Әбубәкір Қайран. Семей. (тарихи танымдық поэма)

6828
Adyrna.kz Telegram

ТЕБІРЕНІС

Кеудемде керемет тұр мына менің.

«Ол не?» деп, елең етіп сұрар елім.

Мен сонда Ата Жұрттың алдына кеп,

Етегін өбіп-сүйіп құлар едім.

Булықпай бір өзенге барып құйған,

Бұл жердің мен бір мөлдір бұлағы едім!

 

Бастауым – Отанымның шығысында,

Сөйлесем, тұрар ылғи тіл ұшында.

Байланғам кіндігімнен осы жерге,

Шалқыған шабытым да, ырысым да.

Алаштың астанасы – Семей барсам,

Тарайған ашылады тынысым да.

 

Мен сонда маңайыма қарайлаймын,

Тамыздың таңындай боп арайлаймын.

Шыңдарын Тарбағатай елестетіп,

Бейнесін көріп тұрам Қабанбайдың.

Шыңғыстау шым батырып терең ойға,

Зар-мұңын тыңдатады Ұлы Абайдың.

 

Әлемдік әсем әннің ақтанкері –

Мынау жер – Әміренің өскен жері.

Көк Ертіс – ұлы ұлдардың өміріндей,

Көнермес Көк Түріктің көк белбеуі.

Өлеңге сыймайды бұл Ұлы Шаһар,

Ораған он ғасырды өткендері.

 

О, Семей! Айналайын мен атыңнан,

Мекенсің мерей үшін жаратылған!

Қазақтың арман, жырын, заңғарлығын

Бейнелеп тұр ғой бүгін дара тұлғаң.

Кестесін кемел ойдың кескіндеумен,

Келгенсің даналықтың зәу-затынан!

 

Кеудемнен төгілдіріп күй бұлағын,

Көзіме көк нұрыңды сидырамын.

Шырқаған шымырлатып күміс көмей,

Өзіңе арнап айтар мөлдір әнін.

Қайнарсың қайнап жатқан буырқанып,

Өзіңнен өріп шығып мың бұлағың!..

 

Жалтылдап жанарымда жасыл ғалам,

Кеудемде керемет тұр лапылдаған!

Атағы Семейімнің шырқап көкке,

Алтын Ай, Күміс Күнге жақындаған.

Бұл бізге мұхиттан да үлкен мұра,

Алқынбай асып келген ғасырлардан.

 

Серпіліп сезім, ойым, толғағанда,

Кім білсін, қыран болып қомданам ба?!

Жаңылып, жаңсақ басып кетпес пе екем –

Сөзбенен Семей сырын сомдағанда?

Бастайын ең алғашқы кірпішінен,

Тарихын бұл шаһардың қозғағанда.

 

ҚИМАҚИЯ

 

Шырғалаң, шым-шытырық тарих деген,

Жарысар жылдар зулап жарықпенен.

Өмірдің өтіп кеткен бәрі өзектес –

Ұлыспен, ұлтпенен, халықпенен.

 

Тіршілік Жермен бірге дөңгелеген,

Тарихын уақыт қана термелеген.

Орнынан орман болып қаулап шыққан –

Осыдан мың жыл бұрын өлген емен.

 

Заманды мәңгілік деп айта алар кім?

Көненің көздерінен байқалар мұң.

Бір әулет бір ел болып отырса да,

Орны жоқ кейбір үлкен тайпалардың.

 

Пәрмені болмаса егер көсемдердің,

Өркендеп ұрпақтары өсер ме елдің?!

Қадалып қазса түбі тым тереңде –

Қазіргі тұрған тірі мекендердің.

 

Тұрағы ертеде өткен даналардың –

Жер болып орны жатыр қалалардың.

Гүлденген өркениет белгілерін

Сол кезгі бейнесіндей таба алар кім?

 

Бар ғылым дайын болса бастасуға,

Дәуірлер бейімделер астасуға.

Көнерген кенттерді кеулей берсе,

Түбірі тіреледі тас ғасырға.

 

Белгілі болса да аты көне қала,

Таптырмай түп тарихы жоғала ма?

Өзіміз білген кезден кесіп, пішіп,

Тізгінді тез тартамыз неге ғана?!

 

Тұрпатын қаласының танып тұрар –

Тарихын тереңдегі халық сұрар.

Мысалы, Семей деген бір қаланы –

Мың жасқа келген дейді тарихшылар.

 

Ескермей ескілігін, тереңін де,

Тоқтаймыз бергі жақтың кемерінде.

Отарлап алған елдің сөзін жөн деп,

Бас иіп, көну керек неге бізге?!

 

Атағы алыс кеткен осы мекен –

Алаштың беделі мен бетіне тең.

Бүгіннің айтуынша нықтап, нұсқап –

Үш жүз жыл жасап Семей отыр екен.

 

Тұрмайды тарих бірақ айтпай дерек,

Ашайық ақиқатты нақты әйгілеп.

Семейдің мың жылдығын айту үшін –

Алдымен қимақтардан бастау керек.

 

Алтайды қимақ елі қоныс еткен,

Ертістің қос жағасын өріс еткен.

Сытылып Батыс Түрік қағанынан,

Өзіне жер іздеген төңіректен.

 

Оянып, ойланады, сайланады,

Ертістің орта тұсын жайлап алды.

Алакөл, Жетісудың батысын ап,

Бір үлкен ел болуға айналады.

 

Ыдырап Батыс Түрік қағандығы,

Орнына келді Түркеш қағандығы.

Жойылып бұл кезде Ұйғыр қағанаты,

Тірлігін бір ғасырлық тәмам қылды.

 

Сілкінер уақыт келді қимақтарға,

Қолына қару ұстап, мінді атқа да.

Басына орда тігіп, тақ тұрғызып,

Бір жеке қағанат боп тұрмақ дара.

 

Қадамы алға қарай қарыштапты,

Аларын дер кезінде алып қапты.

Ғасырдың сегізінші ортасында –

Қимақтың қағанаты қалыптасты.

 

Байтағы – кең даланың өр төсі еді,

Байсалы – асқар таудың өркеші еді.

Бір шеті – биік Жоңғар Алатауы,

Бір шеті – Көк Ертістің орта шені.

 

Құрамы қағанаттың жеті тайпа,

Лаулады қимақтардың оты қайта,

Батысы жетті Оралдың оң тұсына,

Үлкейді аумағы да  осылайша.

 

Тайпалар – еймұр, иемак, татар, қыпшақ.

Баяндұр, ланыкалар және ажимат.

Қыпшақтар билікті алып қойғанынша,

Үш ғасыр өмір сүрді бұл қағанат.

 

Қимақтар таңдандырып төңіректі,

Он алты қала салды, егін екті.

Айбатты астанасы – Қимақия,

Салынған жеті сарай құдіретті.

 

Елінің емен-жарқын тірлігі үшін,

Жасаған қаған ғажап бұл бір ісін.

Тұрпатты тұрғызылған жеті сарай –

Салынған жеті тайпа бірлігі үшін.

 

Ассам деп басқа сарай, ордалардан,

Қимақтар сәулет сәнін қолдана алған.

Анығы – аты әйгілі Қимақия

Қазіргі Семей тұрған жерде болған!

 

Өзгеге үлгі болды, өніп те өсті,

Сан соғыс елін, жерін күңірентті.

Тағынан тайғаннан соң қимақ елі,

Тұтастай қыпшақтарға сіңіп кетті.

 

Кім сөйлер жоқ нәрсені алып көктен,

Кім жазар жалған сөзді зерікпестен.

Оныншы ғасырларда-ақ тарихшылар,

Қаласын Қимақия жазып кеткен.

 

Әрине, дерекпен ой қозғалады,

Дәйексіз, дәмсіз сөзден сол бағалы.

Айтқанда Қимақия жайлы әңгіме,

Қашанда Жеті Сарай сөз болады.

 

Білінер ел тарихы өкше ізінен,

Білінер жер тарихы өткенімен.

Қаланың тұрған орны – тұтас тарих,

Кейіннен аты өзгеріп кеткенімен.

 

 

ЖЕТІ ШАТЫР – ДОРЖЫНКИТ

 

Қазаққа қалмақ деген ата дұшпан,

Жауласып, жан берісіп, бас алысқан.

Бір жарым ғасырдан да астам уақыт,

Бір бірін кезек жеңіп, қасарысқан.

 

Бойында бес қаруын әздектеген –

Ойраттың бір бұтағы қалмақ деген.

Бөлініп Батыс ойрат, Шығыс ойрат,

Қырқысып, бір-біріне жер жетпеген.

 

Бұларды бұлғақ тағдыр адастырды,

Ұялас төбеттердей таластырды.

Моңғолдың батысында – қалмақ-ойрат

Жошының ұлысына қарап тұрды.

 

Ойраттың үдесе де кеселдері,

Ел туын ерлер шықты көтергелі.

Моңғолдың жерін тұтас біріктірді –

Тоғон мен Эсэн деген көсемдері.

 

Тағдыры теріс жаққа бұрып әкеп,

Амал не, іске аспады бұл әрекет!

Ойраттар тіккен орда быт-шыт болып,

Құлады жаңа туған мемлекет.

 

Тағы да батыс, шығыс қақ бөлінді,

Жауласып бір-біріне жат көрінді.

Қырқысты, қан жоса етті моңғол жерін,

Біреуі біреуіне бөктерілді.

 

Моңғолдың шығысынан ентелеген –

Ойраттың бір тайпасы «қалқа» деген.

Қалмақты қуып шығып, қонысынан,

Аластап, ата жаудай желкелеген.

 

Қалмақтар қыр арқасын тоса берді,

Бетке алып батыс жақты, боса берді.

Қазақтың қолтығына енген сәтте,

Жаулығы ішке бүккен қоса келді.

 

Ер қазақ еңкейгенді еңселі етер,

Жетімді жебей жүрсе, өркені өсер.

Қаңғыған қалмақтарға қоныс беріп,

Кіргізді қол астына хан Тәуекел.

 

Осы хан оң істерді бастаған көп,

Қалмақты қағып беттен, жасқаған жоқ.

Хан болды қалмақтарға сол бір кезде –

Баласы Тәуекелдің Шахмағамбет.

 

Бірікті төрт тайпасы ойраттардың,

Қазақтың ордасына ойлатқан мұң.

Күн сайын кеуделенді, іргеленді,

Мекендеп тау жақтарын, ой жақтарын.

 

Зорайды зорға жеткен зарлауықтар,

Кірме мен келімсектен зор қауіп бар.

Шығысын Тарбағатай жайлап алды –

Ойраттың бір тайпасы – торғауыттар.

 

Басынан кешкен қанды соғыстарды –

Дөрбіттер мықты мақсат көп ұстанды.

Зайсаннан төмен қарай құлаш созып,

Ертістің қос жағасын қоныстанды.

 

Тағы да бір тайпасы шорыс деген –

Шыныққан шайқаспенен, ұрыспенен.

Іленің басқы жағын иеленді –

Жапқандай жасыл аймақ пүлішпенен.

 

Қалмаққа қонды бақыт осы уақтар,

Тым жайлы мал мен жанға мол шуақ бар.

Маңынан Үрімжінің орын тапты –

Қой айдап, жылқы баққан қошуыттар.

 

Ұмытып біраз уақыт дүрбелеңді,

Ойраттар осылайша іргеленді.

Үдеді жылдан жылға байлығы да,

Бейнесі елге ұқсаған түрге де енді.

 

Сабат жер, салқын жайлау, саялы жай,

Маңқиған малы семіз, адамы бай –

Ойраттың тайпаларын біріктірді –

Шорыстан шыққан дана Харахулай.

 

Тойтарды ол Моғолстан хандарын да,

Қалқаның Алтан хандай заңғарын да.

Бұдан соң қаһар жиып, қабақ түйіп.

Жау іздеп қарай берді жан-жағына.

 

Баласы Харахулай Батур деген,

Ол дағы жігіт болды ақылды ерен.

Күшейтіп ойрат елін одан сайын,

Шендесті алыспенен жақынменен.

 

Ұйытып, ұйыстырып бар маңайын,

Дамытты саясатын әр күн сайын.

Жерінде Тарбағатай – Улан-Бура,

Өткізді ол ойраттардың құрылтайын.

 

Сол кезде қабылданып заңдары да,

Жетіпті Батур тайшы арманына,

Ел болып ойрат – моңғол тайпалары,

Аталды осы бастан Жоңғария.

 

Қонтайшы – бұл одақтың басты адамы,

Мойнында елдің қамы, тақ талабы.

Ұлығы тайшы, ноян, жайсаң деген –

Бұлжытпай бұйрығын атқарады.

 

Ер Батур қонтайшы боп қомданады,

Қаруын қазаққа арнап қолға алады.

Үш рет шайқасса да, жолы болмай,

Өзі өлді, орындалмай болжағаны.

 

Орнына Сенген келді – мұрагері,

Алдынан бақталастар шыға келді.

Солармен бір шайқаста жазым болып,

Жетпестен мақсатына құлап еді.

 

Жоңғардың бұлттанып ашық күні,

Әкелді таққа Халдан Бұшұқтыны.

Соғысып Чиң елімен қайта-қайта,

Оның да күні ақыры батып тынды.

 

Халдан Бұшұқты 1697 жылы бұл дүниеден озғаннан кейін, қазақ даласы үшін қап-қара түнек, қан аралас қасірет болып жаратылған Суан Рабдан жоңғар елінің қонтайшысы болып, ызалы арыстандай маңайына ызғар шашып, таққа отырды. Оның ызалы, ашулы болатын себебі – өзінен бұрынғы Халдан Бұшұқты Қаратау өңірі мен Сырдарияның бойындағы қазақтарға бірнеше рет шабуыл жасаса да, бір-екі рет қана жеңіске жеткені болмаса, қайта-қайта майырылып, тойтарыла берген еді. Суан Рабдан жоңғарлардың жіберген сол еселерін қайтарып қана қоймай, бүкіл қазақ жерін басып-шаншып, қиратып, өртеп, түгелдей жаулап алмаққа белін бекем буды.

          Ол Шыңғыс ханға дейін ғұндар мен Көк Түріктердің, одан бері қыпшақтардың, найман мен керейлердің мекені болған шүйгін жерлерді жайлап отырса да, бұл аймақ өзіне тым аз көрінді.

          Суан Рабдан сыртқы саясат қана емес, ішкі саясатқа да терең мән беріп, қарамағындағы халықты будда дінінің бұғауымен тырп еткізбей ұстап тұру үшін, XVI ғасырдың басында, Қазақ Ордасына қалмақтардың бағынып тұрған уақытында салынған бұдханалары мен ғибадатханалары бар бекіністер мен қорғандарды тиімді түрде пайдалануға тырысты. Солардың бірі – қазіргі Семей қаласының батыс жағындағы, Ертіс өзенінің оң жағасындағы дөңестеу жерде салынған қала.

Тарихи зерттеулердің айтуы бойынша, 1600-жылы қаланған бұл қаланың аты Доржынкит екен. Бұлай аталу себебі – қаланы салдырған адам – Ертіс бойын жайлап отырған дөрбіттердің пірәдар ламасы Доржын Асма тархан. («Кит (ките)» деген сөз өте үлкен, кешенді бұдхана деген ұғымды білдіреді).

Қалаға ерекше сән беріп тұрған, өздеріне бұрыннан етене жеті сарайдың күмбездері қатарласа тігілген жеті шатырға ұқсап тұрған соң – қазақтар мұны Доржынкит демей, Жетішатыр деп атап кеткен.

Осы тұста айта кету керек, қазір Өскеменнен алпыс шақырым жерде Қалба тауының етегімен ағып жатқан Сібе өзенінің жағасында тұрған Абылайкит бұдханасы – Доржынкиттен жарты ғасырдан астам уақыттан кейін қалмақ билеушісі Абылай тайшының пәрменімен салынған қамал.

СЕМЕЙ – СЕМИПАЛАТ

 

Бір күдік тұрғандай боп әр таңында,

Қамықты қазақ қауіп сарсаңында.

Жонданған жоңғар елі төнген сайын,

Тұрғандай бір апаттың қарсаңында.

 

Кезінде тоз-тоз болып ыдыраған –

Қалмақтың қара дүлей түрі жаман.

Бұрымы шоқпардай боп, тісін қайрап,

Бейне бір шыққан жындай құмырадан.

 

Қазаққа құт таратқан қадамдары –

Хан Тәуке қауіптенді, алаңдады.

Қалай да ел іргесін тыншытам деп,

Он ойлап, тоғыз толғап амалдады.

 

Жұрт қой деп қалмақтарды сағы сынған,

Кезінде Тәуекел хан жер ұсынған.

Сол қалмақ шабуға енді дайын отыр,

Естіген ел шошынар дабысынан.

 

Хан Тәуке елдің сүртіп қанды жасын,

Арнады бейбіт іске бар мұратын.

Соғыссыз, бейбіт, тыныш жол деп білді ол –

Қазақты қабырғалы ел қылатын.

 

Ешқашан жеткізбеген соғыс баққа,

Керіспей, келісіммен өріс тапса.

«Сүйенсем үлкен елге жөн болар» деп,

Ақыры, елші салды орыс жаққа.

 

Бұл сәтті орыстар да, сірә, күтті,

Сібірдің бас төресі құп алыпты.

Бірінші Петр патша: «Азияға

Енді мен қақпа ашам» деп, қуаныпты.

 

Дүбірі сілкіндіріп ел мен жерді,

Ресей бұл уақытта әлденген-ді.

«Қамалдар салынсын – деп – Ертіс бойлап» –

Патшасы бір ерекше пәрмен берді.

 

Намысты, нұрлы ақылды, нар денелі –

Бірінші Петр патша заңғар еді.

Осының арқасында орыс өрлеп,

Атағын империя алған еді.

 

Салынды қатар-қатар бекіністер,

Бұлжымас бұйрық пен кесімді істер.

Хан Тәуке келіссе де, тым сақтанды –

Орыстар әкелер деп өкініш, шер.

 

Тұрғанда төніп дұшпан, қысып заман,

Қазақты қағаберіс күтіпті аран.

Құрылған қақпан емес, ор боп шықты –

Петрдың саясаты мысық табан.

 

Ресей нықтап басты тың қадамға,

Бекініс – басты құрылыс сол заманда.

Бар бір жер қарағайлы, қалың нулы –

Зайсаннан Ертіс төмен құлдағанда.

 

Орыстар осы жерге жетіпті ақыр,

Қаптап кеп қарағайын кесіп жатыр.

Күн санап көтерілді жаңа құрлыс,

Жанынан жоңғар қамал – Жетішатыр.

 

Атандар алдырылды арттыруға,

Өгіздер ауыр жүкті тарттыруға.

Құрлысы бұл қамалдың оңай тимей,

Созылды тер шұбыртып алты жылға.

 

Іске асты осылайша сенім, талап,

Үкімет қабылдады бәрін санап.

Қамалға ат қоямыз деген кезде,

Аталды Жетішатыр – Семипалат.

 

Жанына жолап кетсе қыр қазағы,

Бекініс қырланады, сұрланады.

Қазақтар «Жеті шатыр» деп атамай,

«Семей» деп атап кетті бұл қаланы.

 

Кезде де қала болып тұлғаланған,

Түспеді осы атауы бір назардан.

Біреулер «Семей» деген жай сөз дейді –

Орыстар қойған аттан бұрмаланған.

 

Таң қалар әркім бұған айран-асыр,

Жасырын тұрғандай боп азғана сыр.

Семейден бір қозы көш тұрған анау –

Семейтау тым әріден келе жатыр?

 

Әр жердің, әр таудың да аты болған,

Бұл шындық көкейлерде жатып алған.

Тау аты қала атымен атала ма,

Ат қойып айырмай ма затын адам?!

 

Ат қоймай қалмас қазақ, жаңылмаса,

Әр атау тұрар жердің мәнін де аша.

Атаусыз қалар ма еді бұл шоғыр тау,

Бір қала Семей деген салынбаса?!

 

Қала аты тау атынан төмен тұрар,

Жерді айтсақ, аумақ пенен көлем тұрар.

Кім білсін, осы қала тұрған аймақ –

Бұрыңғы замандардан Семей шығар!

 

Ежелден Семей жердің төресі еді,

Сырғыған сан тайпаның сөресі еді.

«Киелі мекен» деген мағынасы –

Бұл «семей» – сары ұйғырдың көне сөзі.

 

Шығыс Түрік қағандығы қожырап тұрған кездерде Орталық Азияның шығыс бөлігіндегі тоғыз оғыз, он ұйғыр тайпалары одақ құрып, дербес мемлекет құруға талпынғандықтан, қағанатқа қарсы шықты. Бұл одақ жылдар бойы қайта-қайта шабуыл жасап, ақырында, VIII ғасырдың орта шенінде Шығыс Түрік қағандығын құлатып, оның орнына Ұйғыр қағандығы деп аталатын жаңа мемлекет орнатты.

 Селенга, Орхон, Тола өзендерінің бойын жайлаған бұл қағандық бір ғасырға жетер-жетпес қана өмір сүріп (745-840), билікке таласудан, өзара қырқысудан әбден әлсіреген кезінде, Енесай қырғыздары бұл мемлекетті құлатып тынды.

Шапқыншылыққа ұшыраған ұйғырлардың үлкен бөлігі Алтай мен Тарбағатай аймағына, Шығыс Түркістан мен Ганьсу өлкелеріне қарай төңкеріліп, жергілікті тайпалардың арасына сіңісіп кетті. Ұйғыр қағандығынан мұра болып оның жазуы (әліпбиі) ғана қалды. Бұл жазуды Найман мемлекеті өз жазуы ретінде иемденді. Шыңғыс хан наймандарды жаулап алғаннан кейін, ұйғыр жазуын мемлекет істерін жүргізуге пайдаланып, жойылып кетуден аман сақтап қалды.

Моңғолия бұл жазуды осы күнге дейін пайдаланып келеді.

Тарбағатайға ауып келген ұйғырлардың қазіргі Семей жерінде бір талай уақыт тұрақтап қалуы әбден мүмкін. «Киелі мекен» деген ұғымды білдіретін «Семей» атауының сол кездерде пайда болғанына сенгіміз келеді. Өйткені, тарихи кезеңдерге байланысты «Барқытбел» Тарбағатай болып, «Найман-күре» Шыңғыстау болып өзгеріп кеткені өзімізге аян ғой.

Бекініс қала болды қорғаны бар.

Жан-жақтан жапырласып ел де ағылар.

Жазира – Көк Ертістің солтүстігі,

Оңында қарағайлы орманы бар.

 

Қақпасы қаһар төгіп бедерленген,

Іші – ду, сырты сыздап, безергенмен.

Қоқиған қос зеңбірек үңірейіп,

Орысты танытып тұр кемелденген.

 

Қабарып, қарс түйіліп қабақтары,

Қаз мойын ат мініпті казактары.

Шошайып мылтықтары иығында,

Қылышы белдерінде салақтаулы.

 

Осылар орыс үшін отанды ұстар,

Көрсетпес босбелбеулік, босаңдықтар.

Кеп жатты қалмақтармен қабаттасып,

Саудагер бұқарлықтар, қоқандықтар.

 

Қызығып, түземдіктер мән берсе деп,

Семейге әкелінген әр нәрсе көп.

Базарға салынатын мал маталып,

Қаланың маңы кетті жәрмеңке боп.

 

Ертістің оң жағасын басып дүбір,

Семейге малын айдап асықты қыр.

Сауданы жөнге салып кеден тұрды,

Бағынған губернияға Батыс – Сібір.

 

Ямышев кедені бұл – бір жаңалық,

Ақысын саудагерден тұрған алып.

Өткізіп тауарларды ретімен,

Тұрмайтын болды сыртта мал қамалып.

 

Мекендеп маңайдағы шұраттарды,

Көк Ертіс келімсекке ұнап қалды.

Семейге, орыстармен қолтықтасып,

Үй салып, татарлар да тұрақтанды.

 

Татардың ұқсаған соң түрі орысқа,

Ілесіп келген сынды бұл қонысқа.

Қазақтар қарап тұрса, сөзі ұғымды,

Жақсы ғой келімсектің тілін ұқса.

 

Татарлар түркілік ел тумысында.

Тағдыры тайғақ болып, тұрды сында.

Жартылай көшпенділік өмір сүрген –

Байқалдың оң жағалау, шығысында.

 

Шыңғыс хан бұларды да дал-дұл еткен,

Аңырап, өскен жерден мәңгі кеткен.

Байқалдың тұнығынан бір-бір ұрттап,

Көлдетіп көздің жасын мөлдіреткен.

 

Өтті олар Еуропа аумағына,

Қапқаздың биік-биік тауларына.

Тұрақтап Еділ бойын қалды сонсоң,

Тырп етпей Алтын  Орда қармағында.

 

Байламды болмаған соң жерлері де,

Тарады Орта Азия елдеріне.

Солардың сонарлаған ұрпақтары –

Семейге мекен іздеп келгені де.

 

Осқырып о жағына, бұ жағына,

Жайласып жатты бұлар тұрағына.

Өзінен төмен тұтып қыр қазағын,

Тұштияр шапанына, тымағына.

 

Көрші боп бір-бірімен орыс, татар,

Семейлік – жерлес болып қоныстасар.

«Түземдік», «жабайы» деп қазақтарды,

Түйесін анадайдан көріп қашар.

 

Қазаққа қайғы төніп қасіретті,

Рессей белден басып, өкім етті.

Семейдің ірге тасы қаланғалы –

Отыз бес, қырық жылдай уақыт өтті.

 

 «СЛОБОТКАЛАР»*

 

Ертістің оң жағасы қала болып,

Көп үйлер өзен бойлап барады өріп.

Құрылды полиция басқармасы,

Бұл халық отырсын деп шара көріп.

 

Тілеуін бергендей боп көктен, осы,

Орыстың өрши берді көп дәмесі.

Уездік қала болды Семей енді –

Жылында мың жеті жүз сексен екі.

 

Шығарды кең өріске бұл атағы,

Көздері орыстардың нұр атады.

Қаланың көркейуін, дамуын да –

Барлығы жақсы көріп, ұнатады.

 

Семейдің дабысы мен артады үні,

Жыл сайын зораяды мол қарымы.

Салынып сарай сынды еңселі үйлер,

Орнады «Әкімшілік орталығы».

 

Бұл аймақ салтанатты, тым шырайлы,

Есігі кеңселердің тыншымайды.

Шенденген пәуескелі шенеуніктер

Ұмытып кеткен сынды бір Құдайды.

 

Бір ұлық бір байқұсты сынап тұрар,

Сыналған сөлбірейіп шыдап тұрар.

Кеңсені көлеңкелеп отырғаны –

Зарыққан бөріктілер, тымақтылар.

 

Қаптаған ағаш үйлер бұл алапта,

Ауласы айналғандай гүл абатқа.

Екінші бір аумағы бұл қаланың –

Аталған «Казачья слободка».

 

Ентелеп орысы бар, казагы бар.

Қазақтың аза бойын қаза қылар.

Көп кейін «Казачья» «Затон» болды,

Қайыққа мінуге елдің бәрі ағылар.

 

 

Осы тұс арғы бетке жол ашады,

Салшы мен қайықшыға қол асады.

Қазақтар бұл араны «Затон» демей,

Ежелден «Қайық аузы» деп атады.

 

Үшінші «слободка» – татардікі,

Үйлерін үйлестіріп қатар ғыпты.

Бұл аумақ кейінірек сәл өзгеріп,

«Татарский край» деп аталыпты.

 

Тағы бір слободка болды пайда,

Қазақтар келді саулап орын, жайға.

«Тарақты» деп аталды мұның аты –

Келген соң тарақтылар белін байлап.

 

Осылар қала болды оң жағында,

Түзелді сәнді қала, мәнді қала.

Майланып ауыздары қыр малымен,

Керіліп келімсектер маужырауда.

 

Жатқан жоқ сол жақтағы жаға босқа,

Айыбы – қарайтыны дала жаққа.

Мұнда да азын-шағын ел жиналып,

Аталды «Заречная слободка».

 

Бұл жаққа саудагер мен мал ағылар,

Қарсы алып керуен сарай тұра қалар.

Тауарды айырбасқа салатұғын –

«Меновый двор» деген базары бар.

 

Қытайдан келген керуен әуел баста,

Сонан соң өзбек келді бұл аумаққа.

Қазақтың тері-терсек, жүн, малына

Салады тауарларын айырбасқа.

 

Көпестер түрлі затты молықтырды,

Қазаққа сауда жайын көп ұқтырды.

Өткенде ширек ғасыр «Заречная» –

«Тінібай слободкасы» болып тұрды.

 

Тінібай* көпес еді әлеуетті,

Аузына қарататын әлеуметті.

Өзіне кең сарайдай үй салдырып,

Ақшасын, бақшасын да мәуелетті.

 

Құлашын саудасының кең серметіп,

Тынбады қалашығын өркендетіп.

Дүр көпес дін мұсылман жолын ұстап,

Тұрғызды салтанатты үлкен мешіт.

 

Сол мешіт әлі де тұр сынын бұзбай,

Жұмада жұрт жиылар бұрынғыдай.

Мақтаулы аты қалған ел аузында –

Ешқашан ұмытылмас бұл Тінібай.

 

Көбейіп қазақтар да шоғырланды,

Сөйтсе де, мал, дүниесі көп ұрланды.

Үйреніп шикі кірпіш құюды да,

Бір-бір там асар жасап соғып алды.

 

Үй салып, жан бағуға жарағандар,

Тұрақтап бұл Семейде қала да алар.

Ертістің қалаға енер бір тұсында

Дейтұғын «Түйемойнақ» бір арал тұр.

 

Бұл арал үлкен емес, шағын ғана,

Тым жайлы демалуға, дамылдауға.

Казактар қойған аты – «Полковник»,

Соларға жақсы болды дарылдауға.

 

Қазақтар қатты сыйлап, құрмет қылған,

Саудасы сол кездері дүрлеп тұрған –

Жоламан* деген көпес осы аралдың

Сол жақ бет қарсысына үй салдырған.

 

Жолы боп сырттан келген көп адамның,

Саны өсті үй-жай менен қоралардың.

Бұл жерде бой көтерген слободка –

Аталды атыменен Жоламанның.

 

Көп қазақ ауылдардан көшіп барды,

Қалашық қарапайым өсіп қалды.

Жоламан Тінібайдан қалмаймын деп,

Қидырып қарағайдан мешіт салды.

 

 

Осылай зырлай берді қу тіршілік,

Жарлы жұрт жақсылыққа күнде ұмтылып.

Сол мешіт ашарлық басталғанда,

Өртеніп кеткен екен, жүз жыл тұрып.

 

Мың сегіз жүз елу бір – жыл жыр, әнді,

Өзінің Семей бұл жыл гербін алды.

Ресей «осы өзімнің қалам ғой» деп,

Меншіктеп, таңба басып, енін салды.

 

Гербтің төбесіне тәжін қойды,

Осы тәж отар елдің нанын жейді.

Түйе тұр жүк артылған – тәж астында,

Құлдығын қазақтың бұл мәлімдейді.

 

Ақ патша назар салды бұл қалаға,

Қарамас қарағандай түз – далаға.

Сауданың орталығы – осы қала.

Ал, мұнда ең бір үлкен тұр мағына.

 

Пайдасын пайымды оймен біле сала,

Облыс құрды орыстар іле-шала.

Семей боп орталығы облыстың,

Орнады мекемелер – сала-сала.

 

Шаттанды жергілік те, келімсек те,

Дәл бұлай көтерілмес көңіл көкке –

Байтақ ел бір Семейге басын иді –

Сол жылы – мың сегіз елу төртте.

 

Билігі бүтін жүріп облысқа,

Семейдің өзі – төре, өзі – нұсқа.

Ел жұртын кең даланың шырқ иіріп,

Тұр, міне, Петербордың сөзін ұстап!

 

Жаңғыртып жарлықтары дала, тауды,

Басқарды бес округ – сан атаулы –

Семейдің өз өлкесін, Аягөзді,

Көкпекті, Қапал менен Алатауды.

 

Мәлім боп жаңа өмірмен қауышқаны,

Капитал үрдісіне ауысқаны.

Қаланың әр тұсынан орын тепті –

Тері, май, сабын, кірпіш зауыттары.

 

Саудасы мұндай кезде тосылмақ па –

Ашылды қос жәрмеңке осы шақта.

Дуылдап бірі жазда, бірі қыста,

Дүрілдеп даңқы кетті атырапқа.

 

Кез келді шұға жауар аспаннан да,

Сөреде жібек, торғын, алмұрт, халуа.

Барлығы келіп жатыр ішкі жақтан,

Шәуешек, Құлжа менен Қашқардан да.

 

Үкімет паш етті бір ісін мәнді,

Тосыннан таң қалдырып бүкіл жанды –

Тұрғызды үлкен мешіт қос күмбезді,

Есіркеп ескергендей мұсылманды.

 

Жайланды жайнамазға бас ұрғаны,

Сайрады жырға қосып ақындары.

Бір жарым ғасыр жасап, әлі де тұр,

Бұл мешіт Әнет Баба атындағы.

 

Төселіп шенеуніктер сөз бен іске,

Ұмтылды қара халық күн көріске.

Тағы да бір жақсылық – есік ашты

Арналған әйелдерге училище.

 

Білімге бетін төсеп, бас ұрған да,

Мәніне мәдениет жақындар да –

Шат болып, шапалақтап қолын соқты,

Музейі өлкетану ашылғанда.

 

Арнаған өз еліне жырын, жанын –

Ұлы Абай тым хош көрді мұның бәрін.

Ашылған сол музейге алғашқы боп

Өткізді жәдігерлік бұйымдарын.

 

Осындай елеңдетті жай көп елді,

Жігіттер жігерленді сайлы, өнерлі.

Ғажабы – сол музейдің дәл жанынан

Қоғамдық кітапхана пайда болды.

 

Ашылып баспахана «Жәрдем» атты,

Өзіне бүкіл жұртты сол қаратты.

Оқуға сәл де болса жақындатты ол –

Кітаптан кенде қалған қор қазақты.

 

Ар етіп арманын да, аңсауын да,

Қиналды ел бодандықтың сарсаңында.

Бұл кезде  Ресейдің құты қашып,

Тұр еді төңкерістің қарсаңында.

 

Күні ертең еңірерін көп данасы,

Ерлердің байланарын оққа басы –

Білген жоқ бейбіт елдің кең даласы,

Білген жоқ Көк Ертістің қос жағасы.

 

Қазаққа жайылса деп бір кереге,

Тәуелсіз айналсақ деп іргелі елге,

Алаштың көсемдері қуғын көріп,

Қамалды бір неше рет түрмеге де.

 

Халықты қысып, қинап тұрды отарлық,

Шегінен шыға берді тым қаталдық.

Бұл аздай бір алапат тағы соқты –

Бірінші соғыс еді бұл жаhандық.

 

Мұндайда күннің көзі тұрмас күліп,

Семейде үдеп кетті қымбатшылық.

Дем алмай жұмысшылар еңбек етті,

Қиналыс, жиналыспен күн батырып.

 

Бұл соғыс зор тауқымет әлемдегі,

Не түрлі мәселелер тереңдеді.

Семейде сол бір шақта қаптап кетті –

Әскери тұтқындардың лагерлері.

 

Күн сайын үкіметтің заңы да үдеп,

Даң болды даланың да жаны жүдеп.

Мал мен жүн, тері, киіз бәрін де алды,

«Беріңдер – бұл соғыстың салығы» деп.

 

Қаңғытты қара шығын кедейлерді,

Ел кезген қайыршылар көбейді енді.

Жыртығын Ресейдің жамаймын деп,

Бәрінен көп қиналған Семей болды.

 

Қазақты қайта-қайта төңіректеп,

Жеті жұт бірдей келді, бәрін үптеп.

Патшаның пәрменімен «Жарлық» шықты,

Маусымда, жығылғанға жұдырық боп.

 

Соғыстың сойқандары сананы арбап,

Отар ел қала алмады жан амалдап.

Он алты, отыз бір жас арасында –

Соғысқа қазақтан да адам алмақ.

 

Бұл жарлық көктен түскен жайдай болды,

Қаhарын, қамшысын да сайлай келді.

Өрімдей бозбала мен жас жігітті

Шұбыртып жер қазуға айдайды енді!

 

Қайғы мен қауіп-қатер қосақтасып,

Майданға аттанады босап, жасып.

Қолына қару да алмай, қара құлдай,

Күн кешер күрек ұстап, окоп қазып.

 

Бұлқынды ел бұл жарлыққа қарсы амалдап,

Сіресіп тұрып алды жер табандап.

Аз ғана оқығандар, көздері ашық,

Мұндайда жұрттың жүгін арқаламақ.

 

Жантайып жатпас көрпе төсей салып,

Іс қылмақ, шаппаса да атой салып.

Патшаға арыз жазды Петерборда –

Қосылып Байтұрсынов, Бөкейханов.

 

Шықпады еш нәтиже одан дағы,

Ел мен жұрт көкке ұлыды, озандады.

Боздаған боздақтарын бұл қатерден

Қалай да алып қалу – бар арманы.

 

Ақ сойыл азамттар атқа мінді,

Жиналып әр тараптан ақтарылды.

Болыстық ауылдарды басып алып,

Өрттей боп өкіметті жасқандырды.

 

Қайнаған ыза жеңіп бар ақылын,

Таппады дала тыным, қала тыным.

Ордасы төңкеріліп болыстардың,

Жыртылды нешелеген «қара тізім».

 

Ашулы ой қабаттасып тілегімен,

Лапылдап кектің оты жүрегінен –

Жетпіс мың адам шықты сол бір шақта

Тек қана бір Семейдің уезінен.

 

Анталап көтеріліс қатты өрледі,

Бұл қимыл бірақ елге бақ бермеді.

Ақыры қанға бояп, басып тынды –

Қарулы казак-орыс әскерлері.

 

Жер құшып алпыс жігіт байланды оққа.

Өртеніп, ауылдар да айналды отқа.

Әскері казак-орыс аянған жоқ,

Бүкіл ел болды сол кез ойран-ботқа.

 

Тоқтады дабылдаған қаладағы үн,

Бірінші кедей тартты жан азабын.

Жағалап ұлықтарды бай-шонжарлар,

Майданнан алып қалды балаларын.

 

Олардың орынына кедей кетті,

Пиғылы пасықтардың үрейлентті.

Майданға айдалғандар жаяулатып,

Омбыға сүйретіліп әрең жетті.

 

Қоштасқан үйіндегі кәріменен,

Шиеттей баласымен, жарыменен –

Сол шақтың ұмытылмас куәсі боп,

Ән қалды «Он алтының зары» деген.

 

«Самал тау, асқар белім, шалқар көлім,

Не болар солдат болып көрген күнім,
Есіме қайта-қайта түсе бердің,
Кір-жуып, кіндік кескен қайран жерім.

Атты емеспіз, жаяумыз,
Жаяудан да баяумыз,
Он бес күндей болғанда,
Омбы жаққа таяумыз.

Жасым бар екі мүшел, жылым – сиыр.
Тағдырдың айдауымен кеттім қиыр.
Самал тау, қайран елім, қалдың артта,
Адасқан өрісінен біз бір үйір.

Әке-шешем бар еді,
Жасы жеткен кәрі еді,
Осынау әнге салдырған,
Он алтының зары еді...»

 

Мұңайтып мындаған үй, ошақтарды,

Жастардан ауыл біткен босап қалды.

Үш жылдай күнге күйіп, аязға үсіп,

Майданда жүз мың қазақ окоп қазды.

 

Білместен – жауы қайсы, дұшпаны кім,

Жүдетті жүректерді, қыстады мұң.

Ресей естіген жоқ бұл ерлердің –

Тұншығып, назаланып шыққан үнін.

 

Ұшырап басқыншы елдің дауылына,

Жоғалды жастық шақтың сауығы да.

Амалдап, аман қалған бейбақ жандар

Оралды дертті болып ауылына.

 

 

ТӨҢКЕРІС ТӨҢІРЕГІНДЕ

 

Баз кешіп бақ-дәулеттен батыр дала,

Мұқалып, майырылды асыл, дана.

Қайғысы қайнап іште қайран қазақ,

Ілінді жиырмасыншы ғасырға да.

 

Боздады бодандықтың тұсауында,

Қыстығып, қиналды жан құса-мұңға.

Қалтырап, қаны қатып, тәні тоңды,

Мұп-мұздай Ресейдің құшағында.

 

Көзінен быр-быр ұшып көрікті аймақ,

Қор болды ел қара жұрт пен қонысты ойлап.

Көшіріп қазақтарды қу далаға,

Құйқалы жерлерді алды орыс жайлап.

 

Орыстан бәрін көрді күллі азаптың,

Қолынан билік кетті бұл қазақтың.

Ояздың, ұлықтардың пәрмені – зіл,

Би, болыс – бейнесіндей құр мазақтың.

 

Қазақты көндірем деп құл өмірге,

Мыжыды мінезін де, жігерін де,

Талады тау, даласын, малын, жанын,

Тонады тіршілігін, тірегін де.

 

Жасытты жарқын жүзін, жүрекке ұрып,

Сетінеп салт-сана мен әдет-ғұрып.

Жағынды жұрт дүмдісі ұлықтарға,

Шабынды, ел мен жұртын әлек қылып.

 

Мұңданып қайғыланып кедей-жарлы,

Бастары пана таппай шыр айналды.

Кейбірі мал табам деп, жан бағам деп,

Сүйретіп сілікпесін Семей барды.

 

Таңдайға татар дәм жоқ төңіректе,

Қор кедей қарғыс айтты өмір итке.

Істеді қара жұмыс, лас жұмыстар –

Кіргендер зауыт пенен фабрикке.

 

Алыстан арсаланып, арып-талып,

Қазақтар келіп жатты ағып-тамып.

Жұмысшы қазақтарды мұжық та илеп,

Қорлайды түйіп қалып, салып қалып.

 

Намысы назаланған, наласы көп –

Қазақтың күресуге шамасы жоқ.

Кергиді келімсектер қарқ-қарқ күліп,

«Семьпалат – бұл орыстың қаласы!» деп.

 

Есіріп елді қорлау, адамды ұрып –

Әдеті басқыншының арам, бұзық.

Басынып қазақтарды баласы да,

Осылай қалыптасы надан ғұрып.

 

Сор қаптап Ресейдің зор басына,

Көмілді ол надандықтың қордасына.

Жауыздық, жалмаузыдық араласып,

Ұқсады айдаhардың ордасына.

 

Болған соң бүкіл елге әуресі мұң,

Сәні не сарай, тақтың сәулетінің?!

Үш ғасыр босатпаған патша тағын –

Мәні не Романов әулетінің?!

 

Ел болып қаланғалы іргесі де,

Ешкімнің бөленген жоқ құрметіне.

Маңайын матап, бұтап, аулап, жаулап,

Айналды ол «халықтардың  түрмесіне».

 

Мастанды мансабына бөленгендер,

Мақтанды байлығына кенелгендер.

Осының бәрін көріп, қарсы шықты –

Орыстан шыққан дана, кеменгерлер.

 

Деп ойлап: «Түнек түннің атса таңы»,

Астыртын бір-бірімен астасады.

Халықты көтергенде, үндеп ерлер,

Қалтырап, теңселді енді патша тағы.

 

Бұрмақ боп замананың көшін шұғыл,

Сілкінді жұмысшылар төтенше бір.

Шаруа мен солдаттар да көтерілді –

Басында мың тоғыз жүз бесінші жыл.

 

Бұл «Қанды жексенбіден» басталды да,

Қамтыды қаңтарды да, ақпанды да.

Созылып екі-үш жылға, жаза тартып,

Көп ерлер батқан қанға, батқан мұңға.

 

Кеудесі өрекпіді Семейдің де,

Ұмтылып, үміт артып келер күнге.

Пошта мен телеграф адамдары,

Бас қосып шықты он бес күн ереуілге.

 

Көзі ашық қазақтар да ұрандады,

Патшаға сес білдірмей тұра алмады.

Жолдады «Қарқаралы құзырхатын».

Болашақ Алаш Орда қырандары.

 

Жазылған «құзырхатта» қазақ мұңы –

Жер жайы, теңдік жайы, азаттығы.

Он төрт мың бес жүз адам қолын қойып,

Ел болып, бірінші рет талап қылды.

 

АЛАШ ОРДА

 

Қашаннан қазақ халқы нұрға құштар,

Шақырған тым алыстан бір жарық бар.

Алашты ел қылам деп ерлер шықты –

Әлихан, Ахмет пен Міржақыптар.

 

Ел десе кеудесінен күй ағылар,

Белсеніп шықты не бір зиялылар.

Бастаудан басталатын бұлақтардың

Өміршең өзендерге құяры бар.

 

Үзсем деп үстемдіктің шынжырларын,

Арнады алашына мұң жырларын.

Қозғалыс баспасөзсіз болмайды деп,

Шығарды «Айқап» деген бір журналын.

 

Газеттер – «Қазақ» пенен «Бірлік туы»,

«Сарыарқа» күнге ұмтылды, нұрға ұмтылды.

Ақыры болып ақпан төңкерісі,

Қиратып патша тағын, түнді түрді.

 

Заманның шалдықса да бұл өрінде,

Қазақтың от тұтанды жүрегінде.

Аталды автономды ел Алаш жұрты –

Екінші жалпы қазақ сиезінде.

 

Бар қазақ шат боп күліп, мерейленді,

Үмітін бұл бостандық жебей берді.

Қимылы Орындбордан бастау алған –

Алаштың астанасы Семей болды.

 

Семей қаласы (Ертістің сол жағалауы – Заречная слободка) Алаштың астанасы мәртебесін алғаннан соң біраз уақыт өткеннен кейін, 1918 жылдың көктемінде Алаш Орда автономиясын құруға қатысқан адамдар бас қосты. Үкімет төрағасы Әлихан Бөкейханұлы бастаған сол зиялылылар мынандай адамдар болды:

Алашорда төрағасы – Әлихан Бөкейхан.

Алаш-орда мүшелері – Мұхаметжан Тынышбаев, Халел Ғаббасов, Әлімхан Ермеков.

Алашорда мүшелеріне орынбасарлар – Мұқыш Поштаев, Сейдәзім Қадырбаев.

Алашорданың оқу комиссиясының мүшелері – Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Елдес Омаров, Биахмет Сәрсенов.

Елдің кұрметті адамдарынан – Шәкәрім Құдайбердіұлы, Тұрағұл Абайұлы, Мекайыл Абайұлы, әйгілі ақын Көкбай Жанатайұлы, палуан Қажымұқан Мұңайтпасов.

Семейлік зиялылыр – Райымжан Мәрсеков, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Шенже Керейбаев, Әлиханның інісі Смахан Бөкейханов, Имамбек Тарабайұлы, Мұстақым Малдыбаев, Мәннан Тұрғанбаев, Сейітбаттал Мұстафин, Ахметжан Қозыбағаров, Жұбандык Болғанбаев, Имам Әлібеков.

Семей өңіріндегі Алашқа тілектес азаматтар – Жұмеке Оразалин, Әниар Молдабаев, Қаражан Үкібаев, Абдрахман Жүсіпов, Қаршыға болысы Жаңабай Әдікұлы, Ұлан болысының дәулетті азаматы Мұзапар Әбдіұлы, Мұқан Жәкежанұлы.

Алаш автономиясы орнай салысымен осы бір ұмытылмас ұлы жаңалыққа жан жүрегімен қуанып, өлең сөзбен ұрандаған Сұлтанмахмұт Торайғыров болды. Ол 1917 жылы 21 қарашада Семейден шығып тұрған «Сарыарқа» газетінде «Алаш ұраны» атты тарихи өлеңін жариялады.

 

ТОЛҒАНЫС

 

Алаш жүдеп...

Айналдырған басын мұң,

Тапталған Ол –

Табынында тасырдың.

Ерлер шықты,

Ел намысын оятты,

Бас кезінде-ақ жиырмасыншы ғасырдың.

«Боламыз – деп – Алашорда дербес ел!»,

Жарқылдады асылдары асылдың.

 

Деді нарлар:

«Түн түрілсін, таң атсын,

Көзі ашылсын,

Көңілі өссін қазақтың!».

Мың тоғыз жүз он жетінші жыл келіп,

Алғаш туы көтерілді Алаштың.

«Ақ пен «қызыл» арасында –

Дал қылып,

Тұрып алды тұншықтырып, қамап мұң!

 

Төңкерісте –

Отты, оқты, жалынды.

Жұт –

Азамат соғысы да қағынды.

Алашорда арыстары –

Ерлері,

Еңселеніп,

Ел жанынан табылды.

Астана етіп алашына Семейді,

Үмітпенен, күдікпенен сарылды.

 

Әз Әлихан –

Алашорда көсемі –

Бетін – Күнге,

Төсін – желге төседі.

Ал, Ахмет –

Ол – ұлттың ұстазы,

Даналардың дарабозы, кесегі...

Ұранын да,

Шырағын да көтерген

Абзалдардың аты қалай өшеді?!

 

Ақын, батыр –

Ол Міржақып, ол – мірдей.

Өтті, кетті –

Өрт жүрегін сөндірмей.

Құрбан болды,

Туған елді ту етті Ол,

Алаш үшін ажалды да көзге ілмей.

Атағы өлмес –

Ақындық пен батырлық,

Жыры тірі –

Жүректегі шер күйдей!

 

Қансыратып,

Қанын ішіп баршаның,

Қамалады –

Қанша қайғы, қанша мұң!

Сұсы қандай –

Үңірейген мылтықтың,

Мысы қандай –

Көтерілген балтаның?!

Ұран от боп лапылдады,

Лаулады –

Жүректері Халел менен Жаншаның!

 

Қас батырлар –

Қараңғыда жол бастар –

«Алаш!» деді,

Азап шекті боздақтар.

Жүрек, тірек – Жүсіпбектер

Мағжандар,

Солар елге болды бұлақ,

Болды асқар.

Олар өлді –

У шер ішіп, қан жұтып,

Үркіп кетті үргедектер қорқақтар.

 

Рух – шырақ –

Жабылмайды көрменен.

Өрши түсер –

Өрттей болып өрлеген,

Алаштықтар –

Алғаш рет халқына –

«Айқап» деген журнал болып сөйлеген.

«Қазақ» пенен «Бірлік туы», «Сарыарқа»,

«Ақжол» деген газеттер де «Ел!» деген.

 

АШАРШЫЛЫҚТАР

 

Қазаққа қара зұлмат көзін тігіп,

Қорланды, қос үреймен өмір сүріп.

Азамат соғысының азабы зор,

Ел іші ебіл-дебіл, бүліншілік.

 

Шайқалған жылдар бойы тұнығы да,

Тарқаған тойы менен қызығы да –

Сенделіп Семей тұрды, сенімі жоқ,

Дірілдеп төңкерістің құзырында.

 

Бұл шақта бай мен кедей тым дүрдараз,

Ежелден орыс, қазақ, ол дағы араз.

Арсиып «ақ» пен «қызыл» арасында,

«Уақытша үкімет» те тұрды біраз.

 

Тонады тек қазақты мұның бәрі,

Көбейді күннен-күнге зұлымдары.

Шыққанда «Азық-түлік отряды» –

Қырдағы ел қызғыш құстай шырылдады

 

Екпіні «отрядтың» тау бұзатын,

Елірсе, елді есінен таңдыратын.

Жесірдің жетекке алып бір сиырын,

Жарлының тартып алды жалғыз атын.

 

Көңілін кекті ашу мен құса басып,

Байлардың көбі кетті Қытай асып.

Кедей де кетер еді қосын сүйреп,

Ол жақта кім тұр дейсің құшақ ашып.

 

Баз кешті қазақ күннің жарығынан,

Құтылмай «Азық-түлік салығынан».

Ыстық боп ала жаздай, жаңбыр жаумай,

Қосылды құрғақшылық тағы бұған.

 

Құдай да естімеді елдің мұңын,

Тамыры өспей жатып солды гүлдің.

Алапат ашаршылық басталды енді –

Жазында – мың тоғыз жүз жиырма бірдің.

 

Амалдап, аман қалып санаулылар,

Қырылды тұтасымен кей ауылдар.

Түйір жоқ тіске басар түз далада,

Кеткендей жерге сіңіп жан-жануар.

 

Бүлініп Ресейдің зор алабы,

Көзінен орыстың да сор ағады.

Қадалып қанын ішіп, малын талап,

Қазақтың бай даласын тонап алды.

 

Қаңғырып, қазақ қайың сауып кетті,

Кейбірі несібесін тауып жепті.

Сенделіп сүйектерін сүйреткендер

Семейдің қаласына талып жетті.

 

Қалаға жетпегендер далада өлді,

Сүйегі көмілместен қала берді.

Қаланың аты – қала, ел ортасы –

Сол кезде көп аштарға пана болды.

 

Апат жұт ауыр тиді көшпендіге,

Зар алды беткейді де, төскейді де.

Шетелге ауып кетті жол тапқандар,

Қош айтып атамекен, өскен жерге!

 

1921-1922 жылғы ашаршылық исі қазақтың тарихында болып өткен ақсүйек жұттардың бәрінен асып түсті.

1923 жылы Семей губерниялық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Николай Ежов келді. Бұл барып тұрған қатігез, жауыз адам қазақ халқына қамқоршы болмақ түгіл, керісінше, отаршылдық үстем көзқараспен қарайтын боды. Кейіннен бүкіл одақтық НКВД-ның бастығы болып тұрған уақытында, жауыздықтың ең сұрапыл түрлерін көрсеткендіктен, ел есінде жаман атымен сақталып қалды. Бұл кезде Семей губерниялық атқару комитетінің төрағасы Әбілқайыр Досов болатын. Өте жастығына қарамай, бұдан кейінгі уақыттарда да көптеген жоғарғы билік төрінде қызмет атқарған Ә. Досов 1938 жылы 39 жасында нақақ жала жабылып, атылып кетті.

1925 жылы 12 қыркүйекте Қазақтсан Өлкелік Комитетінің бірінші хатшысы болып бекітілген Филипп Исаевич Голощекин Қызылорда қаласына келді. Осы жылдың көктемінде ғана Қызылорда қаласы Қазақстанның астанасы болып, оның бұрынғы Ақмешіт деген аты өзгертілген еді.

Бұл қала, негізінен, Қамысқала деп аталатын елді мекеннің жеріне Қоқан хандығы салдырған Ақмешіт деген бекініс болатын. 1853 жылы осы қаланы жаулап алған орыс генералы Перовскийдің құрметіне Перовск деген атау алды. 1922 жылы Ақмешіт атауы кері қайтарылғанымен, Қызылорда болып өзгеріп, сол атымен мәңгі қалды.

Республиканы құрап отырған ұлт өкілі ретінде Қазақ Орталық Атқару комитетінің төрағасы болып Елтай Ерназаров, Қазақ Өлкелік Комитетінің екінші хатшысы боп Ораз Исаев тағайындалды.

Жау іздеп өзіменен күресетін,

Қамданды, қаhарланды Голощекин.

«Болмаған революция бұл жерде» деп,

Долданды, көрмесе де ауыл шетін.

 

Алақтап о жаққа бір, бұ жаққа бір,

«Қазаққа керек – деді – «Кіші Октябрь!».

Аштықтан сүйретіліп зорға шыққан,

Тағы да бұлт төнді қазаққа бұл.

 

Халыққа көсем болып көрінсем деп,

Сөйледі Голощекин қолын сермеп:

«Жоқ екен мұнда Кеңес үкіметі,

Ал байлар баяғыша өмір сүрмек.

 

Мұнда жоқ жаңаша өмір сүрушілік,

Көрсетіп үстемдік тұр түрін сұмдық.

Бұл жерде – надандық пен сауатсыздық,

Әлі де сол қалпында рушылдық!

 

Қауіп көп қай тарапқа қарасаң да,

Бұл деген – Кеңес үшін қара таңба.

Жікшілдік, ұлтшылдық үдеп тұрған,

Жүр бәрі ықпалында Алаш Орда...».

 

Филипптің әрбір сөзі тың, нақышты,

Даттады ол Жандосовты, Нұрмаховты.

Қожанов, Сәдуақасов, Меңдешевтер –

Түбіне топшылдықтың шым батыпты.

 

«Күнаhар» – Рысқұлов, Төреқұлов,

Көрмейді елдің жайын көре тұрып.

Осылай шын ерлерді қаралады ол,

Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып.

 

Менмендік, ыза кернеп көкірегін,

Тапсынды ол, түкіргендей бетіне елдің.

Өзінен артықтығын білгеннен соң,

Күндеді ол барлығын да асыл ердің.

 

Десе де мен осы елге таң аттырам,

Асықты құтылуға санаттыдан.

Серт берді ол – «Кіші Октябрь жасаймын да,

Еңбекші бұқараны азат қылам!».

 

Жүрген соң қара ниет жетегінде,

Білген жоқ неден азат етерін де.

Жауыздық, қанішерлік бойын буды,

Аунақшып, ұйықтай алмай төсегінде.

 

Жасынан у тұндырып жүрегіне,

Құрт түскен қап-қара боп өзегіне.

Жеткен ол, отбасымен түгел қырып,

Екінші Николайдың түбіне де.

 

Сөйлесе ол, үрей кезер ел арасын,

«Көсем» деп ойлайды екен қара басын.

Кезінде орысын да көп жылатқан,

Қайдағы қазақты бұл неге аясын?!

 

Күн сайын ойына ой қосылыпты,

Көшпенді тіршілікке өшігіпті.

Көтерді бір бастама төтесінен –

Қазақты ел қылам деп отырықшы.

 

«Тауды да, даланы да басып көшіп,

Жүрген ел аң сияқты жосып, босып.

Ұжым қып үлкен-үлкен шаруа істетіп,

Иіру керек бәрін басын қосып.

 

Ортаға салу керек малын түгел,

Сол кезде социалистік өмір сүрер.

Ұжымға кірмегендер жазаланып,

Жауапқа тартылады көңілсіздер.

 

Бұл халық тыңнан солай жол сап көрсін,

Мүлкі де, мүддесі де ортақ болсын.

Мінеки, коммунизм құрылысшысы

Жүреді адам құсап сол шақта еркін!

 

Сияқты бұрынғыдай – ел тірегі,

Қазіргі байлар неге желпінеді?!

Үй мүлкін, малын түгел тартып алып,

Тезірек бастау керек тәркілеуді!

 

Орташа, кулак пенен байды әйгілеп,

Өрелеп, тұсау салып байлау керек!

Жасаған кедейлерге зорлығы үшін –

Аямай соттау керек, айдау керек!..».

 

Осылай бұрғанымен өмір көшін,

Құлқы жоқ қазақтардың көрер бетін.

Жатып ап Қызылорда қаласында,

Кірісті төтенше іске Голощекин.

 

Бұл дауыл келіп жетті Семейге де,

Жүгірді бай кулактар үрейлене.

Көпестер, саудагерлер зеңіп қалды,

Бұл пәрмен ұнамады кедейге де.

 

Байлар бар ел құрметтеп, түсінетін,

Шуағын кедейлерге түсіретін.

Атылды сондайлардың бірнешеуі,

Қолдаған Алаш Орда үкіметін.

 

Мысалы, Алаш Орда көсемдерімен сырлас, мұңдас, ниеттес болған, үкіметке қаржылай және заттай көп көмек көрсеткен Қаражан Үкібаевтың 1927 жылы мал мүлкі, үй жайы түгел тәркіленіп, өзі ату жазасына кесілді.

Қаражанның маңайындағы дәулетті адамдар – Жұмжұма Аймағамбетов, Рүстем Абылғазин, ағайынды Бұғыбай және Несіпхан Ағыбаевтар да Семей қаласында атылды.

Өз кезінде ел жақсыларының бірі болған, Тобықтының Мотыш руынан шыққан Ике Әділов алашшылардың ең жақын, ең қамқор адамының бірі болды. Ол Сұлтанмахмұт Торайғыровты өкпе ауырынан жазып алмақ болып, өз ауылында бір ай бойы қымызбен емдеген.

Ол 1929 жылы Шыңғыстау көтерілісіне қатысқаны үшін қуғын көріп, жан сауғалап, Қытайға өтіп кетеді де, көтерілісшілерді жазалау науқаны аяқталды-ау дегенде, еліне қайтып оралады.

Ике Әділовты 1930 жылы ұстап, сол жылы Семей түрмесінде біраз қамап, ақырында өлім жазасына кескен.

Қазақтың ұлы ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлы Алаш Орда қайраткерлеріне қолдау көрсетті. Шыңғыстау көтерілісшілері мен билік басындағыларды келісімге келтіруге ұмтылумен жүріп, жазалаушылар қолынан опат болды, мәйіті айдаладағы құдыққа тасталды.

Шәкәрімнің ұлы Зият Қытай жеріне өткеннен кейін, сол жақтағы коммунисттер ұстап, солардың түрмесінде ауыр азаппен көз жұмды.

 

Заманның уын, зәрін кеселеген –

Арыстар опат болды нешелеген.

Қазаққа тағы да бір сор таяды –

Тысқары Құдай жазған пешенеден.

 

Алапат аштық келді кең далаға,

Бұл апат қазаққа тән жерде ғана.

Ұл қызын ардақтаған ұлы мекен,

Ұқсады атақты шөл – Кербалаға!

 

Бұл келген ашаршылық – аты жаман,

Төзбейтін тозағына батыр адам.

Бір сәтте талып түсті ана – дала –

Баласын емшегімен асыраған.

 

Осыдан он жыл бұрын болған аштық,

Жайпады көздін жасын сорғалатып.

Тапсырар жанын енді қазақ біткен,

Берсе де қорадан мал, қолдан астық.

 

Бұл аштық қара селдей басып жұртты,

Алғашқы аштықтан да асып түсті.

Қырылды қатын-бала шыбындай боп,

Қарғаумен жауыздықты, пасықтықты.

 

Өзендер көз жасы боп саулады да,

Тұнжырап тұрды биік таулары да.

Сүйретіп сүйектерін көп семейлік,

Өтіпті қытай, орыс аумағына.

 

Халықтың қайдан ұқсын зұлым мұңын,

Тек Мәскеу біліп отыр сырын мұның.

Тарихта мәңгі қалды таңба болып –

Жасаған Голощекин «қызыл қырғын».

 

Ер қазақ ерден ерек болды күйкі,

Қалмады қалада да елдің сиқы.

Ең озбыр қырғын осы әлемдегі –

Аталған «Голощекин геноциді».

 

Семейдің базарының маңайында,

Өліктер борсып жатты, жаз айында.

Ертіске қарғып өлді көп адамдар,

Қап-қара қарғыс тұнып жанарында.

 

Филиппті қарғыс атты, жібермеді.

Зауалы кеудесіне тірелді енді.

Азапты тозақты да бірдей көріп,

Сонан соң қара жерге кірер ме еді!

Қазақстанда болып өткен сұрапыл ашаршылықтан кейін тура он жыл өткен соң Голощекин саяси қылмыскер ретінде тұтқындалып, ұзақ тергеуден кейін ату жазасына кесілді.

1941 жылдың 28 қазанында Берияның тікелей бұйрығмен Куйбышев облысының Барбыш кентінде ату жазасы орындалып тынды.

 

 

ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСТА

 

Адамның аққан судай болып қаны,

Майданда көп халықтың тоғысқаны,

Тарихта болған емес – қанды қырқыс

Екінші жер-жаhандық соғыстағы.

 

Сол шақта Күн де күлмей, торығыпты,

Жер Ана – жеркеніпті, қорыныпты.

Мың төрт жүз он сегіз күн көзін ашпай,

Қап-қара қасіретке көміліпті.

 

Адамзат көмек көрмей еш айладан,

Аспанды түнек басып, от ойнаған.

Ескеріп ертеңін де, бүгінін де,

Алпыс бір мемлекет атойлаған.

 

Соғысқа аттанса да ердің нары,

Жүрегін ауыртса да елдің зары,

Ертіске бетін шайып, енсе тіктеп,

Қасқайып Семей тұрды сол жылдары.

 

Әрбір күн, әрбір сағат сынға айналды,

Бүгіл жұрт тек еңбекке ыңғайланды.

Даярлап азық-түлік, киім-кешек,

Семейде қайнап тұрды тыл майданы.

 

Күндіз-түн ауысыммен, тың арынмен,

Соғысқа құрал-жабдық шығарумен,

Зауыт пен фабрика, кәсіпорын –

Өндіріс қалпын сақтап тұра білген.

 

Қажымас қайратына басты идіріп,

Әйелдер еңбек етті шарт түйініп.

Шинелдің ішіне орап ықыласын,

Тілегін жіпке қосып жатты иіріп.

 

Қарттар мен жеткіншіктер тірек болып,

Қарысты қабыландай білектеніп.

«Барлығы майдан үшін!» деп ұрандап,

Талпынды таза ниет, тілекке еріп.

 

Сол жылдар Семей көптен ерен шығып,

Ешқандай көрсетпеген төменшілік.

Тиелген майдан үшін керек-жарақ –

Составтар жатты күнде жөнелтіліп.

 

Болсын деп Отан тыныш, аспан нұрлы,

Мыңдаған жауынгерін аттандырды.

Ерлерін майдандағы мақтан етіп,

Арнады ақындар да дастан, жырды.

 

Ойласаң көкірекке толар зары,

Солды ғой Семейдің де көп ардағы!

Аттанған сол жауынгер арыстардың

Майданнан көпшілігі оралмады.

 

 

ӨНЕР – ӨМІР СӘУЛЕСІ

 

Алты Алаш қанша солып, көгермеген,

Тамыры тереңдеген, көнермеген.

Емендей еңсесіне еңсе қосып,

Жебеген қиын сәтте өнер деген.

 

Дариға-ай, әсемдік жоқ әннен өткен,

Дүниені көз алдыңда дөңгеленткен.

Әнменен тірілген ғой көзін ашып,

Кең дала кездерінде қанға бөккен.

 

Жүрекпен, жүйкемен ән пернеленген,

Сазбенен, сезімменен зерделенген.

Әуенмен жеткізіпті алғаш рет

Адамзат махаббатын Жерге деген.

 

Серпіліп тау қайғыдан, орман мұңнан,

Аңдарды адам үні таң қалдырған.

Ғашыққа айта алмаған құпиясын

Әнменен әшкере еткен арманды жан.

 

Тәңірден түскен нұрдай аян – жарық

Тамырмен ағар бір саз тарамдалып.

Сезімнің сөзге симас сипаттары

Жатады әнмен ғана баяндалып.

 

Қаламның, домбыраның көмегімен

Алысар ақын біткен өз ойымен.

Шын әнші шырмап алар бір-ақ сәтте,

Ғажайып әуен төгіп көмейінен.

 

Сондықтан, әнші көктем самалындай,

Жансусар жаздың көркем жанарындай.

Сондықтан, нағыз әнші кім болса да,

Өзіңнің ең бір жақын адамыңдай.

 

Әншінің көздеріне Күн ұялар.

Күміс көл кеудесіне сия қалар.

Дауалы дауысынан жұлдыз балқып,

Қорғалап қап-қараңғы түн ұялар.

 

Әншінің таң атады кірпігінен,

Аспанмен сырласады үн тілімен.

Асқардың астасады биігімен,

Жас талдың жарысады бүршігімен.

 

Ол жұтар жасыл отын найзағайдың.

Ол өткір өрен тұтқан найзадайын.

Ол – сәби мейірімге шөлдеп тұрар,

Көңілі сүртіп қойған айнадайын.

 

Әншінің аруағы бар мерейі үстем.

Өмірін өткізбес ол ерегеспен.

Қашанда ән мен әнші биік тұрар –

Зұлымдық, сайқалдық пен қара күштен.

 

Ән барда қазақ болар өгей неге?!

Ол ортақ бай-бағлан, кедейге де.

Ән нұры шалқып тұрды сол бір жылдар –

Тағдыры тарғылданған Семейде де.

 

Жүруге шама да жоқ масайрап көп,

«Ақ», «қызыл» азап салды атойлап кеп.

Саңлақтар сахналық тобын құрып,

Ат қойды үйірмеге «Ес – аймақ» деп.

 

Дарынын Құдай берген алға сүйреп,

Әміре, Иса шықты алғаш рет.

Жүсіпбек, Манарбектер жарқ-жұрқ етіп,

Қырандай қанат қағып, самғады үдеп.

 

Семей қаласында 1920 жылы мәдени-ағартушылық мақсатта драмалық труппа құрылды. Ресми түрде “Қырғыз (қазақ) мәдени ағарту үйірмесі” деп аталған бұл труппаға Қазақ өлкелік саяси-ағарту комитетінің театр бөлімшесі басшылық етті.

“Ес – аймақты” қаладағы түрлі мекемелердің қызметкерлері, мұғалімдер мен педагогика техникумының жоғары курсында оқитын студент жастар ұйымдастырды. Труппа сахна өнеріне бейім дарынды жастардың, әнші-күйшілердің, басқа да өнерпаздардың басын қосып, Қазақстандағы театр өнерінің, драматургия жанрының жандануына елеулі ықпал етті.

Труппаның көркемдік жетекшісі және алғашқы ұйымдастырушысы Сейіт Тоқымбаев болды. Ол қайтыс болған соң, жетекшілік және режиссерлік жұмыстарын Уәли Тұрлыбеков жүргізді.

Труппа құрамында 30-ға жуық адам болды. Олар: Қ.Құлғарин, Ж.Сәлменов, Ә.Жаулықбаев, О.Бейсенов, И.Сақатаев, С.Арықова, Ә.Бейсенбаев, А.Шикібаев, С.Әмзин, А.Әуезов, Т.Оспанов, т.б. қызметкерлер және Ғ.Төребаев, Д.Есенжолов, Л.Әшкеев, К.Махмұдов, Махмұдова, Г.Тәуекелова сияқты мұғалімдер. Олардың ішінен Төребаев, Әшкеев, Есенжолов кейін кәсіби театрға ауысып, актер, режиссер болып қызмет атқарды. Қазақ өнерінің көрнекті өкілдері Ә.Қашаубаев, И.Байзақов, Ж.Шанин, Қ.Байжанов, Ж.Елебеков, М.Ержанов алғашқы өнер сапарларын осы труппадан бастады.

М.Әуезов пен Ж.Аймауытов труппа жұмысына белсене араласып, режиссер тұжырымдамалар мен сахналық шешімдерді қадағалап отырған. Труппаның репертуарынан Әуезовтің “Ел ағасы”, “Бәйбіше-тоқал”, “Еңлік — Кебек”, “Қаракөз”, Аймауытовтың “Жебір болыс”, “Қанапия — Шәрбану”, “Шернияз”, Шаниннің “Арқалық батыр”, Қ.Кемеңгерұлының “Алтын сақина”, С.Сейфуллиннің “Бақыт жолында”, “Қызыл сұңқарлар”, Б.Майлиннің “Бетім-ау, құдағи”, т.б. сол уақытта жарық көрген пьесалар орын алған болатын.

«Ес – аймақ» драмалық труппасы баспа бетінде жарық көрмеген көптеген пьесаларды да қойып отырған. Спектакльдер мен ойын-сауықтар жұмысшылар ортасында, қаладағы түрлі клубтарда, орыс театрының сахнасында өткізілген.

“Ес – аймақ” түрлі сипаттағы ойын-сауық кештерін ұйымдастыру арқылы жергілікті халықтың сауатын ашып, білім дәрежесін көтеруге елеулі ықпал етті.

Труппа 1923 жылдың соңында “Губерниялық қазақ труппасы” болып қайта құрылып, ұлттық мемлекеттік театр ашылғанға дейін (1925) жұмыс істеді.

 

 ӨЗ КӨЗІММЕН...

 

Жазсам деп жан – жүректің жаhұт жырын,

Кеудемде көп тербеттім уақыт сырын.

Оқыдым Семейімде оттай жайнап,

Сондықтан, бұл өмірде бақыттымын!

 

Асау ем ақ бұлақтай атқып аққан,

Қиялмен тау қопарып, тас құлатқан.

Есімнен мәңгі кетпес, арман қуып,

Семейге келген кезім Ақсуаттан.

 

Уақыт бұл – уысымен нұр ұсынған,

Көңілден көгершіндей жыр ұшырған.

Жүрегім лүп-лүп етіп, алғаш рет,

Семейдің кіріп едім шығысынан.

 

Бұл шеті «Жоламан» деп аталатын,

Жасымнан көп естігем атақ, атын.

Жоламан деген көпес қонысы екен –

Саудасын жер шетіне апаратын.

 

Жатаған жаппа тамдар тізбектелген.

Қырдағы ел бұл қонысты іздеп келген.

Семейдің шетіндегі қазақы ауыл,

Сол үшін тым ерекше құрметтелген.

 

Мен болсам Семейге шын шөлдеп келдім,

Күндіз-түн үмітімді тертбеткенмін.

Қалаға орныққан соң, кейін білдім –

Көп екен Жоламанда жерлестерім.

 

Қаланың кеп барады сәнін көргім,

Арман, ой алқынады алым-берім.

Көңілім кетті бірақ тым құлазып,

Көргенде қаптап жатқан қалың қорым.

 

Кеудемнің ыстық оты салқындады,

Өткеннің елес берді сан сырлары.

Ұрпаққа болашақты табыс еткен –

Семейде жатыр мұнда мәрт ұлдары.

 

Мұндай көп зират бұрын көрмегенмін,

Ойменен балаға тән сенделемін.

Қабірлер томсырайып, томпаяды –

Құшақтап өлген дана, өлген ерін.

 

Мұңайдым қалың қорым көңіл шайып,

Шалқыған шабытым да тым ортайып.

Қазақтың бозторғайы, боздақ ұлы –

Осында жатыр Сәбит Дөнентаев.

 

Мен білгем бұл ақынды – «данамыз» деп,

Тауып ем топырағын қарап, іздеп.

Кейіннен бір күн бойы еңбектендік,

Барар жол зиратына саламыз деп.

 

«Бұл қазақ безген бе – деп – қымбатынан?!»,

Қалғымай қапаланып, таңды атырғам.

Зираттың қоршауы да тым жұпыны –

Бәкене бір құлпытас орнатылған...

 

Көргенім одан кейін – ет комбинат,

Атағы алыстарға жетті ағындап.

Мәскеуді жарты ғасыр тойындырған,

Шұжығын, шұрайлысын көп тығындап.

 

Қағылдық өзіміздің несіптен біз,

Иттей боп сығаладық есіктен біз.

Осы бір ет комбинат салыныпты –

Жылдарда отыз жеті, отыз сегіз.

 

Бұл жылдар – өткен ғасыр қара дағы,

Мәңгілік өшпес сұмдық санадағы.

Ешқашан естен кетпес, ұмытылмас –

Нақақтан кеткендердің назалары.

 

Өкімет Сталиндей «ерге» сенген,

Аш көзі зират пенен көрге төнген.

Қорымды қордадай ғып сыпыртқызып,

Орнына ет комбинат бой көтерген.

 

Атылып, айдалғанда тірілері,

Қалың ел шыбын жаннан түңілген-ді.

Сол аздай зираттарды күрегенде,

Семейдің аспан, жері күңіренді.

 

Сол кезде солып Семей гүл бақтары,

Қаланы қара қайғы құндақтады.

Елес боп көшелерді кезіп жүрді –

Күрелген мүрделердің аруақтары.

 

Өлеңнің тапқан мият, өрісін де,

Көп көрген қу тірліктің кейісін де –

Күрсініп, күңіреніп жыр шырқаған –

Күреді Кемпірбайдың бейітін де.

 

Заманда заты жаман, аты жаман,

Мүрдесіз мүлдем кетті асыл адам!

Бұл жайлы «Көкала үйрек» деп жырлады,

Несіпбек Айтұлындай ақын ағам.

 

Ойлантып оқырманын, дос, туғанын,

Осылай өлең сөзді төксін дарын.

Ескерткіш қойды ақынға ол дастан жазып,

Мінеки, оқыңыздар бес шумағын:

 

«Қайнатқан қасіреттің тайқазанын,

Семейге құлағың сал, ей, қазағым!

Астында қасапхана күңіренген,

Дауысын естимісің беймазаның?

 

Өмірдің сəуле төккен сарайына,

Бір мезет аруақтарды ал ойыңа.

Семейге жолың түсіп келе қалсаң,

Соға кет қасапхана маңайына.

 

Мезгілсіз сары уайым шақырдым ба,

Батырса кінəлама ақын мұңға.

Айырылған моласынан Кемпірбайдың

Аруағы арпалысып жатыр мұнда.

 

Кетті ғой қияпатты қиын заман,

Сапырып қара шаңды құйындаған.

«Дұға қыл Кемпірбайдай бишараға»,

Өзіне өз қабыры бұйырмаған.

 

Жан еді өнерсізді дос етпеген,

Өлеңсіз тамағынан ас өтпеген.

«Семейде топырағым болар білем», –

Деп еді арыздасып Əсетпенен.».

 

Семейге арман қуып алғаш рет келген кезімді, тек қазақтар ғана тұратын Жоламан ауылын, одан кейін қаланың шығыс бетіндегі қалың қорымды көрген сәтімді, ет комбинатының салыну тарихын өлеңге түсіріп отырып, сол бір шақтарды бүгін көргендей есімде қалғанына таң қалдым.

 

Оралсам студент шақтарыма,

Келгендей жастық шағым тап жаныма.

Семейдің серісі боп көп жүріп ем,

Барушы ем достарыммен бақтарына.

 

Алдымда арайлы үміт күлімдеген,

Санам да, сезімім де бүлінбеген.

Мен үшін жан дос еді кітап деген,

Мен үшін мақсат еді білім деген.

 

Жаныма нұр төгеді әр қадамым,

Лапылдап жанып тұрған бар талабым.

Оқысам, жазсам дағы жалықпаймын,

Білінбес ешқашанда шаршағаным.

 

Білімді аз көремін басымдағы,

Достарым таң қалады қасымдағы.

Бірінші суатым да, қуатым да –

Гогольдің кітапхана атындағы.

 

Осында ғылым, білім бар әлемі,

Оқырман іздегенін табар еді.

Жәннатта жаны болғыр бір адам ғой –

Негізін Михаэлис қалап еді.

 

Кешегі бүгінгімен кезектесіп,

Отырам ой қиялым өзектесіп.

Кетеді ойым шалқып, бойым балқып,

Көзіме ұлы Абайды елестетіп.

 

Есіктен кірер ақын маң-маң басып,

Адамдай мен тұрамын қалған сасып.

Бармаймын неге жетіп қасына оның,

Алмаймын неге қолын амандасып?

 

Ол менің шабытымды еселер ме,

Көп жүрген баламын ғой көшелерде?!

Айтамын не бетімді, танысқан соң –

«Оқып бер өлеңіңді» – десе егерде?!

 

Мен солай ұлы ақынды көре бергем,

Елесім қиялыма өреленген.

Кей кезде Абайдай боп ойға батып,

Тұрамын кітап қарап сөрелерден.

 

Ал бүгін көңілім шын арайлады,

Ескінің еске түсті талалайлары.

Ешқашан әңгімелеп тауса алмаспын –

Өзімнің өскен қалам Семей жайлы!

 

* Слободка (слобода) – Россияда крепостнойлық право жойылғанға дейін – басыбайлы емес халық тұратын үлкен село.

 

* Тінібай Кәукенов – Уақ болысының старшинасы, екінші гильдиялы көпес. «Абай жолы» эпопеясының кейіпкері.

 

*Жоламан Жандарбеков – Терістаңбалы болысының старшинасы. Бірнеше сауда қоймалары, қонақ үйі, моншасы бар көпес.

Пікірлер