ЖЕР ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ САТЫЛМАЙДЫ, ЖАЛҒА ДА БЕРІЛМЕЙДІ!
Бүгін, 2021 жылы 7 сәуірде ҚР Парламенті Мәжіліснің жалпы отырысында Жер қатыныстары бойынша заң жобасы бірінші оқылымда бірауыздан қабылданды.
«Ақ жол» партиясы ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың жер мәселесіне қатысты ел күткен басты ұстанымын толық қолдап дауыс берді. Заң жобасын талқылау барысында "Ақ жол” партиясы фракциясы ұстанымын депутат Берік Дүйсенбинов білдірді.
"Қазақ үшін жер дауы – ежелден ең маңызды мәселе екені белгілі. Тәуелсіздіктен бергі халықтың ең қатты толқуы да осы жер мәселесі төңірегінде болып, дау мораторий жариялаумен басылған болатын.
Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаев өзі бастамашы болып, Парламент Мәжілісіне енгізген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруалар енгізу туралы» Заң жобасын қабылдау ғасырдан аса уақыт ішінде дауға айналып келген түйткілді мәселенің шешімі болып табылады.
Тарихымыздан белгілі, ХХ ғасырдың басында Алаш арыстары бастап, 12 мыңнан астам қазақ азаматы қол қойған «Қарқаралы петициясында» көтерген 10 мәселенің ең маңыздысы – Жер мәселесі еді."-деді ақжолдық депутат.
Иә, «Елдіктің кепілі – Жер. Ол – тәуелсіз мемлекеттің және сол ұлттың Басқұжаты. Ары. Намысы. Бары. Байлығы. Бөлінбейтін еншісі» деген ұран көтерген Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан осы Ел үшін ең басты мәселенің басы-қасында болған еді.
2016 жылы жер дауы көтерілген кезде «Ақ жол» партиясы да өзінің нақты ресми ұстанымын білдіріп, жерді шетелдіктерге сатпау ғана емес, оны шетел азаматтары мен компанияларына жалға да бермеу туралы ұсыныс жасаған болатын. Бұл ұстанымды партиямыздың Саяси Бағдарламасына да енгіздік.
Өкінішке орай, біздің бұл ресми ұсынысымыз белгісіз себептермен Үкімет комиссиясының қорытынды хаттамасына енбей қалды. Тіпті көбі біздің пікірімізді түсінбей, осы сайлау алдында өткен теледебаттарда басқа партияның өкілдері сұрақ қойған кезде партия төрағасы Азат Перуашев нақтылап түсіндіруге мәжбүр болды.
Ал биылғы жылдың 20 қаңтарында «Ақ жол» партиясы Үкіметке Жер кодексіне тиісті өзгерістер мен толықтыруларды енгізіп, елді алаңдатқан жер дауының шешілуіне нүкте қойылу керектігі туралы депутаттық сауал жолдаған болатын.
Сонымен Жер туралы Заң жобасында халықты толғандырып отырған Басты сұраққа нақты жауап берілді!
Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, сондай-ақ шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаларға жеке меншікке және жалға беруге де тыйым салынады.
«Ақ жол» партиясы Жер мәселесінде елдің сөзін жерге тастамаған мемлекет басшысы
Қ.Тоқаевтың басты ұстанымын толық қолдап, дауыс берді.
"Бүгін Қазақстан қоғамындағы халық күткен маңызы зор, ерекше құжат қабылданды! Енді жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді!"-деп, талқылауды қорытты ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Нұрлан Нығматуллин.
Мораторий қабылданғанға дейін біріккен кәсіпорындарға жалға беріліп кеткен 74,4 мың гектар, шетелдік азаматтарға жалға берілген 18,5 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлерінің мерзімі 2022-2025 жылдары аяқталады да, жер мемлекетке қайтарылады.
Баяндама жасаған Ауыл шарупшылығы министрі Сапархан Омаров осылай деді.
Енді осы бүгін қабылданған Жердің шетелдіктерге сатылмауы мен жалға да берілмеуі туралы заң жобасының негізгі баптарын Жер туралы комиссия басшылыққа алып, барлық жер туралы мәселелерді түгел шешуі тиіс.
Иә, бүгін, сәулелі сәуір айының қасиетті 7-сі күні қабылданған заң жобасы бүкіл елдің күтіп отырған ең басты құжаттарының бірі еді. Өйткені, Жер болмаса, Ел де болмайды!
Сондықтан заң жобасын қуана қолдап, ерекше толқыныспен дауыс бердік.
Дауыс бере отырып, өзімнің осы бүкіл ел күткен Тәуелсіздіктің берік тірегі болар тарихи шешімді қабылдауға қатысып отырғаныма Аллаға сансыз шүкірлік еттім.
Ал осы халықтың наразылығына ұшырап, елді алаңға шығарған жер сату туралы даулы баптар қабылданған парламент құрамында болмағаныма қуандым.
Жер мәселесінде шегінерге Жер жоқ! Өйткені, Жер - Тәуелсіздік кепілі!
Қазыбек ИСА,
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты