«Бұл Олимпиада бұрынғыдан өзгерек». Жазғы Олимпиаданың жарқын сәттері

1372
Adyrna.kz Telegram
коллаж: adyrna.kz
коллаж: adyrna.kz

Бүкіл әлем көз тіккен төртжылдықтың басты додасы 11 тамыздан 12 тамызға қараған түні ресми түрде аяқталды. Жабылу салтанаты «Стад де Франс» стадионында өтті.

2024 жылғы Париж Олимпиадасы өзінің жарқын жеңістерімен, спорттық жетістіктерімен ғана емес, сонымен қатар жұртшылықтың таңдай қақтырған бірқатар маңызды сәттерімен есінде қалды.

ДАУҒА ҰЛАСҚАН АШЫЛУ САЛТАНАТЫ

Париждегі ХХХІІІ Жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 26 шілдеде өтті. Төрт сағатқа созылған салтанатты жиын алғаш рет ашық аспан астында Сена өзенінің жанында ұйымдастырылды. 206 елден жиналған спортшылар құрамасы барж шеруіне қатысып, әйгілі жұлдыздар Селин Дион мен Леди Гаганың өнерін тамашалады.  Алайда ашылу салтанаты Леонардо да Винчидің «Соңғы кешкі ас» картинасына жасалған «сәтсіз» пародиясымен көрермендердің есінде қалды.

Картинадағы көріністі ұқсатуға тырысқан суретшілер үстелдің орнына подиумды бейнелеген. Сондай-ақ, дрэг-суретші Филипп Кэтрин көк грек құдайы Дионис кейпінде өнер көрсетті. Ол өз әнінде зорлық-зомбылықсыз, бейбіт өмірге шақырды. Алайда аталмыш қойылым көпшіліктің сынына ұшырап, жұрт оны христиандық құндылықтарды қорлау ретінде қабылдады.

Париж Олимпиадасының ұйымдастыру комитеті салтанатты шарадағы дау тудырған бұл қойылым үшін кешірім сұрады.

«ЕҢБЕКТЕГЕН БАЛАДАН, ЕҢКЕЙГЕН ҚАРТҚА ДЕЙІН»

Париждегі жазғы Олимпиада ойындарының ең жас қатысушысы 11 жастағы қытайлық Чжэн Хаохао болды. Тамызда 12 жасқа толатын жеткіншек скейтборт турнирінен сынға түсті. Чжен жазғы Олимпиада іріктеуінде 51,73 ұпай жинап, 44 қатысушы ішінде 20-орын алған.

Ал Олимпиададағы ең егде спортшының жасы – 65-те. Ол - испаниялық шабандоз Хуан Антонио Хименес. Бұған дейін ол 2004 жылы Афинадағы Олимпиадада күміс алған болатын. Бұл жолы Испания өкілі небәрі 13-орынға табан тіреді.

ЖАҢА ӨМІРГЕ ҚАДАМ

Париж – махаббат қаласы. Биыл Олимпиадада спорттық жеңістермен қатар жаңа өмірге қадам басқан махаббат көріністеріне де куә болдық. Франциялық жеңілатлет ару Алис Фино ғашықтар қаласында өзінің тоғыз жыл жүрген сүйіктісіне сөз салды. Ол "мәре сызығын кескеннен кейін көп күтпей өзім ұсыныс жасайын деп шештім" дейді. Ол мәреге төртінші болып келді. Ол өз сұхбатында "тоғыз минуттың ішінде жүгіріп шықсам сөз саламын дедім. Тоғыз деген маған сәттілік әкелетін сан. Біз тоғыз жылдан бері біргеміз. "Париждегі махаббат" деп жазылған ілгекті сыйладым", – деді спортшы.

Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Қытай спортшысы Лю Юйчэнь де Париждегі Олимпиаданың алтын медалін иеленген Қытай бадминтоншысы Хуан Яцюнға тізерлеп тұрып, ұсыныс жасады.

«ТҮРІК КИЛЛЕРІ» МЕН «ДОРАМАЛЫҚ АРУ»

Түрік мергені Юсуф Дикечтің Олимпиада ойындарындағы ерекше өнер көрсетуі әлеуметтік желіде үлкен танымалдылыққа ие болды. Ешқандай да арнайы құрылғылар пайдаланбай нысана көздеуде бақ сынап, күміс медаль иеленген Дикечті көпшілік «түрік киллері» деп атап кетті.

Кәріс мергені Ким Е Джи пневматикалық тапаншадан 10 метрден нысана көздеп, күміс жүлдеге қол жеткізіп, көрерменді сүйсіндірді. Көпшілікті қыздың «қылықтылығы» таң қалдырды. Ким Е Джиді желі қолданушылар «дорамалық ару» деп атап, оған «күлімсіреген өлтіруші» деген лақап ат қойды. Ал Илон Маск тіпті Кимнің міндетті түрде экшн фильмінде ойнауы керек екенін айтты.

ӘЙЕЛДЕР БОКСЫНДАҒЫ «ЕРЛЕР»

Алжирлік боксшы Иман Хелиф италиялық спортшы Анджела Каринимен болған жекпе-жегінен соң жұрт сынына ұшырады. Сыртқы келбетіне қарап жұрт Хелифті трансгендер деп атап, әйелдер боксындағы әділетсіздік туралы жар салды.

Дауға айналған қауесеттен кейін оның отбасы қыздарының кішкентай кезіндегі фотоларын жүктеп, көпшілікті жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды. Ал Иман Хелиф 66 келіге дейінгі салмақта Олимпиадалық турнирдің финалдық кездесуінде Қытай Халық Республикасының өкілі Ян Люді жеңіп, алтын медальді жеңіп алды.

Бокстан 57 келіге дейінгі салмақта алтын медаль алған nайваньдық спортшы Лин Ютин де гендерлік жанжалдың құрбаны болды.

Бұған дейін Иман Хелиф пен Лин Ютин екі рет гендерлік тестілеуден өтпегендіктен Ыстамбұл мен Нью-Делиде өткен әлем чемпионаттарына қатысудан шеттетілген болатын, оның егжей-тегжейлері әлі ашылмаған.

ЖҮКТІ СПОРТШЫЛАР

Египеттік семсерлесуші Нада Хафез құрсағындағы жеті айлық баласымен Олимпиадаға қатысып, 1/8 финалға дейін жетті. Үш мәрте Олимпиада ойындарына қатысқан жас ана осы жолғының жөні бөлек дейді. Ол өз сұхбатында «екі адам семсерлескенімен, үш адам сайысқа түсті» -дейді.

Сонымен қатар, садақ атудан сынға түскен әзербайжандық мерген Яйлагюль Рамазанованың да құрсағында жеті айлық баласы болған. Ол өзін қолдап жатқан жанкүйерлерге алғысын білдірді. Ол аяғы ауыр болып жүріп Олимпиадаға дайындалу оңай болмағанын және өзінің жарыстағы нәтижесіне көңілі толмағанын айтты.

ТАРИХИ ЖЕҢІСТЕР

Кубалық балуан Мижайн Лопес Нуньес Париж ойындарының финалында Ясмани Акостаны оңай жеңіп (6:0) бес дүркін Олимпиада чемпионы атанып, тарихи мансабын тәмамдады. Биылға Олимпиададағы жеңісінен соң Нуньес боз кілемге аяқ киімін шешіп, жұртшылықтың құрметіне бөленді.

Сербиялық атақты теннисші, «Үлкен шлем» турнирінің 24 дүркін жеңімпазы 37 жастағы Новак Джокович биылғы Олимпиадада алтын медаль иеленіп, тарихта өз есімін алтын әріппен қалдырды. Джокович Олимпиада ойындарына бес мәрте қатысып, ақыры Парижде дегеніне жетіп, чемпион атанды.

 

Дина Литпин

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер