Атырауда газ тапшылығына байланысты көлік кептелісі пайда болған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Әлеуметтік желіде қалада газ тапшылығы пайда болғаны туралы бейне тараған. Көлік жүргізушілері көліктеріне жанармай құю үшін 5-6 сағат күтуге мәжбүр екенін айтып, шағымдануда.
"Біз мұнайлы астанада тұрамыз, бірақ үнемі газ тапшы. Жыл сайын осындай мәселеге тап боламыз, ешқандай өзгеріс жоқ", – дейді тұрғындардың бірі.
Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, облыстағы жанар-жағармай құю бекеттеріне 7020 тонна сұйытылған газ бөлінген.
"Атырау мұнай өңдеу зауытында ресми мәлімет бойынша жоспарлы жұмыстарға байланысты өндіріс уақытша тоқтатылды. Сондықтан сұйытылған газ көршілес аудандардан тасымалданады. Сонымен қатар қазан айында ішкі нарықты толық қамтамасыз ету үшін министрлік қосымша 880 тонна автогаз сұрады", – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жантас Оспан.