Мұғалімдерді тым қатты шектеп тастаған - ұстаз Әділет Исабеков

4022
Adyrna.kz Telegram

Көз алдыңызға қазіргінің мұғалімін қалай елестетесіз? Ол қандай болуы қажет? Әлбетте, бұл тұрғыда әркімнің қиялы әртүрлі шарықтайды.

Бірі алғашқы сынып жетекшісін көз алдына елестетіп жатқан болар, енді біріне студент кездегі мұғалімдерінің бейнесі көлбеңдеп келген шығар. Расымен де, «ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, көкжиегіңді кеңейтетін, мақсаты айқын, білімі мен біліктілігі ұштасқан мұғалім кез келген оқушыға үлгі. Ал егер ол, сонымен қатар, жас, еңбекқор, зиялы болып жатса, тіптен керемет.

Сондай мұғалімдердің бірі – Қарағанды қаласындағы мектептердің бірінде ағылшын пәнінен сабақ беретін Әділет Исабеков.

Педагогика ғылымдарының кандидатымен отандық білім беру жүйесі туралы сұхбаттасып, балаларға қандай кеңес беретінін сұраған едік.

Болашақ мамандығын қарағандылық жас мұғалім АҚШ-та оқып жүргенінде-ақ таңдаған. Ол кезде 23 жасар Әділет мақсатына жетіп, алыс Америкаға магистратураға түскен. Алайда тропикалық күнге күйіп жата бермей, алдына жаңа мақсат қойып, тез арада шешім қабылдау қажет болған.

Кантри-Клабтағы жалақысы мол жұмыс, ресторандық бизнес менеджментіндегі табысты қызмет… Әлбетте, Әділет ұзақ ойланды. Оның үстіне, келісімшартты ұзарту туралы да ұсыныс түсіп, АҚШ-тағы карьерасы алға басып тұрған еді. Алайда, Отанға деген сүйіспеншілік Әділетті елге жетелеп тұрды. Бүгінде оның 4 жоғары білімі бар.

«Оқуды бітірген соң мұғалім болам деп шештім. Сондықтан, елге оралған соң бірден магистратураға түсіп, ағылшын пәнінің мұғалімі деген дипломды иемдендім. Оқып жүріп, Қарағандыдағы қазақ-түрік лицейінде ұстаздық еттім», – дейді бұл туралы Әділеттің өзі.

Бүгінде Әділеттің жасы 26-да. Оқушыларға сабақ беріп, білімдерін толықтырып жүр. Бала да адам таңдай біледі ғой, оқушылар да мұғаліміне әбден үйір болып алған.

«Баланы сабаққа баулу қиын емес. Ең бастысы, тілін таба білу қажет. Әйтпесе, қабілетсіз бала болмайды. Әрқайсысы өз алдына дарынды, өз алдына зейінді. Менің басты методикам – балаларды тыңдау, солардың тілінде сөйлесу.

Ұстаздардың жұмысындағы жалғыз қиындық – қазақстандық білім беру жүйесінде, біздің ғана емес, бүкіл әлемде мұғалімдерді тым қатты шектеп тастаған. Ал мен креативті жақсы көремін, тың дүниелерді ойлап тауып, соларды оқу жүйесіне қосқанды ұнатамын. Бірақ, кейде шектеулердің кесірінен креатив пен оқу жүйесін байланыстыру өте қиын. Ал балалар үшін оқуды қызықты етудің жолдары көп", - дейді Әділет.

Әділеттің айтуынша, ХХІ ғасырдың мұғалімі бірінші кезекте балаларды білімге қызықтыра білу керек, ал қалғанын оқушылардың өздері қажетіне қарай үйреніп алады.

«Әр сабаққа жоспар құрғанда бірінші кезекте атмосфераны жоғары қалыпта ұстауға тырысамын. Сабақтың қарқынын түсірмеу қажет, қызықты етіп, әр сағатты бір-біріне ұқсамайтындай ерекше ету керек. Сонда баланың білімге деген қызығушылығы жоғалмайды. Жалпы, ХХІ ғасырдың мұғаліміне қойылар басты талап – баланы сабаққа қызықтыра білу. Ал қалғанын оқушының өзі үйреніп алады. Өйткені, қазіргі балалар өте зейінді әрі қабілетті. Тез үйренеді. Ең бастысы, жалықтырып алмау керек. Тіл үйретіп, әдебиетке баули отыра олардың бойына мейірбандықты, адалдықты, рақымдылықты сіңіргім келеді. Адамның бойындағы бұл қасиеттер академиялық көрсеткіштерден де әлдеқайда құнды. Сонымен қатар, балаларды кітап оқуға баулу қажет. Барлық оқушыларым классикалық кітаптар оқиды. Классикалық кітаптар оқушының дамуына жақсы әсер етеді», - дейді ол.

Бұдан бөлек, Әділет Исабеков бүгінде PROF ME UP деп аталатын онлайн-курстың авторы.

«Бұл курста мамандықты қалай таңдау қажет, қалай іздеген дұрыс немесе ұнаған ісіңмен айналысу үшін не істеу керек деген сынды әбден жауыр болған мәселелерді айтпаймыз. Мұнда мамандықты таңдауға деген жаңа көзқарастар туралы ой қозғаймыз. Яғни, «А» нүктесін адаспай тауып, «В» нүктесіне жаңылмай барудың барлық жолдарын қарастыратын навигаторыңыз болмақ».

Автордың айтуынша, курс мектептің жоғарғы сынып оқушыларына ғана емес, студенттерге де пайдалы болмақ.

«Жалпы, болашағын қай саламен байланыстыруды білмей жүргендерге, мамандық таңдауда қателесуден қорқатындарға, ішкі дүниесін дамытқысы келгенімен неден бастарын білмей жүргендерге арналады», – дейді Әділет.

Амбициясы жоғары Әділеттің алдағы жоспарлары да орасан. Онысын жасырмайды да.

«Жоспарым өте көп. Қазір жаңа білім беру жүйесі жөнінде жоба дайындап жатырмын. Алдағы уақытта Білім және ғылым министрлігінде сәтті қорғаймын деп ойлаймын. Жалпы, қазақстандық мектептердің әлеуеті зор. Мен сол әлеуетін ашқым келеді», – деп сұхбатты аяқтады Әділет Исабеков.

Пікірлер