Масылдық көңіл-күйді қалай азайтамыз?

2460
Adyrna.kz Telegram

Осы күні қоғамдағы ең нәзік тақырыптың бірі – Патерналистік және масылдық көңіл-күйді азайту. Өзін аталған санатқа жатқызатындар бұл атауды аса жақтырмаса керек кері байланыс нашар өрбиді.

Бірақ, күн өткен сайын бұл санат сапын толықтырушылар көбейіп келеді. Аталған жайт, мемлекет басшысын да бей-жай қалдырмауы көп жайтты аңғартса керек. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен 2021 жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты жолдауында бұл тақырыпқа жеке тоқталып өтті.

«Қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алды. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатындар аз емес. Ондай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек» деген еді мемлекет басшысы. Одан бері не өзгерді? Қоғамның кей санатындағы азаматтарды масылдық психологиядан арылту тетіктері қандай? Бүгінгі мақалада осы тақырыпты сүзгіден өткізіп, талқыға саламыз.

Президент жолдауынан соң іле-шала сұхбат берген сол кездегі Қазақстан Президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Бізде мектеп бітірген соң мемлекеттің назарына ілінбей қалатын жастар бар. Олар мектепті нашар оқығандықтан жоғарғы оқу орнына түсе алмайды. Жоғары білімі, тәжірибесі болмағандықтан оларды жұмысқа алмайды. Олар не істейді? Қылмысқа барады я масыл болады» деген еді. Бұл сөз біраз жастың қытығына тиді. Жалпы, көп көзіне көрінбесе де республикалық және жергілікті бюджет қаржысынан масылдық көңіл-күйді азайтуға аз болса да қаржы бөлінеді. Мемлекет басшысы сынға алып отырған жайт  сол қаржының дұрыс игерілмеуі. Жұмыссыздықты азайту үшін түрлі оқу орындары жеңілдетілген, тіпті, бюджеттік бағдарламалар арқылы маман дайындайды. Жұмыспен де қамтылады. Бұл істі жүзеге асыру барысында жергілікті әкімдіктің жүктемесі еселеп артады.

Мәселен, болжамды түрде мәселенің түйінін тарқатып көрелік. Масылдық көңіл-күйге әсер ету үшін аталған санатқа жататындар жиі шоғырланған аудандардан, облыс емес, аудандардан жұмыс бастаған жөн. Сонда ғана жалпылама деректерден, көмек беруден сәл де болса арылып, жалқыға көшеміз. Жұмыс көріне бастайды. Нәтижелі істі көрген өзге азаматтар өздері келетін дәрежеге жету керек. Ол қалай десеңіз, мемлекеттен беріліп жатқан әлеуметтік көмектерді қолжетімді етіп, сол бойынша психологиялық «шабуыл» жасаған дұрыс. Бұл саланы зерттеп жүрген азаматтар, мемлекет көмегімен масылдық көңіл-күйді түбегейлі болмаса да айтарлықтай деңгейде жеңуге болатынын айтады. Оларды жетектеп оқуына түсіріп, жұмысына кіргізіп, былайша айтқанда, балық ұстап бермей, қолына қармақ ұстатқанда ғана қимылдай бастайды.

«Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Ал, көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан, бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс» – деген Мемлекет басшысы тиісті азаматтарға арнайы тапсырма берген еді. Яғни, жаңадан жазылып жатқан Әлеуметтік кодексте жоғарыда айтылған немесе сол іспетті мәселелер шешімі майшаммен қаралуы керек.

Енді, оңтүстік астанадағы жұмыссыз жастар мәселесіне ойыссақ. Олардың санын қысқарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қаладағы жастардың 6,3 пайызы, яғни, 27,7 мыңы NEET санатына жатады. Бұл ресми деректі Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасының «Мониторинг және талдау орталығы» жариялады. Бір қызығы, аталған жастың 57 пайызы сауаттық, оқыған азаматтар. Ал, қалған 11,9 мың азаматтың қолында білім деңгейі жайлы құжат жоқ. Қалалық әкімдік 6,3 пайызды 2025 жылға дейін 4,5 пайызға қысқартуды жоспарлап отырған көрінеді. Ол үшін жұмысқа орналастырудың тың тетігін қолданып, қайта оқып алуға мүмкінік берілмек. Одан басқа, қаржылық сауаттылықты арттыру, кәсіпкерлікті үйрету сынды тетіктер қолданылмақ екен.

Қала басшылығы масылдық көңіл күйді азайтып, NEET санатындағы азаматтарға қолайлы орта жарату үшін 2025 жылға дейін жоспар әзірлеген. Мәселен жыл сайын 1 мыңнан астам мәдени, спорттық, волонтерлық шаралар ұйымдастыру арқылы қоршаған ортаға жақсы көңіл күй сыйлау да бағдарламаның бір бағыты. Осы күнгі ең үлкен мәселенің бірі баспана болса, 12 мың жатын орындық жатақхана әзірленеді. Сондай-ақ, жалдамалы 9 мың 150 пәтер беру қарастырылған. Одан тыс «Алматы жастары» бағдарламасы арқылы 3 мың жеңілдетілген ипотекиалық несие беру жоспарланып отыр. Бүгінде Алматы қаласында үй кезегінде 20 мыңнан астам жас азамат тұрса, 2025 жылдың соңында 12 мың 150 адам үйлі болып, тізім едәуір қысқарады.

Әрбір бесінші қазақстандық жас азамат жұмыссыз деген дерек бар. Бұл өз кезегінде NEET санатына жатқызылады. Алматыда оқуын аяқтап, диплом алған маманның 80 пайызы қалып қояды. Оның ішінде 12 мыңы жұмыс таба алмай сарсаңға түседі. Деректерге сүйенсек, 52,3 пайыз жас маман табылған жұмыстың жалақысын аз көріп кірмей қояды.  Тағы 20 пайызының шет мемлекетке жұмысқа кетуге құлқы бар. Ең аяныштысы 28,4 пайыз маман ғана Жоғары оқу орнына өз қалауымен түскен. Деректерді тізсек осылай кете берер түрі бар. Айтпағымыз, масылдық көңіл-күйді азайту үшін талай іс атқарылып жатыр.

«Адырна» ұлттық порталы 

Пікірлер