Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы министрлігіне бір апта ішінде мал шаруашылығын дамыту және ет өндірісі мен экспорты көлемін арттыру бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Олжас Бектеновтің сөзінше, мемлекет басшысы егін шаруашылығындағы оң нәтижелерді атап өтіп, мал шаруашылығы саласындағы жұмыстарды жандандыруды міндеттеген.
"Мемлекет басшысы егін шаруашылығындағы оң нәтижелерді атап өтіп, мал шаруашылығы саласындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігі бір апта ішінде ет өндірісі мен экспорты көлемін арттыру жөніндегі нақты шаралармен бірге мал шаруашылығын одан ары дамыту бойынша ұсыныстар енгізсін", - деді Үкімет отырысы барысында.
Сонымен қатар, премьер министрлікке «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, жеңілдетілген несие беру тәртібін кеңейту арқылы ауыл шаруашылығын қолдау құралдарын дамытуға тиіс екенін айтты.
"Егіншілерді тікелей субсидиялаудың орнына жеңілдетілген несие беру тетігі өзінің тиімділігін көрсеткенін айта кету керек. Министрлік «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, осыған ұқсас ауыл шаруашылығын қолдау құралдарының аясын кеңейтуді жалғастыруға тиіс", - деді Олжас Бектенов.
Еске салайық, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында 2035 жылға қарай әлемде мал етін тұтыну көлемінің 233 миллион тоннаға жететінін, оның импорты 27 миллион тоннаға дейін өсетінін атап өткен еді.