Энергетика министрлігі елдегі бензин қорының қанша қалғанын хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.
Министрліктің хабарлауынша, Қазақстандағы мұнай базаларында, жолда, мұнай өңдеу зауытындағы және АИ-95 "премиалды" автобензинінің импорты көлемдерінің жиынтық қоры 36,5 мың тонна (елдің 12 күндік қажеттілігі). Ал АИ-92-ден – 257,1 мың тонна (18 күн) қалған.
Сонымен қатар, министрлік елдегі жанар-жағармай бағасына қатысты да мәлімдеме жасады:
"АИ-92 автобензинінің шекті бағасы бағаны мемлекеттік реттеуге байланысты 205 теңге/литрден аспауға тиіс. АИ-95 бағасын мемлекет реттемейді, сондықтан жанармай құю станциясының "пистолетінен" шығатын баға нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа байланысты өзгеруі мүмкін", – деп хабарлады Энергетика министрлігі.
Сондай-ақ Энергетика министрлігі АИ-95+ автобензиніне демалыс кезеңін және сұраныстың артқанын айтты. Бұған сай өнімді АЖҚС ірі желілеріне (QazaqOil, Helios, Sinooil, Газпромнефть, Gasenergy) импорттау мүмкіндігі туралы түсініктеме берді:
"Павлодар облысына келетін болсақ, АЖҚС ірі желілері бойынша еркін сатылатын отын, жазғы демалыс кезеңіне және тұтынудың артуына байланысты шектеулер болуы мүмкін. 2023 жылғы 28 шілдедегі жағдай бойынша Павлодар облысында мұнай базаларында және жолда 0,8 мың тонна АИ-95 немесе 8 тәулікке жететін, Аи-92 – 4,1 мың тонна немесе 9 тәулікке жететін көлемдері бар", – делінген деп түсіндірді министрлік.
Министрлік жоспарлы, алдын алу жөндеу жұмыстары аяқталып, Павлодар мұнай өңдеу зауыты іске қосылғанда автобензиндерді жеткізу көлемінің біртіндеп ұлғаятынын айтты.
"Адырна" ұлттық порталы