Өткен аптада Алматы облысына қарасты Райымбек ауданына жолымыз түсті. Қанша қарасақ та "Жер жаннаты - Жетісудың" әр кез табиғатына тамсанып, сұлулығына сұқтанып көзіміз талса да, көңіліміз тойған емес. Қаланың көк түтінінен азаттыққа шығып даланың таза ауасына кеудеміз ашыла түсті.
Жолдар... Әр кез үміттің жетегінде жетелеп, түрлі-түрлі қиял әліміне шомдырып ала жөнеледі. Ал жол бойы құлпырған көркем табиғат болса, қиялыңызға тіпті қанат бітірері сөзсіз.
Шелектен өткеннен кейін Торайғыр асуы, Көкпектің жазығы, Аласа (Шарын), Кегенның қайқысы, Сарыжаздың асуы бірінен бірі өткен ғажап табиғаты алдыға қарай құлшындырып, ұмсындыра түседі. Әңгіменің түбін түсіретін жүргізушіміз Ардақ Абеков ел мен жердің тарихынан, ауыл оқиғаларынан алуантүрлі сыр шертті. Жас кәсіпкер Асхат Қасымов екеуміз көзіміз – табиғатта болғанымен, құлағымыз – Арекеңнің әңгімесінде. Ал Ардақ ағаның темір тұлпары ызғытып келеді.
Ойымызға Мұқағали ақынның мына бір тамаша өлеңі оралды:
He сыйлайды, не береді келер күн?!
Не де болса, тірі тұрсам, көрермін.
Желідегі құлынымын мен елдің,
Көгендегі қозысымын мен елдің.
Не сыйласын, несін берсін ел маған?!
Тұрсақ екен елім де аман, мен де аман.
Таулар — менің таусылмайтын бақытым,
Ал ырысым — ұланғайыр кең далам.
Не істемекпін алтын, гауһар, жақұтты,
Оларды іздеп өткізбеспін уақытты.
Мен бақытсыз бола қойман сірә да,
Туған елім болса екен бақытты!
Дәнеңе де сыйламасын келер күн,
Сый көрмей-ақ суалармын, сөнермін.
Туған елім тұғырында тұрса екен,
Әрі қарай... Әрі қарай көрермін...
Әсіресе «Таулар — менің таусылмайтын бақытым» деген жолдарын ішімнен күбірлеп қайталап келемін.
Әуелгі бығытымыз – Райымбек аудандық кітапханасы. Себебі «Туған жерге тағзым» жобасы аясында академик, дипломат Әділ Ахметов пен профессор Қайрат Абековтың Райымбек ауданы кітапханасына арналған екі қорап кітапты жеткізуіміз керек. Бұл миссия сәтімен орындалды. Кітапханашы Маржан ханым кітаптарды қабылдап алып, «Туған жерге тағызым» акциясы аясында кітапханаға сыйлық жасаған азаматтарға алғаусыз ақ алғысын жаудырып-ақ жатыр. Кітаптар арасында академик Әділ Ахметовтың төл туындылары да бар. Бұл кітапхана ұжымын одан сайын қуанта түсті.
Әділ Құрманжанұлы осы еңселі таулардың баурайындағы Нарынқол ауылында осыдан 80 жыл бұрын дүниеге келген. Осындай шағын ғана ауылдан арман арқалап шыққан бала бүкіл әлемді аралап, ғылым мен білім, кәсіби өрлеу жолында толайым жетістікке жеткені кімнің болса да көкірегіне алдыға қарай құлшыныс сезімін оятары анық. Ешкімнің көмегіне сүйенбей өз ерік-жігерімен жетістікке жеткен жас толқынға әрдайым үлгі-өнегесін шашып, парасат-пайымымен жол сілтеп тұрады емес пе? Биыл Әділ аға сексеннің сеңгіріне аяқ басып отыр. Үнемі ізденіс үстінде жүретін ағамыз әлі де тың. Жас жігіттей сергек. Жазудан, оқудан, жалпы ізденуден еш жалықпайды. Шын жүректен шығармашылық табыс тілейміз. Жан-жары Дариға апай екеуі ұл-қыздары Нұрлан, Нұржан, Қарлығаштан өрбитін немере-шөбересінің қызығына тоймай күліп-ойнап ұзақ жасай берсін дегіміз келеді.
Нарынқол – асқақ Хантәңірі тау сілемдерінің бөктерінде, Байынқол өзенінің жағасында орын тепкен ғажайып ауыл екен. Таудың тамаша көрінісімен көріктеніп, жаздың күні жасыл желекке оралар ауыл бейнесін ойша елестетудің өзі де бір ғанибет. Шама-шарқымызша еңселі таулардың көрінісін фотоға түсіріп-ақ бақтық.
Келесі бағытымыз – Мұқағали Мақатаев туған Қарасаз ауылы. Биыл – ақиық ақын Мұқағалидың 90 жылдығы. Сарыжаздан сан мәрте өтсек те, Қарасазға бір жолымыз түспеген еді. Осы жолы арнайы Мұқағалидың әйгілі ауылына ат басын бұрдық. Оң жақтан қапталдасып отыратын Төте деп аталатын таудың көркемдігі көздің жауын алады. Тау бөктеріндегі Қарасазға кіргенде қуанышымызда шек болмады.
Фото авторы: Қаламқас Ағыбаева
Арқалы ақыннан артық Қарасазды сипаттай алмаспыз. Мұқағали туған жерін былайша жырлайды:
Таныс өлке,
Таныс аймақ,
Таныс маң:
Анау жерде - құрбылармен алысқам,
Анау жерде - құрбы жанмен табысқам.
Алба-жұлба ақша бұлттар жарысқан,
Таулар әне, ұйықтап кеткен данышпан,
Жолдар анау, шұбатылып шаңы ұшқан,
Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң.
Шабындықтар,
Егістіктер,
Тоғайлар.
Төбелердің төбесінде - көк айдар.
Ақ сағыммен араласып, аулаққа,
Сағым болып бара жатыр көп ойлар.
Бір тынбайды шегірткенің шырылы,
Жел қозғаған ақ шилердің сыбыры,
Бәрі таныс - кісінеген құлыны
Ін аузында шаңқылдаған суыры.
Айналайын!
Атамекен, Ақ мекен!
Қандай қазақ іздеп сені тапты екен?!
Туған өлке тәтті екен ғой,
Тәтті екен!
Музейдің алдындағы Мұқағалидың ескерткіші қасқайып тұр. Артындағы тау көрінісі ерекше көз тартады. Музей мен ескерткіштін орнын өте сәтті тапқан екен. Музей өзгеше пішінді болып келеді.
Бізді музейдің қор сақтаушысы Аламгүл Жұмағұлова қарсы алды.
«Ақын өзі өлсе де өшпес мұраға айналған, оқырман көңіліне берік ұялап, әр ұрпақпен үн қатысып, жаңа буын өкілдерімен сыр шертісе бастаған, Мұқағали поэзиясына терең бойлай түсу, әр қырынан ғылыми саралап зерттеу, музейдегі жәдігерлерді сақтау, таныстыру, өлеңдерін қалың көпшілік қауымға насихаттау музейдегі бүгінгі күндегі маңызды мәселенің бірі болып отыр. Жарты ғасырға да толмайтын жыр ғұмырында ақын мол мұра қалдырып кетті. Шексіз-шетсіз рухани байлық болып табылатын мұраны игеріп, халқымыздың қажетіне жарату бүгінгі сонымен бірге келешек ұрпақтың да аса қастерлі парызы болмақ.
Музейдің міндеті – жас ұрпақты тәрбиелеу, ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын тереңдеп таныту болмақ. Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейі. Тарихи құндылықтарды сақтау – біздің ерекше парызымыз» дейді Алмагүл ханым.
Әрмен қарай қор сақтаушы Алмагүл ханым музей тарихымен егжей-текжейлі таныстырып өтті.
Мұражайдың ғимараты 1990 жылы 20 сәуірде Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің қаулысымен салынды. 1991 жылы 24 қыркүйекте Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің №544 қаулысымен М.Мақатаев әдеби-ескерткіш мұражайы болып бекітілді. Қазақ ССР Премьер министрі Қараманов бекітті. Музей 1991 жылы ақынның 60 жылдық мерейтойында ашылды.
XX ғасырдың екінші жартысындағы халқымыздың рухани дүниесін, әдебиет әлемінің ең жарық жұлдызының бірі – Мұқағали жырлары дүниені дүр сілкіндіріп, түрлендіріп, тың шырқау биікке көтеріп кетті.
Алмагүлдің айтуынша, XXI ғасыр Мұқағалитану дәуірінің басталған ғасыры. 2011 жылдың басы Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық тойына дайындықпен басталды. Сонау 1991 жылдары салынған ғимарат шын мәнінде ескірген еді. Ақынның өмірі мен шығармашылығынан мағлұмат беретін музейдің сыртқы көркі қандай болса, ішкі безендірілуі де талапқа сай етіп жасалынды.
Биыл Мұқағалидың 90 жылдығы Қазақстан көлемінде жан-жақты тойланды. Әлеуметтік желілерде ақын өлеңдерін жатқа оқушылар көптеп кездесті. Насихаттық жұмысы өте жоғары деңгейде өтті. Мысалы, блогер Айкүміс Қанатқызы өзінің инстаграм парақшасында ұйымдастырған Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы бойынша «Жырлайды жүрек» атты мәнерлеп оқу байқауына 100-ге жуық адам адам қатысып, солардың ішінен іріктеліп әр түрлі аталымдармен 16 үздік анықталды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жастар қатысып, таңдай қағарлық ерекше өнер көрсете білді. Бұл бір ғана мысал. Бұдан өзге де өтіп жатқан байқауларда есеп жоқ...
Мұқғали өлеңдері тез жатталып, халық арасына кеңінен тарап кететін өзіндік ерекшелігі бар. Бұл карантиндік жағдайдағы жұрттың Мұқағали өлеңдерін жатқа оқуға көбірек жол ашқан да болуы ықтимал.
Ал дәл қазір табанымыз тиген Қарасазда жүгіріп жүрген кез келген бала өлеңдетіп, мақалдатып сөйлейді. Себебі, ту салып Мұқағали өлеңдерімен ауызданған. Қай-қайсы да кемінде жүздеген өлеңін жатқа соғады.
Апырмай,
Туған жер-ай!
Теңдесер кім,
Бұл жерге сен болмасан, келмес едім.
Кіндігімді байлаған қазығым-ай,
Сен болмасаң, бұл маңды көрмес едім.
Жат көзімен қарайды адамдарың,
Жақын тартар құрбы да таба алмадым.
Жас отаудың есігін ашып қалып,
Айлам құрып, қайыра жаба алмадым...
Кел демеді, немесе кет демеді,
Несін маған, білмеймін, өкпеледі?!
Сені сүйген жүректі, туған өлкем,
Сен өсірген біреулер жек көреді.
Туған елім,
Көрмесем сағынамын,
Кетсем ізім өзіңнен табылады.
Жасыра алмай, ініңнің отауынан,
Ыстық маған атаның шаңырағы.
Ақиық ақын шабыттанып сан мәрте жырға қосқан Қарасаз сол күні сәулелі күн шуағына шомылып нұрланады. Табиғат ана да біздің бұл сапарымызды құптағандай, мейірленіп жылы құшағына алғысы келгендей әсерге бөлендік.
Арман СЕРІКҰЛЫ,
Фотолардың авторы: Асхат ҚАСЫМОВ,
Жүргізуші: Ардақ АБЕКОВ,
«Адырна» ұлттық порталы