көрсету әрекетін жасағаны үшін жазаланды.
Клубтың басқарушы директоры Федор Симинидиге стадиондарға кіруге тыйым салынды. Шектеу 2026 жылдың 1 қазанына дейін күшінде болады. Сондай-ақ оған 100 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Федерация дерегінше, Симиниди матч кезінде және одан кейін төрешілерге агрессия танытып, этикалық нормаларды бұзған.
«Елімай» клубының өзіне де бірқатар тәртіптік санкциялар қолданылды. Жанкүйерлердің төрешіге балағат сөз айтуы, зат лақтыруы және тәртіп бұзуы үшін клубқа жалпы 400 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Сонымен бірге матчтың бас төрешісі Арман Исмуратовқа да қатысты шешім қабылданды. Ол әдепсіз мінез-құлық көрсеткені үшін 2026 жылдың 1 қазанына дейін қызметінен шеттетілді.
