Елімізде шай өнімдерінен қауіпті қоспалар анықталды. Осыған байланысты қара шайдың бірқатар маркасын әкелуге және сатуға тыйым салынды. Бұл туралы ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Тиісті қаулыға 5 қаңтарда бас мемлекеттік санитариялық дәрігер қол қойған. Шешім бақылау сатып алулары мен санитариялық-эпидемиологиялық сараптама қорытындыларының негізінде қабылданған. Тексеру барысында қолданыстағы нормативтерге сәйкес пайдалануға тыйым салынған тағамдық бояғыштары бар қара шайды өндіру және сату фактілері анықталған.
«Сараптама жүргізу барысында құрамында тағамдық бояғыштар (сары «күн батуы» (E110), тартразин (E102), понсо 4R (E124)) бар қара шайдың өндіріліп, сатылу фактілері анықталды, оларды шайда қолдануға рұқсат етілмейді»,-делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігі саласындағы тергеулер барысында шай қаптамаларында шай өндірісі мен қапталуында расталмаған мекенжайлардың көрсетілгені анықталған, бұл қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру құжаттарының жоқтығын көрсетеді.
Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты келесі қара шайларды елге әкелуге және сатуға тыйым салынды:
- “Апамның шәйі Premium Gold”, Al-Hayat Golg, “Балқия Premium Gold” – өндіруші: ЖШС Orda Trade Astana (Алматы облысы);
- Sultan Suleyman, Pakistan tea – өндіруші: ЖШС Real Trade Astana (Астана);
- “Балқия Premium Gold” – өндіруші: ЖШС “Аль-Хадия” (Алматы);
- Aje Onim – өндіруші: ЖК “Орда Чай” (Алматы) ТОО “Кальций” тапсырысы бойынша;
- Al-Hayat Golg – өндіруші: Empire KENIY E.P.Z. Limited (Алматы облысы);
- Al-Jannat Premium – өндіруші: ЖК Ferdaus (Алматы);
- Alfarah – орамасында өндіруші көрсетілмеген.
Санитариялық қызметтер қазақстандықтарды өнімнің маркировкасына және қайдан шығарылғаны туралы ақпаратқа назар аударуға шақырады.