"Онда тұрған ештеңе жоқ": Семей әкімдігі мұғалімдердің көше сыпыруына қатысты мәлімдеме жасады

7326
Adyrna.kz Telegram

Семей әкімдігінде педагогтардың қалалық сенбілікке қатысуы туралы түсініктеме берілді. Семей қаласы әкімінің орынбасары мен білім бөлімінің басшысы журналистерге бұл мәселеден қорқатын түгі де жоқ екенін айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Естеріңізге сала кетейік, Arnapress.kz порталы Семейде көше сыпырып жүрген мұғалімдер туралы хабарлаған болатын. Порталдың редакциясының қарауында қала әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков қол қойған сенбілік күнін ұйымдастыру туралы хат болды. Онда әкімдіктің бөлім басшыларына меншік нысанына қарамастан барлық мекемелер мен кәсіпорындардың сенбілікке шығуын ұйымдастыру тапсырылды. Дау-дамайдан кейін әкім орынбасары қол қойған құжатқа және мұғалімдердің ерікті сенбілікке қатысуына қатысты түсініктеме берді.

Әкімдіктің сөзіне сенсек, әр мұғалім сенбілікке "өз еркімен" шығыпты. Қала парктерін, бақандай 15 көше мен үйлердің аулаларын сыпыруға бір мезетте мыңдаған адам "құлшына" шығыпты. Әсіресе, мұғалімдер.

Әкімнің орынбасары Дмитрий Гариковтің айтуынша, мұғалімдерге "көше сыпыр" деп ешкім нұсқау бермеген. Бәрі "өз еріктерімен", "ұжым болып", "саналы түрде" шыққан.

- Егер біз мұғалімдерді сенбілікке бір рет қана тартсақ, онда әкімдік қызметкерлері апта сайын дерлік шығады. Мен бұл жерде ешқандай проблеманы көрмеймін. Бұл біздің қала, біз оған қолдау көрсетеміз. Семейдің кез келген патриоты сенбілікке қуана — қуана шығады деп ойлаймын. Бұл сенбіліктер бізде бұрын да өткізілді, өткізіледі, алда да өткізілетін болады, осыны тағы да атап өткім келеді, — деді Димитрий Гариков.

Семей қаласының білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенко болса, сенбілікке қатысу мұғалімдерге тән функция емес екендігімен келісті. Сонымен қатар, ол сенбілікке қатысу туралы соңғы шешімді мектеп директорлары қабылдағанын және педагогтарды ешкім сыпырғыш пен тырма алуға мәжбүрлемегенін атап өтті.

- Кейбір БАҚ-тар сенбілік туралы бұрмаланған ақпарат таратты. Сөйтіп, көп адамды адастырды. Сенбілік кезінде сабақ болмай қалған жоқ. Жоспардағы тәртіппен оқу үдерісі жүрді. Сенбілік туралы хабарды директорлар жариялады. Ал егер мұғалімдер сенбілікке шыққысы келсе, онда тұрған ештеңе жоқ. Әрине, ешкімнің мәжбүрлеуге құқығы жоқ, - деді Наталья Фесенко.

Әйтеуір, сөздерінің ұққанымыз, мұнымыз дұрыс болмады деген шенеуніктер жоқ. Бұған қарағанда мұғалімдер аула сыпырушыларға әлі де талай бәсекелес бола бермек.

Одан бөлек Семей ұстаздарына қатысты ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желіде өз наразылығын білдірген болатын. Министр мұғалімдерді ерекше функцияларға тартуға 2019 жылдың желтоқсанында қабылданған заңмен тыйым салынғанын еске салды. Содан бері мұндай заң бұзушылықтар үшін 200-ге жуық басшы жұмыстан босатылғанға дейін жазаланды.

- Мұғалімді міндетіне кірмейтін жұмыстарға тартуға заң тыйым салады. Бұл заң 2019 жылы желтоқсан айында қабылданған еді. Мұғалімдер тек қана тікелей қызметімен айналуы керек екенін түсінетіндей уақыт өтті. Мұндай заң бұзушылық үшін екі жүзге тарта басшылар жауапқа тартылған. Біразы тәртіптік және әкімшілік жазаға тартылса, біразы жұмысынан қуылды", — деп ашу шақырған болатын Аймағамбетов.

Министр Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке қажетті шара қолдану үшін шағымданатынын, қаланың білім беру бөлімдері басшыларының да жауапқа тартылатынын ескерткен.

Еске сала кетейік, бұған дейін Асхат Аймағамбетов мектеп директорларын ауыстыруға да құзыры жоқ екенін, білім басқармалары мен мектептер тікелей жергілікті әкімдіктерге қарайтынын айтқан. Білім саласындағы жемқорлық, тамыр-таныстық және басқа да келеңсіз жайттардың қылаң беруі осыдан шығып отырғанын да жеткізген.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер