Астананың полиция департаменті Каспий құбыр консорциумына (КҚК) қатысты теріс пікір білдірген азаматтарға қатысты алдын ала тергеу жүргізуді бастады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengrinews.kz-ке сілтеп.
Бұл туралы Бас прокуратураның басшысы Берік Асылов мәлімдеді.
Мәліметке сәйкес, 17 желтоқсанда Мәжіліс депутаты Айдос Сарым азаматтардың КҚК инфрақұрылымына шабуылға қолдау білдіруін заң тұрғысынан бағалауды сұраған.
Бас прокурордың сөзінше, 17 желтоқсанда Астана полициясы Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлімі — «Ұлтаралық араздық қоздыру» бойынша тергеу тіркелгені айтылған. Тергеу аясында азаматтарды анықтау және олардың кінәсін дәлелдейтін материалдар жинау жұмыстары жүргізілуде. Қорытынды бойынша олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, процессуалдық шешім қабылданады.
КҚК-нан толық бас тарту мүмкіндігі мен баламалы экспорттық маршруттар туралы ақпаратқа қатысты талдау алдағы уақытта жариялануы мүмкін.
Бір айт кетерлігі - депутат Айдос Сарым 17 желтоқсанда Бас прокуратурадан аталған жарияланымдарға құқықтық баға беріп, оларды терроризмді насихаттау (ҚР ҚК 256-бабы) немесе мемлекеттік опасыздық (ҚР ҚК 175-бабы) ретінде қарастыруды да сұраған болатын.
Сонымен қатар ол халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мұнай құбырлары мен елдің экономикалық қауіпсіздігі үшін аса маңызды өзге де инфрақұрылым нысандарын жоюға шақыратын ақпаратты таратуға болмайтынын түсіндіруді ұсынды.
КҚК — Қазақстан мұнайын экспорттаудың негізгі бағыты. Ел жыл сайын осы құбыр арқылы кемінде 60 миллион тонна мұнай жөнелтеді. Қазіргі уақытта Қазақстан шабуылдан кейінгі шығындарды есептеп жатыр. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәлімдеуінше, Қазақстан шабуыл салдарынан кем дегенде 480 мың тонна мұнай өндіре алмай қалған.
Еске салайық, 29 қарашада Астана уақытымен 06:06-да Новороссийск порты ауданында КҚК-ның теңіз инфрақұрылым нысандарына экипажы жоқ жүзу құралдары арқылы шабуыл жасалған еді. Шабуыл нәтижесінде теңіздегі қашықтағы айлақ қондырғысы ВПУ-2 (қалқымалы тиеу құрылғысы) айтарлықтай зақымдалған.
“Тұрғындар бірін-бірі құтқарды” деген депутатқа “Депутаттар армиясын неге ұстап отырмыз?" дейтін адам жоқ-ау...