Жатақханаға келген ректор палау басып, студенттерге нан пісіріп берді

5456
Adyrna.kz Telegram

Жатақханаға келген ректор палау басып, студенттерге нан пісіріп берді, деп хабарлайды ҚазИТУ баспасөз қызметі.

Білім жолында өз үйінен жырақ жүрген студенттер отбасылық жылулық пен қамқорлықты сезінуі керек. Білім ордалары тек сапалы маман дайындап қана қоймай, студенттердің бойына «жұмсақ дағдыларды», жалпыадамзаттық құндылықтарға бастайтын ұлттық құндылықтарды да сіңіруіміз қажет деді, Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің ректоры Гүлнар Сәрсенбекова Тәлімгерлер институтының ашылуында.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында «Басты міндет – жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құндылықтарды жастардың бойына сіңіру» деп атады. Бұл міндет жастармен тікелей жұмыс істеп отырған жоғары оқу орындарына үлкен жауапкерлішік жүктейді. Осы орайда ҚазИТУ-да Тәлімгерлер институты өз жұмысын бастады.

Жоба барысында университетте қызмет етіп жүрген қызметкерлер, оқытушы-профессорлар өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөліседі. Мәселен, ас дайындау, спортпен шұғылдану, өнерге баулу, дұрыс тамақтану сияқты қарапайым да өзекті тақырыптар айтылады.

Тәлімгерлер институтының алғашқы күнінде университет ректоры Гүлнар Әлібекқызы Студенттер үйіндегі «Ас үй» алаңында студенттермен бірге тағам әзірлеп, ас дайындаудың қыр-сырымен бөлісті. Палау басып, нан пісірді.

Студенттер де өздеріне деген жылылықты, мейірімділікті, қамқорлықты сезініп жатқандарын жеткізді. Сапалы білім білім берумен қатар, адами құндылықтарды сіңіруде өз тәжірибелерімен бөлісіп отырған ұстаздарына алғыстарын жеткізді.

Осы университеттің «финанс» мамандығы бойынша 2 курс студенті Балнұр Серікбай:

«Үйімізді сағынып алыста жүргенде оқу ордамыздың отбасылық жылулықты сезіндіріп, жанымызды ұғып, сырласып, тәлімгерлік танытып жатқаны біздерді қуантады. Ректор біздермен бірге тағам дайындып, жол нұсқап отыр. Оқытушы-профессорлар құрамы қатар отырып, біздермен сырласып, өмірлік ақыл-кеңестерін айтып жатыр. Білім алып жатқан біздердің болашақта тек жақсы маман ғана емес, жақсы адам болып қалыптасуымызға тәрбиелеп жатыр», - деген ойымен бөлісті.

Жаратылыстану және ғылыми пәндер кафедрасының профессоры, жақында ғана 75 жас мерейтойын атап өткен Фазила Утегалиева салауатты өмір салтын ұстануда өз тәжірибесімен бөлісіп, студенттерге гимнастика жасатты. Зейнет жасындағы профессор өзі де күнделікті фитнес залға баруды әдетке айналдырғанын айтты. Ал педагогика ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Райса Абдисулейменова «Ата-аналар алаңында» студенттердің ата-аналарымен видео конференция арқылы байланысқа шығып, бала тәрбиесінде орта әңгіме өрбіді.

Вокал клубының жетекшісі, өнертану ғылымдарының магистрі, Манарбек Жалимбетов «Вокал клубы» алаңында студенттермен бірге вокалдан сабақ өтті. Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету кафедрасының меңгерушісі, профессор Аманжол Бектемісов «Конференция залында» Робототехника бойынша шеберлік сағатын өткізіп, студент жастарға жаңа технологияның қыр-сырын меңгертті.

Жалпы еліміздегі жоғары оқу орындарында алғаш рет өткізіліп отырған Тәлімгерлер институты «жұмсақ дағдыларға, жалпыадамзаттық құндылықтарға бастайтын ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталып отыр. Студенттермен жұмыс істеп отырған тәлімгерлер өздері жүріп өткен өмір жолы арқылы ақыл-кеңес, ашық сұхбаттасу жүргізді. Алда 38 бағытта тәлімгерлік жұмыстар жүргізілетін болады.

«Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», деген Абай Құнанбайұлы. ҚазИТУ-дың 20 жылдығы аясындағы жаңа жобалардың бірі – Тәлімгерлер институы. Тәлімгерлердің студенттермен алғашқы кездесуі Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің кампусында орналасқан Студенттер үйінде өтіп жатыр.  Сапалы білім алу, жан-жақты тұлға болуда қызмет ететін, әлеуметтенуде үлкен рөлі бар студенттік, кәсіби, спорттық, шығармашылық  клубтар мен секциялар жұмысы және ғылыми-инновациялық зерттеулермен студенттердің қауіпсіз ҚазИТУ қалашығында айналысуына жан-жақты жағдай жасалған», - деп атады Гүлнар Сәрсенбекова.

 

     ҚазИТУ баспасөз қызметі

Пікірлер