Құбылыс. (Жалғасы)

1783
Adyrna.kz Telegram

Кеше ақын, сөз зергері, қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекі өкілі Мұқағали Мақатаевтың дүниеден көшкен күні болатын. Соған орай сыншы Амангелді Кеңшіліктің ақын туралы эссесінің бір бөлімін назарларыңызға ұсынған едік. Бүгін соның жалғасы жарияланып отыр.

Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының айтуынша, 1979 жылы ақын қайтыс болғаннан кейін жарық көрген бір ғана «Өмір-өзен» кітабының көлемі (14 жарым баспа табақ) көзі тірісінде жарық көрген бес кітабының көлеміне пара-пар екен. Көзі тірісінде шығарған ауыз толтырып айтатындай ең үлкен кітабы «Құдіретті комедияның» аудармасы мен таңдамалысы «Өмірдастан» ғана екен. «Өмірдастанның» өзі өлерінен бір ай бұрын ғана жарық көрді, сондықтан оны жұрт ақын қайтыс болып кеткен соң оқыды. Соған қарағанда, «Тағдырдың бір жарытпай-ақ қойғаны-ай!» – дегенді ақын ақшаға ғана қатысты емес, пейілге де жарымағандықтан айтқан болу керек».

2001 жылы «Жалын» баспасы ақын мұрасының ер-тұрманын түгендеп, әр қайсысының көлемі 20 баспа табақтан асатын төрт томдығын оқырманға ұсынды. Жаны жібектей нәзік лириктің құдіретті қаламынан туған шығармаларының бәрі осы төрт томдықта қамтылды деген күннің өзінде, Мұқағалидың артына қалдырған әдеби мұрасының көлемі 80 баспа табақтан асып түседі. Сонда жыр сүлейінің кем дегенде алпыс баспа табақтай шығармасы көзі тірісінде жарық көрмеген болып шығады. Тіпті, одан да көп болуы әбден мүмкін. Ақынның қызы Шолпан жазушы, журналист Қанат Тілеуханға берген сұхбатында жетпісінші жылдары әкесінің баспаға берген бір том өлеңдерінің ұшты-күйлі жоғалып, сол күйі табылмай кеткенін айтып берді. Сәті түсіп сөйлескен кезімде бұл деректі ұлы Жұлдыз да растады. Білсеңіз айтыңызшы, Мұқағалимен бір дәуірде өмір сүрген ақындардың ішінде осыншама мол шығармасы көзі тірісінде жарық көрмеген кімдер бар? Мұқағали Мақатаевтың 70 жылдығына орай іші-сырты әдемі безенділіріп, оқырман игілігіне айналған кітаптарға жазған Бексұлтан ағамыздың алғысөзінен ұққанымыз, бұл төрт томдық та ақынның артына аманат етіп қалдырған бүкіл шығармаларын толық қамти алмапты. «Қолымызға сан қилы себептермен түспей қалған, назарымыздан тыс қалған әлі де шығармалары, жазбалары табылып қалар. Оның әр сөзі әлдебір шындықтың бетін аша кетуі мүмкін. Мұқағалидың ақындығы, шығармашылық ғұмыры әлі жан-жақты зерттеле қойған жоқ, әлі тек жинақталуда».

Толық болмаса да ақынның негізгі шығармалары қамтылған төрт томдықтың қолымызға тигеніне де табаны күректей жиырма жыл өте шықты. Құдайға шүкір, тоқсаныншы жылдардағы байтал тұрмақ бас қайғы болған, кітап оқымақ түгіл, тамағымызды таба алмай қиналып, «тар жол тайғақ кешкен» күндер артта қалды. Кедейдің садақасындай етіп бізді «жарылқаған» үкіметтің тиын-тебеніне қай тесігімізді бітеп, қай жыртығымызды жамарымызды білмей сасып, жоқшылықтан жанымыз қысылған жылдарды қазір баяғыда көрген қорқынышты түсіміздей ұмытып та кеттік.

Бүгінді таңда биліктің тесік қалтасы бүтінделіп, үкіметтің руха- ни салаға, оның ішінде әдебиетке де көңіл бөліп, қамқорлық таныта бастағаны сөніп бара жатқан үмітімізді қайта жаққандай болды. Ендігі жерде, кезінде жақсы басталып, қаржы тапшылығының кесірінен орта жолда тұралап қалған Мұқағалитануға байланысты жұмыстар қайта қолға алынып, қайта жанданса нұр үстіне нұр болар еді. Сенім күшті, рух мықты, ниет түзу болса, алынбайтын қамал жоқ.

Арқаны кеңге салып, әр нәрсені бір сылтауратып, бәрін де ертеңгі күннің еншісіне қалдыра бергеннен ештеңе ұтпаймыз. Рухына лайықты құрмет көрсетіп, қырық бес жыл бойы ел-жұртын сағындырып, өлеңдеріне ғашық етіп тастаған жыр Құлагерінің екінші – мәңгілік ғұмырының қаншалықты мәнді, мағыналы, мазмұнды болып жатқанына шын пейілімізбен назар аударатын уақыт келді. Осыған орай, Мұқағали мұрасын зерттеуге, насихаттауға әлем оқырмандарына танытуға қатысты қандай игілікті істер қолға алынып, қандай жұмыстар атқарылып жатқанына байланысты қойылатын, көмейімізде кептеліп тұрған сұрақтар да көп.

Ақын қайтыс болғаннан бері өткен жарты ғасырға таяу мезгіл ішінде Мұқағали шығармашылығы жан-жақты сараланды ма? Андре Моруа, Стефан Цвейг, Ромен Ролландардың бар ынта-жігерін салып Байрон, Бальзак, Толстойлардың туындыларын талдаған еңбектеріндей құнды кітаптар біздің әдебиетімізде Мұқағалиға байланысты жазылды ма? Иван Буниннің «Толстойдың азаттануы» сияқты өз ұстазын сағынып жазған эссе-романындай шығармалар ақынның көзін көрген інілерінің қаламынан туды ма? Қырық бес жыл ішінде сахналанған бір-екі драмалық қойылымда Мұқағали бейнесі қаншалықты жан-жақты ашылды? Өз ұлтының әдебиетін халқына таныту үшін орыстың режиссерлары, сценаристері жылт ете қалған таланттарына дейін аяғын жерге тигізбей көкке көтеріп, көркем фильмдерді айтпағанда, тұтас сериалдар түсіріп тастады. Ал, біз биыл ғана, әйтеуір әупірімдеп жүріп, жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің жазған сценарийі бойынша Мұқағали туралы әрең дегенде бір көркем фильм түсірдік-ау!

«Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегенді біз басқаларға қарағанда жиі айтқанды ұнататын елміз. Жиі ауызға алғанымызбен, көп жағдайда біздің сөзіміз бен ісіміздің қабыспай жататыны өкінішті. Біздің бұл сөзімізді жүрегіңізге ауыр ала көрмеңіз, бірақ, дәл қазақтардай көзі тірісінде арғымақтан гөрі мәстекті құрметтеп, өлгеннен кейін де ұлы таланттардан халқының махаббатын қызғанып, неше түрлі сөздердің қоламтасын қоздыратын басқа жұртты өз басым білмеймін.

Зады, кез-келген елдің өз ұлтының кемеңгеріне, ғұлама ғалымына, көрнекті қайраткеріне, сыршыл суреткеріне, талантты ақынына көрсететін құрметіне қарап, сол халықтың мәдениетін байқап, зиялы қауымының ой-өресін танып, адамгершілік парасатын бағалауға болады. Бальзак дүние салғандағы француздардың жүрегін жылатқан Гюгоның немесе Пушкиннің қайғылы қазасынан кейін бірнеше жылдан соң ел алдында сөйлеген Достоевскийдің сөзін есіңізге түсіріп көріңізші. Данышпан Гюго «Бальзак ұлылардың – ең алғашқысы, таңдаулылардың – ең үздігі» десе, кемеңгер Достоевский орыстың ұлы ақынын әулиеге теңеп «Пушкин өзімен бірге о дүниеге ұлы жұмбақты алып кетті» деген жоқ па еді. Мәдениеті биік елдердегі ұлы ақындардың бір-біріне көрсететін ілтипаты сүйсіндіріп қана қоймай, олардың мұрасын зерттеуге деген ықыласыңды, шығармаларын оқуға деген құштарлығыңды оятады. Бағасы берілген Бальзак пен Пушкинге ғана емес, ұлы ақындардың талантын тамыршыдай таныған Гюго мен Достоевскийге деген құрметің де артып, олардың тұлғалық даралығы көз алдыңда биіктей түседі.

Құдайым-ау! Дәл бүгінгідей, ұсақталып кетпей тұрғанымызда бізде де мұндай кісілік, кесек мінез болды ғой. Болды. «Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы – соңғы заманда қазақ да- ласында біз білетін ақын болған жоқ» (Ахмет Байтұрсынов), «Мағжан – культурасы зор ақын» (Жүсіпбек Аймауытов), «Ат тұяғын тай басар деген сөз көркемөнер дүниесіне жүрмейді. Бұдан былай Мұхтардың орнын өзінен қалған асыл мұрасы ғана толтырады. Мұхтар бізге орнын қалдырған жоқ» (Ғабит Мүсірепов) деп ұлыларымыздың даралығын жазбай таныған, қазақы болмысымыздағы Толыбай сыншылықтың құдіреті қазір қайда кетті?

Ұлы ақынды қапысыз танып, шын бағасын бере білудің өзі ұлылық екенін біле тұрсақ та, «өзімен бірге о дүниеге ұлы жұмбақты алып кеткен» Мұқағалиымыз туралы осындай парасатты сөзді айтуға тура келгенде, неге бүгін біздің кежегеміз кейін тарта береді? Неге, әлемдік деңгейдегі шығармалар жазып жатқанымызды бөсіп, жер- көкке симай мақтанатын бізде ұлт ақындарын құрметтей білген Гюголар мен Достоевкийлердің азаматтығы, Ахмет, Жүсіпбек, Ғабиттеріміздің бойындағы кісілігі қалмай барады? Неге бүгінгі біздің Мұқағали туралы сөзіміз ұлы ақынның арақ ішкенін өсектеп, ішкен-жегенін түгендеген, пендешілік пыш-пыш әңгімелердің аула- сынан ұзап кете алмай жүр? Құдай үшін, айтыңызшы6 неге?

Шын мәнісінде де Мұқағалидай құбылыстың бағаланбауы, көлемі бірнеше томнан асатын өлеңдерінің көзі тірісінде жарық көрмей, жібі түзу бір жыр жинағын шығарып бере алмаған пендешілігіміз, жұмыссыз қалдырып, шақшадай басын шарадай етіп қойған осалдығымыз ақын өлгеннен кейін бізді ойландыруға, ұялтуға тиіс-тұғын. Бірақ, бәрі керісінше болып, ұялудың орнына біз қазір «Мұқағали ешкімнен қысым көрген жоқ, жағдайы жақсы болды, кітабы жыл сайын шығып тұрды» деген мағынадағы сөздің саумалын сапырып, ант-су ішіп ақталып жатырмыз. Шындығында да жағдайы жақсы болса, неге ол тіршіліктен түңіліп, ақыр соңында ауыр хәлін тәпіштеп түсіндіріп, шарасыздықтан Қазақстанның бірінші басшысы Дінмұхаммед Қонаевқа хат жазды. Тағдырын түсінгім келіп, ақын өмірінің ең қиын сәтінде жазылған аянышты хатты қайта-қайта оқыған сайын көңілім астаң-кестең болып, ет-жүрегім елжіреп, еңіреп жылауға шақ қалып, көзіме жас келеді.

Тәуекелі сарқылып, жақсылықтың соңғы сәулесінен үміттенген Мұқағалидың өз хатында Қонаевтың алдында ақталуға тырыспай, өз бойындағы кемшіліктерді жасырмай баяндаған адалдығы сүйсіндіреді.

«Мен өзімнің өзекті өртеген өкінішті салдыр-салақ өмірім туралы, туған әдебиетке қалай келгенім туралы, он екі жыл бойы қазақ кеңес жырына не қосқаным туралы, тіршілігімде (әйтеуір шығармашылық та емес) сүйінген және күйінген сәттерім туралы айтқым келеді...».

«1973 жылы оқығым келіп, тілек білдіргенімде Қазақстан Жазушылар одағы мені Мәскеудегі Жоғары әдеби курсқа жіберді, дегенмен кейбір өз басымдағы жеке кемшіліктеріме байланысты оқуды жалғастыра алмадым...» «Бәріне де дариға ақын жүрек кінәлі. Әйтсе де барымды салып, еңбектендім. Бәрібір жеңіл емес еді. Қол қаламнан қалт еткенде жағалаған жағымпаз достармен, дәлдүріш ақындармен іше бастадым. Олардың ырқына қалай түскенімді байқамай қалғандаймын. Әлсін-әлсін менің серілік өмірім басталды. Өзім ұяттан өртеніп тұрсам да, құрдастарымның сәл қуаныштарына сілтейтін болдым. Ішкенімді жасырмаймын, бірақ үйіме де, басқалардың күйіне де зиян келтірген жоқпын, ал рухани жағын қайдам?! Бәлкім, менің қамымды жегендер болған шығар, өз-өзімді иттің етінен жек көре тұрып, әлденеге қорынатын болдым. Осындай сәттерде өз ойларыммен оңашада қалып, поэзия піріне сыйынатын едім. Айлап жазу столының жанында тапжылмай отырдым. Тек, жыр ғана менің жаныма дауа болып, дертімді емдеді. Ол маған адал, таза қызмет етті. Мен де оған қарыздар болып қалғаным жоқ.»

Мұқағалидың бар қасіретін баяндап жазған хатынан ұққанымыз дер кезінде уақытылы жарна төлемегендіктен СОКП қатарынан шығып қалған. Әрине, дәл қазір біздің қоғамда партия қатарында болғанның, болмағанның еш маңызы жоқ. Ал, Кеңес заманында партиядан шығарылу келешегіңді тас-талқан ететін – үлкен трагедия. Партия қатарында жоқ адамға жұрт қылмыскердей қарайтын.

Әңгімені рет-ретімен баяндайтын болсақ, осындай қиын жағдайға қалай ұшырағанын ақын өз хатында Қонаевқа соқырға таяқ ұстатқандай етіп түсіндіріп береді. Елдің бірінші басшысын мазалап, ұзақ жылдар бойы жанын жегідей жеген уайым-қайғысын айтып хат жазуға ақын алғашқыда бата алмапты.

Хатының басында ол қарапайым шаруаның шаңырағында дүниеге келгенін тілге тиек етіп, соғыс кезінде әулетінің қандай қиыншылықты басынан кешкеніне қысқаша тоқталады. Әкесі 1942 жылы қан майданда қаза тауып, артында кәрі шешесі, әйелі мен үш ұлы қалған.

Интернатта онжылдықты бітіргеннен кейін отбасының ауыр тұрмысы қолбайлау болып, Мұқағали жоғары оқу орнында білім алу мүмкіндігінен айырылған. Қара шаңырақтың жалғыз тіреуі өзі болғандықтан, амалсыздан түрлі қызметтерді атқарып, бірнеше жыл жеті жылдық мектепте ұстаздық еткен. Үйленіп, балалы-шағалы болған.

1962 жылы Мұқағалидың өмірінде тағдырын тығырыққа тіреген жаңа қиындықтар басталған. Аудандар қосылып, ақын туған ұжымшар екі шақырым жердегі жаңа қонысқа көшіріледі. Өз үйіңді қиратып, жаңадан шаңырақ тұрғызу кім-кімге де оңай емес. Қолы ұзын емес, жағдайы төмен жандарға екібастан.

Аудан іріленген соң біраз қызмет те қысқарып, Мұқағали жұмыссыз қалады. Қайтпек керек? Әйелі, төрт баласы, анасы мен інісін асыраудың қамын қарастырған болашақ ақын тәуекелдің арқанымен белін буып, астанаға аттаныпты. Отыз сомға қаладан бір бөлмені жалдап, тіршілік қамын жасауға кірісіп «Социалистік Қазақстан» газетіне әдеби қызметкер болып тұрады. Әйелі қазақ тілі мен әдебиетінің маманы болса да мектептерден жұмыс табылмай қояды. Жалғыз адамның табысы жеті бірдей жанды асырауға жетпей, мұқтаждықтан Мұқағалидың тұрмысы ауырлаған үстіне ауырлай береді.

Тіршіліктің тартқызған тауқыметі аздай, алтыншы сыныпта оқитын үлкен қызы апатқа ұшырап қаза табады. Тағдырдың тәлкегі мұнымен де бітпей, бірінші мамыр мерекесі қарсаңында ауылына кетіп, үш күн кешіккені үшін ақынды жұмыстан шығарып жібереді. Басына бұрынғыдан да бетер ауыр күндер туған бейбақ ормандай теңселіп, не істерін білмей қапаланады.

“Социалистік Қазақстандай” беделді басылымнан кеткеннен кейін қызметке орналасу да оңай болмайды. Алайда, келешектен үмітін үзбеген ақын бойындағы Құдай берген қабілетіне сеніп, біржола шығармашылыққа ден қояды. Халқына бірнеше жыр жинағын ұсынып, Жазушылар одағына мүшелікке өтеді.

Бірінші басшыға жазған хатында ақын кезінде Жазушылар одағының аппаратыңда да, “Жұлдыз” журналында да қызмет еткенімен, әріптестерінің қарым-қатынасынан үнемі салқындық сезіп келгенін жасырмай айтады. Хатының соңын «Ардақты Димаш аға! Мен қырық екі жасқа толып, жан тыныштығын басқа тараптан іздегенімді түсіндім. Өзіме-өзім келіп, кінәмді жуып-шайып, өз ақымақтығымнан жоғалтқанымды қалпына келтіруге көмектесіңіз. Ажал алдында тұрғандаймын, құтқара көріңіз!» деген аянышты түйінмен аяқтайды.

Мұқағалидың шарасыздықтан жазған соңғы хаты ақын тағдырының ауыр болғанын тайға таңба басқандай етіп көрсетіп тұрған жоқ па? Соған қарамастан, әлі күнге дейін біздің оны мойындағымыз келмей, шындықтан тайсақтай беретініміздің себебі не? Онда тұрған не бар? Адамзатты шығармаларына табындырған, әлемнің ұлы ақындары Эмили Диккинсон, Эдгар По, Джон Китстердің таланты да өлгеннен кейін мойындалды емес пе? Ал, біз қазақтар көзі тірісінде қай ақынымыздың қадірін біліп, талантын тамыршыдай тап басып, тани алып едік.

Жә, болар іс болды, бояуы сіңді. Өткенге өкіне бергеннен келіп-кетер дәнеңе жоқ. Ақын әруағының алдында ақталғандай болғанымызбен Мұқағали тіріліп келіп, нағыз шындықты бізге айтып бермейді.

Бүгінгі таңда көп айтылып, жиі талқыланып, дау-дамайға ұласып, әдеби ортаның қызығушылығын туғызып жатқанына қарамастан, біздің ойымызша енді ондаған жылдардан кейін, Мұқағали мұрасы жалғыз қазақтың ғана емес, Шекспир мен Байрондардың туындыларындай барша адамзаттың ортақ игілігіне айналғанда, мұндай әңгімелердің маңызы болмай қалады. Мысалы, біз, қарапайым адамдар Фирдаусидің «Шахнамасын» немесе Сервантестің «Дон Кихотын» сүйсініп оқығанымызда, екі ірі таланттың өз туындыларын қандай қиын жағдайда жүріп жазғанын мүлде есімізге алмаймыз да ғой. Дәл сол сияқты мемлекеттік қызметте жүріп, ғажайып дүниелер жазған Гетені біз «Жас Вертердің қасіреті», «Фауст», «Батыс-шығыс диваны» т.с.с. шығармалары арқылы қалай бағаласақ, келешекте Кекілбаевты тап солай билікке қызмет етіп, барақат тіршілік кешкеніне қарап емес, «Шыңырау», «Бәйгеторы», «Аңыздың ақыры» сияқты ғажайып туындылары арқылы ғана бағалайтын боламыз.

Пендешілік тірлікке қатысты дүниелердің бәрін де уақыт тып- типыл етіп жойып жібереді. Бәрін де ұмытқызады. Мәртебелі уақыттың күші жетпейтін жалғыз құдірет бар, ол ақындық жүректен туған – ұлы шығармалар. Ендеше, қысыр сөзге құмартып, пендешілік арзан әңгімелерді алданышқа айналдыра бермей, ендігі жерде Мұқағалидың ұлы туындыларын талдаған ғылыми еңбектердің, монографиялардың, кітаптардың жазылуына жағдай жасап, кинотуындылардың түсірілуіне мүмкіндік туғызу қажет. Картиналар салынып, талантының күрделі табиғаты түрлі қырынан зерттелген, ақындық болмысындағы қайшылықтар жан-жақты ашылған драмалық қойылымдар сахналанып, көрермендердің өз Мұқағалиын табуына көмектесуіміз керек.

Әрине, Мұқағалидан абыздың, күрескердің, қайраткердің бейнесін сомдап тыраштанудың қажеті шамалы. Хан-Тәңірінің мұзбалағы ар алдында шынын айтып ақталғанда, өзін үнемі дар алдында тұрғандай сезініп, өз бойындағы кемшіліктерді де жасырмай айта білген, жүрегі таза – адал ақын.

Өзімнен өзім аса алмай,

Өзімді өзім баса алмай,

Ауыздық салған асаудай,

Барар жер, басар ізім жоқ,

Бұғалықтан босанбай,

Байлауда тұрам қашанғы-ай!

Өзіммен өзім алысып,

Болмайтын жерде қарысып,

Жаны игі жақсы жандардың

Жағасына жабысып,

Жамандықпенен табысып,

Жабыларменен жарысып,

Секілді күндес абысын,

Өләпат менің намысым.

Өзімді-өзім танымай,

Өзгеге көңіл жарымай,

Жақсылығыма қорымай,

Жамандығыма налымай,

Тауыққа шашқан тарыдай

Таусылар болды шаруа-ай!

Өзіммен өзім жүз жыртып,

Өзіме өзім мұз бүркіп,

Өзімнен өскен палуанға

Өз мойнымды үздіртіп,

Табынтқан мені тағдыр-ай,

Өзгеге көзді сүздіртіп!..

Жүрегінің инедейін таза еместігін жария еткен кемеңгер Абайдан кейін шындығын жасырмай айтып, өзін-өзі әшкерелеуден қорықпаған Мұқағалидан басқа қандай ақынды білесіз. 1972 жылы, яғни, қырықтың қырқасынан асқан шағында жыр алыбының жүрегінде туған осы өлең Мұқағалидың бойында ақындық қабілеттен бөлек, әулиелік қасиеттердің де болғанын айғақтайды.

Әулиелік Құдайдың назары түскен адамдарға ғана қонады. Араб тілінен енген сөздің мағынасы қасиетті деген ұғымды білдіреді. Бұл сөз Құран Кәрімде Алла мен пайғамбарға қатысты жебеуші, жарылқаушы деген мәнде де кездеседі. Ал хадистерде жақын болу деген мағынада, яғни, Уәли – Аллаға жақын, дос, Алланың мейірі түскен деген ұғымда ұшырасады.

Бойында әулиелік қасиет бар тұлға жүрегін таза ұстап, өзгелерден гөрі өз бойындағы кемшіліктерге көбірек үңіліп үлкен жаңалық ашады, Аллаға жақындай түсіп, мүлде басқа түрге енеді.

Қапелімде байқамай жүргемін бе?

Қанат бітіп келеді күннен-күнге.

Мына өмірден бір кетіп, бір келдім бе?

Түсі бөлек баяғы гүлдердің де,

Кімдердің де, күн менен түндердің де.

Осы мен...

Әлде басқа түрге ендім бе?

Бал арадай шықпайтын айналамнан,

Бауыр, жолдас, дос, құрбы қайда қалған?

Қысылтаяң кездерде пайдаланған,

Жоқты қуған қайдасың,

Қайран арман?

Армысың!

Есі дұрыс мият Күнім!

Өліп қайта тірілген сияқтымын.

Жарқын өмір, жан өмір, жасыл шуақ,

Алдарыңда сендердің ұяттымын...

Алып ұшып барады қанаттарым,

Күнді ұзатып, күтемін таң атқанын.

Дәл осындай сәтіңнен адастырма,

Адастырма, өтінем, жаратқаным!

Әулие Пушкин сияқты Мұқағали да о дүниеге өзімен бірге ұлы жұмбақты алып кетті. Көңілімізге медеу тұтып, басымызды дуа- лап, жанымызды сиқырлап тастаған бұл жұмбақтың сырын біз әлі талай жылдар бойы шеше алмай талқылайтын боламыз. Қазақтың қара өлеңін құдірет санап, әдебиет әлемінің аспанында жұлдызы ерекше жарқыраған Мұқағали поэзиясынан жалғыз біз ғана емес, өмірге келетін әлі талай ұрпақ рухани ләззат алады. Шамамыз жетіп, қолымыздан келгенше өз үлесімізді қосып, негізін қалауға әрекет етіп жатқан ісіміздің аяқсыз қалмай, келешекте Мұқағалитану ғылымының өрісі ұлғайып, сөз өнерінің сүбесі мол, соқталы саласына айналатынына сенімдімін.

Астамсып, асқақ сөйлегенді ұнатпайтын Хан-Тәңірінің мұзбалағы Құдай берген талантын Лермонтов, Пушкин, Есениндермен бір қатарға қойғысы келмегенімен, ақиқатында, ақындық ішкі қуаты, өз оқырмандарының сезіміне әсер етуі жағынан оның шығармалары орыс әдебиетінің үш бәйтерегінің туындыларынан кем түскен жоқ. .

Мұқағали поэзиясының жұмбағын ашқымыз келіп, жыр алыбының өлең кітаптарына қайта-қайта үңілгенімізде, біз тіпті, ұлы шайырымыздың Шекспир, Данте, Пушкин, Лермонтов, Есениндердің ақындық құдіреті жеткізе алмаған сөздерді айтып кеткенін оқып, қайран қалдық.

Ойым бар менің,

Ойым бар менің ерекше.

Жақсылық жауып,

Дүниені мынау сел етсе,

Жауыздықтардың, жамандықтардың барлығын

Көрге алып кетем керексе.

Жалғанға жақсылықтың жаңбырын жауғызу үшін, жауыздықтардың, жамандықтардың барлығын о дүниеге өзімен бірге алып кетуге даяр екенін мәлімдеген сыршыл лирикті біз тіпті әлем әдебиетінен де кездестіре алмадық. Сондай-ақ:

Жер!

Сенің есігіңді қағып тұрмын,

Сен бесігім болмасаң, нағып тудым?!

Өз ұямды өзіме қимайсың ба,

Неге мұнша пендеңді сабылттырдың?!

Жер!

Сенің есігіңді қағып тұрмын!

Өтті менен,

Бәрі де өтті менен,

Ұлыңмын тілеуіңді көп тілеген.

Жер!

Менмін...Адаммын ғой... Аясаңшы!

Адаммын,

Күнде сенің арқаңды тепкілеген.

Өзіңнің сәбиіңмін құндақтаған,

Түсіндім...

Сенсіз, Ана, күн жоқ маған..

Асылып жауыр қылған арқаңнан да

Қойының әлдеқайда қымбат маған! – деген мұңлы жырды да Мұқағалидан басқа ақын жаза алған емес.

 

Астана, 2021 жыл

 

Amangeldi Myrzabek

 

 

 

Пікірлер