Ситуативті орынбасар. Бозымбаев жүктелген міндетті ептей ала ма?

2101
Adyrna.kz Telegram

Қанат Бозымбаевтың жаңа қызметке тағайындалуының астарында не жатыр? Премьердің орынбасары ретінде алғашқы жиналысқа қатыспаған ол өзін ширақ шенеунік ретінде көрсете бастады. Сарапшылар бұл тағайындаудың сан қырлы екенін айтады.  

Қанат Бозымбаевтың 31 наурызда аяқ астынан Үкімет басшысының кезекті, жетінші орынбасары болып тағайындалуы тасқын судың тасасында қалды. Әйтпесе, аталған тұлғаның Олжас Бектенов басқаратын министрлер кабинетінің мүшесі болып шыға келуінің өзіндік маңызы бар сияқты. Ол жаңа тағайындауға дейін президент кеңесшісі болған.

Қанат Бозымбаев жетекшілік ететін салалардың ішінде төтенше жағдай мен су мәселесі ерекше аталады. Ол өзі тағайындалғаннан кейінгі Үкіметтің алғашқы отырысына қатыспай, бірден су тасыған аймаққа сапарлады. Оның Ақмола облысын аралау кезінде тараған видео-көріністерде оның халықпен кездесуде өзін өктем ұстағаны байқалады.  

Қаңтарда диалогқа шықса да жұртты «тыңдата» алмаған Қанат Алдабергенұлы алдағы уақытта не тындырады? Жалпы Қанат Бозымбаевтан не күтеміз?

«ҮМІТТЕНІП КҮТУДЕН ШАРШАДЫҚ»

Саясаттанушы Қазыбек Бейсебаев Қанат Бозымбаевты мінезді әрі тәжірибелі басшы екенін мойындайды. Алайда ол  Үкіметтің жұмысын жандандырып жіберу бір адамның қолынан келмейтінін ескертті.

- Қанат Бозымбаев үш облысты басқарып, министр болған адам. Бірақ ол Қаңтар оқиғасынан кейін көрінбей кетіп еді. Енді оны су тасқыны және тағы басқа мәселемен айналысады деп вице-премьер етіп тағайындады. Ол енді қандай жұмыскөрсете алады? Бұл тағайындау біздің елде кадрлық кризистің бар екенін көрсетті. Кеше жұмыстан босатқан адамын қайтадан қызметке алып жатыр. Жамбыл, Павлодар және Алматы облысын басқарып, Энергетика министрі болғанда оның жетістігін естідік пе? Өз басым ол істеген маңызды шаруаны естеген жоқпын. Ол кәдімгі жоғарыдан алған тапсырманы орындайтын Қазақстанның қалыптасқан шенеунігі, - дейді Қазыбек Бейсебаев.

Ол тапсырманы қандай дәрежеде орындауы мүмкін? Бұл туралы саясаттанушы нақтылық жоғын айтады.

- Оның тапсырмаларды қай деңгейде орындағанын білмеймін. Себебі ол бұл туралы ешкімге есеп бермейді. Жоғары жаққа «Бәрін қатырдық» деп есеп береді де, оның нәтижесін біз білмейміз. Шынын айтқанда, Қанат Боызмбаевтың вице-премьер болғанынан аса бір үміт күтіп отырған жоқпын. Былтыр Су және иррагация министрлігін құрып, Нұржан Нұржігітовты аталған министрлікке әкелді. Соның аяғы не болды? Бүкіл елдің топан су басып кетті емес пе? Шынын айтқанда үміттеніп, күтуден шаршадық. Сенім жоқ, - деді саясаттанушы Қазыбек Бейсебаев.

«СКЛЯРДАН СЫРҒЫҒАН ЖАУАПКЕРШІЛІК»

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Қазыбек Бейсебаев секілді тым қатты түңіліп отырған жоқ. Әйтсе де ол Қазақстан саясатында жеке тұлғалар ештеңе шеше алмайтынын жасырмады.

- Дегенмен, ол тәжірибелі менеджер ретінде аймақтарды, министрлікті басқарған және өзінің адуынды мінезі бар. Маман ретінде нәтиже күтуге болады. Ең бастысы қатаң талап қойып, топан судың зардаптарын жою жөнінде мәселені жолға қою керек, - дейді ол.

Сондай-ақ депутат Үкімет басшысының 7 бірдей орынбасарының болуына байланысты пікір білдірді.

- Негізі жиырма миллион халқы бар қазақтар үшін 7 вице-министрдің болуы қаншалықты өзін-өзі ақтайтынын білмеймін. Менің ойымша, ол қазіргі уақытта қалыптасқан қажеттіліктен туды ма деген ойым бар. Басшылық кадрды желқарындай үрлей бергеннен еш нәтиже шықпайды. Ең бастысы мемлекеттік басқару жүйесін өзгерту керек. Осы тұрғыда өзгерістер болса, нәтиже күтуге болар еді. Вице-премьерлердің санын көбейткеннен одан нәтиже шығады деп ойламаймын. Бірақ қазіргі топан суға қатысты бір адамға жауапкершілік жүктеп, содан сұрау болып тұрған секілді. Сондықтан да бұл өзін-өзі ақтайтын шешім шығар. Негізі осы мәселеге Роман Склярдыңжауапкершілігі болуы керек еді. Бірақ, оларды Бозымбаевтың тағайындауымен жауапкершіліктің барлығын сырғытып, басқа бір лауазымды азаматқа аударып тастаған сияқты көрінеді, – деді ол.

ПЕРСПЕКТИВАЛЫ ПРЕМЬЕР

Қазыбек Бейсебаев Үкімет басшысына 7 бірдей орынбасар бекітілуі тым көп екенін айтады. Сарапшы ары кетсе 2-3 орынбасар болса жететінін ескертті.

- Шыны керек, мен қазір болып жатқан көп дүниені түсінбеймін. Кезінде Швейцарияда Қазақстанның елшілігінде жұмыс істегенмін. Бір қызығы оларда небәрі 7 министрлік бар. Ал министрліктердің басшылары кезекпен президент болады. Ал бізде премьердің 7 орынбасарының болуы сұмдық жағдай. Өкінішке қарай бізде бәрі де бастық болуға ұмтылады, - дейді ол.

Былтыр Әлихан Смайыловтың орнына кім премьер болады дегенде Қанат Бозымбаевтың аты аталған. Қазыбек Бейсебаев оның Үкімет басшысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

 - Қанат Бозымбаевты премьер-министр етуге дайындап жатқан шығар. Қазіргі премьерді жас болғаннан кейін іскер болатын шығар деп ойлағанмын. Жемқорлыққа қарсы мекеменің басқарған соң елде тәртіп орната ма деген үмітболды. Ал оның бірінші шешімі сағат белдеуін өзгерту болды. Әрине сағатты өзгерту Әлихан Смайыловтың кезінде басталған болатын. Бірақ Олжас Бектенов халықпен неге санаспайды? Менің ойымша, алдағы жазда Қанат Бозымбаев премьер-министр болатын шығар. Оны бекерден бекер Үкіметке әкелген жоқ, – деді ол.

Ермұрат Бапи да Қанат Бозымбаевтың Үкімет басшысы болуы мүмкін екенін айтып қалды. Алайда ол вице-премьердің премьер болуы үшін 2-3 жыл керек екенін ескертті.

- Қанат Бозымбаевты осы орынға тағайындаудақазір үкіметтің беделін арттыру мақсаты бар сияқты. Өйткені, бізге қалай болғанда да үкіметте томпиып-томпиып отырған вице-премьерлер қажет емес. Талап қоятын, өзінің менеджерлік білімімен бірге мінезді азаматтар керек. Елдегі өзгерістерге, реформаға батыл барып, жауапкершілікті мойнына алатын, мәселені жоғарыға сілтеп, жоғарыдан бұйрық күтіп отыратын емес, өзі шешім қабылдай алатын, экономикалық секторды мойнына алатын менеджерлер керек. Осы тұрғыдан келгенде, Бозымбаевтың позициясы  алдағы уақытта күшейеді деп ойлаймын. Бәлкім, екі-үш жылдан кейін ол қазіргі бағытынан таймаса, премьер-министр болуы да ғажап емес. Біздің елдегі қалыптасқан кландық жүйе бойынша, Бозымбаевтың премьерлікке кандидатурасының актуалдығы туып тұр деп ойлаймын, – деді ол.

«САТЫП КЕТПЕЙТІН ТҰЛҒА»

Үкімет жақта қалыптасқан жағдай депутаттың болжауынша, былай өрістейтін сияқты.

- Менің ойымша, биыл Бектеновті премьерлікке тағайындаудағы мақсат – жемқорлықты жою, содан соң экономикадағы қылмыспен күресу,  активтерді қайтару процесі болу керек. Негізі, Бектенов экономиканы басқару менеджері емес. Ол құқық маманы. Облыстық, министрлік деңгейде үлкен шаруашылықты басқармаған. Тек қана құқық қорғау саласын басқарған. Менің ойымша, қалай болғанда да үкімет басында Қажыгелдин, Балғынбаев сияқты жауапкершілікті мойнына алатын және реформаларды жүргізуге ықпал ететіндей мінезді менеджерлер керек. Мұғалім сияқты әдеп сақтап үндемей отырған менеджерденқарамағындағы министр мен әкімдер еш қаймықпайды, - дейді ол.

Ермұрат Бапи мәселенің бір ұшын экс-президент Назарбаев тұсында қалыптасқан кландық жүйемен байланысты екенін айтады.

- Қалай болғанда да соңғы 30 жылдағы экономикалық, саяси тұрғыда басқару жүйесінде осындай кландық тәртіп орнаған. Әу баста, яғни 1990 жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында басқару саласы сәл басқа болатын. Мәселен, үкіметті бір кланның өкілі басқарса, Парламентте тағы бір топтың өкілі басшы болды. Яғни әртүрлі аймақтың азаматтары баланс сақтап басқару жүйесі болды. Бірақ, соңғы 7-8 жылдың, тіпті 10 жылдың ішінде бұл баланс бұзылды. ҚазірПрезидент өзіне сенімді, адал, қазақша айтқанда сатып кетпейтін тұлғаларды іздеуге мәжбүр. Себебі, елде қалыптасқан ереже осыған әкелді, – деді ол.

Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бері Үкіметте 13 премьер-министр ауысқаны белгілі.

БОЗЫМБАЕВТЫҢ ДӘУРЕНІ ЖӘНЕ ӘУЛЕТ ПЕН ДӘУЛЕТ

Қанат Бозымбаев – бұған дейін түрлі даулы оқиғаларымен есте қалған шенеунік. Нақтырақ айтсақ, ол 2014 жылы Павлодар облысын басқарғанда оның ұлы Дәурен Алдаберген «қыз зорлады» деп айыпталды, соңынан куәгерге айналды. «Версия» газеті бұл оқиғаның Павлодар облысы әкімінің резиденциясында болғанын жазды. Ал 2018 жылы ол Энергетика министрлігін басқарған кезде бір емес, үш бірдей орынбасары жемқорлық ісі бойынша тұтқындалды. Әйтсе де кейін оларға тағылған айыптардың барлығы алынып тасталды. Сондай-ақ ол Қаңтар оқиғасы кезінде Талқықорғанда «тыңда...» деп көпті балағаттап, басы дауға қалды. Сол кезде Алматы облысын басқарған ол халықтың алдына шығып, мән-жайды түсіндіруге тырысқан санаулы әкімнің бірі болды.

Қанат Бозымбаевтың есімі бизнестің басқа түрлерін былай қойғанда, мұнай саласында да аталып қалады. Оның ұлы Дәурен Алдаберген бензинді көтерме саудамен сататын «Достық Маркетинг» және «LD Trading» ЖШС компаниясына иелік етеді. Соңғы компания 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 4,7 млрд теңге салық төлеген. «LD Trading» ЖШС клиенттерінің тізіміне «Газпром Нефть - Қазақстан» ЖШС, «Гелиос» ЖШС, «Пегас» жанармай құю станциялары желісі, «Қостанайнефтепродукт» ЖШС, «Жаңа газ стансасы» ЖШС, «Ойл» ЖШС, «Премиум Трейд» және «ПетроПрайм» ЖШС кіреді.

Сондай-ақ Қанат Бозымбаевтың ұлы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Райымбек Баталовтың отбасымен бірге көтерме және бөлшек сауда және үй-жайларды жалға беру және қосалқы жалға беру саласындағы «AlcoVito» ЖШС компаниясына иелік етеді. Бұл аз десеңіз, Дәурен Алдаберген көтерме саудамен айналысатын Sirius Minerals компаниясының иесі.

Қанат Бозымбаевтың тағы бір туысы Мәдина Алдабергенованың «Қайыңды», «Ski spirit», «MK Construction» және «ORION TRAIDING» тәрізді компанияларда үлеске ие екені айтылады.  

Мұның бәрі болашағынан «зор үміт күттірген» функционердің репутациясына қаншалықты әсер етеді, қазіргі қоғамда бұл туралы айту қиын.

Шынар Ақжанқызы

Пікірлер