«Өмірден мән іздеген жан»

15818
Adyrna.kz Telegram

Виктор Франкл «Өмірден мән іздеген жан» кітабында концлагерьлерде бастан өткерген оқиғалардан түйген ойларын  жазады. «Неге бір адамдар күйзеліске түсіп, тез арада көз жұмады, ал екінші біреулері жанталасып өмір сүруге талпынады?» деген сұраққа жауап іздейді. Алғаш рет 1946 жылы жарық көргеннен бастап, 1997 жылы автор өмірден озғанға дейін, 10 миллионнан аса таралыммен сатылып, 24 тілге аударылған.

 

Тап болған қиындықтан қуат аласыз ба,

үгіліп-мүжілесіз бе – оны өзіңіз шешесіз

Төзімділік тұрғысынан алғанда адамдар әрқилы болады. Біреулер сәл қиындыққа шыдамайды, ал екінші біреулер басына қанша ауыртпалық түссе де төзеді, ештеңеге қарамастан күресе береді. Неге? Фашистік концлагерьлердің сұмдығын бастан өткерген Виктор Франкл (1905 – 1997) міне осы сұраққа жауап берген. Бұл кітапта концлагерьлер тұтқындары көрген ауыр азаптар мен адам шошырлық оқиғалар және соның бәріне шыдай білген психологтың ой-пікірлері баяндалады.

«Өмірден мән іздеген жан» 1946 жылы, Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, автор Виктор Франклдың нацистік концлагерьден босап шыққанына бір жыл өткенде тұңғыш рет неміс тілінде жарияланды. Әрбір жанды өмірдің мәнін іздеуге үндейтін, мемуарлар мен психологиялық трактаттардан құралған бұл еңбек жиырмасыншы ғасырдың ең ықпалды кітаптарының біріне айналды.

Кітап үш бөлімнен тұрады. «Концлагерьдегі өмір» атты бірінші бөлімде тұтқындардың бойындағы психологиялық реакцияның үш негізгі кезеңі жеке-жеке сипатталады: лагерьге келу кезеңі, [1] лагерьге мойынсыну кезеңі [2] және босатылу кезеңі.[3]

«Логотерапия дегеніміз не?» деп аталатын екінші бөлімде өмірдің мәнін іздеу мен талдауға негізделген терапиялық практиканың басты қағидалары сипатталады. Ал «Трагедиялық оптимизм» атты эпилогте «ештеңеге қарамастан өмірге «иә» деу» идеясы талданады.

«Адам баласы азаптан [4] қашып құтыла алмайтын жағдайға тап болса, өз өмірінің мәнін табу арқылы қиындықты жеңе алады» деп түйіндейді автор өзінің ойын. Демек, өзіңіз өзгерте алмайтын жағдайға тап болсаңыз, Франкл сияқты түрмеге түссеңіз, кемтар болып қалсаңыз, жазылмайтын ауруға душар болсаңыз, қандай қиындық болса да, өмірден баз кешесіз бе, сол тауқыметтің өзінен өмірдің мәнін табасыз ба, оны өзіңіз шешесіз.

Осы тұрғыдан алғанда Франклдың теориясы өмірдің мәнін жан рақатын іздеу, [5] ләззат алу деп түсінген Фрейдтың, билікке ұмтылу деп өсиет еткен Альфред Адлер идеясымен онша үйлесе қоймайды. «Өйткені өмірдің мақсаты [6] адамды жануардан ерекшелеп қана қоймайды, ол сонымен қатар, қиын кездерде алға жетелейді. Өмірдің мақсаты – жанның рақатын іздеу емес, сүйікті ісіңізбен айналысу және мәнді ғұмыр кешу», [7] – дейді Франкл.

Шошынған адам өлімнен қорықпайды

Автор бірінші кезеңге шошыну [8] деп бірауыз сөзбен анықтама берген. Франкл қайғы-қасіреттің мекеніне айналған Освенцимге пойызбен қалай жеткені, жанындағы тағдырластарының бойын билеген бастапқы шошыну сезімі жайлы әсерлі әңгімелейді. Освенцим деген жазуды көргеннен тұла бойлары суып қоя береді. Себебі олардың көбі мұнда газ камералары бар екенінен хабардар.

Тұтқындардың көкейіндегі «соңғы сәтте құтқарыламыз, мұның бәрі уақытша» деген алдамшы сенімді автор рақымшылық жасалады деген үмітке [9] теңейді. Өзге тұтқындармен бірге СС офицерінің алдында кезекте тұрған сәтінде тағдырдың тәлкегіне көніп, бәріне де мойынсынғанын айтады. Дене бітімі қара жұмысқа жарамды болып көрінгендерді оң жаққа, әлсіз болып көрінгендерді сол жаққа бөліп, бірден газ камераларына [10] жөнелтіп тұрған офицердің жанашырлықтан жұрдай қатыгез бейнесін суреттейді. Әдетте Освенцимге келген адамдардың 90 пайызы тікелей газ камераларына жөнелтіліп отырған.

Тұтқындардың бойынан барлық киімдері мен жеке бұйымдарын сыпырып алып, сұп-суық душқа айдап әкелген шақты Франкл бірінші кезеңнің шарықтау шегі деп сипаттайды.

Сырт киімінің қалтасында тырнақалды туындысының қолжазбасы болады. Соны сақтап қалуға тырысып, қарт тұтқынға жалынып көмек сұрайды. Бұған мырс етіп күлген тұтқын ізінше Франклға «бір бума қағаз үшін басыңды бәйгеге тігіп» деп дүрсе қоя береді. Ол дәл осы сәтте өзінің бұрынғы өмірінің түгелдей сызылып қалғанын [11] түсінеді.

Шаштары қырқылып, жалаңаш ит тірліктен [12] басқаның бәрінен айырылған тұтқындарды артынша шарасыз күлкі билейді. Олар мұндай азапқа қашанға дейін төзе алатындарын ойлайды. Қорлыққа шыдамаған тұтқындардың көбі лагерьді қоршаған тікенек торға қарғып, тоққа түсіп, өз-өздеріне қол жұмсайды.[13] Осыны көргеннен кейін Франкл өз-өзіме ешқашан қол жұмсамаймын деп сөз берді.

Лагерьге бұлардан бірнеше апта бұрын келген замандасы оған күн сайын қырынып, еңсені тік ұстап, әлсіздік танытпай [14] жүру керек екенін ескертеді. Себебі жұмыс істеуге шамасы келмей, әбден қалжыраған жандар мен науқастар «мүсәпірлер» деп аталып, дереу газ камераларына жөнелтіліп отырады екен. Міне үрейлі газ камераларына осылайша бойы үйренген Освенцим тұтқындары алғаш шошынғаннан кейін-ақ өлімнен қорқу дегенді ұмыта бастаған.

Қиындық сезімнен жұрдай етеді,

сезімсіздік апатияға ұласады,

ал апатия қиындықтан қорғайды

Бірнеше күннен соң тұтқындар екінші кезеңге өтеді. Ол кезең апатиямен, мәңгірумен және Франкл «эмоциялық өлім» [15] деп ат қойған сезіммен сипатталады. Күнделікті азап тұтқындарды жиіркеніш, қорқыныш және аяныш сезімінен жұрдай еткен. Бұл жағдай олар үшін қажетті қорғаныс механизміне [16] айналған.

Франкл сүзектен өлген адамның мәйітіне құдды ештеңе болмағандай қарағанын есіне түсіре отырып, өзінің сезім атауынан жұрдай болғанын жазады. Егер эмоциядан айырылғаны оны ғалым ретінде қызықтырмаған болса, бұл оқиғаны ойына алмауы да мүмкін екенін ескертеді.

Күзетшілер мен бригадирлердің ұрып-соғуынан көз ашпаған тұтқындар әбден тозған аяқ киіммен ақ қар, көк мұзда жұмыс істеп жүріп ауруға шалдығады, шеменнен зардап шегеді, сүзек жұқтырады. Күнделікті берілетін сулы көже мен бірер тілім нанға тоймай, өзегі талған бейшаралар аштықтың азабын тартады. Одан басқа кейде қолға тиетін «қосымша азық» [17] деген болған. Оған жиырма грамм маргарин немесе иістеніп кеткен шұжықтың бір кесегі, я болмаса кішкене ғана ірімшік, бір ұрттам жасанды бал немесе бір ас қасық сұйық жеміс тосабы салынатын. Жұқа киіммен үнемі суықта жүріп ауыр жұмыс істейтін тұтқындар үшін калориясы жоқ мұндай мардымсыз ауқат мүлде жеткіліксіз еді. Осының салдарынан олардың көбі аштыққа ұшырады.

«Лагерьдегі ауыр жағдай салдарынан тұтқындар тұрпайы деңгейге [18] қайта оралды. Ал азық тапшылығы олардың жатса-тұрса ойынан кетпейтін аңсар арманына айналды, – деп жазады автор. – Сөйтіп өмірдің бар мәні жан сақтауға [19] келіп тірелді».

Сондай-ақ, «көзге түспеу» де олар үшін тірі қалу амалдарының біріне айналған. Концлагерьде бір сәтке болса да қатыгез жендеттердің назарынан тыс қалу мүмкін емес еді. Мұндайда кез келген адамның оңаша қалуды аңсайтыны [20] белгілі. Бірнеше минутқа созылған осындай бақыт ара-тұра Франклға да бұйырған екен. Бірде мүрделер тасталған су құбыры шахтасының қақпағында оңаша отырады, келесіде демалыс лагерінде сәл тыныстаудың амалын тапқан.

Франклдың айтуынша, тауқыметке тап болған қиыншылықты ұмыту үшін тұтқындар өздеріне ермек тауып алып жүрген. Айталық, тұтқындар ара-тұра кабаре ұйымдастырып, оның көрген азапты уақытша болса да естен шығаруға себеп болғаны соншалық, тұтқындардың кейбірі оған қатысамыз деп онсыз да мардымсыз азықтан қағылатын болған.

Тауқымет тартқан адамның сезімі семіп қалады,

қуануды қайта үйренуге тура келеді

Франклдың айтуынша, үшінші кезең тұтқынның бостандыққа шыққаннан кейінгі психологиясымен байланысты.

Автор тұтқындардың бостандыққа шыға салысымен бас айналар бақытты сезіне алмағанын жазады. «Бостандық сезімі олардың санасын лезде оята алмаған. Тіпті табиғаттың сұлулығы да сезімдерін селт еткізбеді. Олар жылдар бойы жапа шеккендіктен рақатты сезіну қасиетінен айырылып қалған еді. Тіпті қуана білудің өзін қайтадан үйренуге мәжбүр болды, – дейді автор ойын жалғастыра отырып. – Өйткені олар өздерінің қанды құрсаудан азат болар күнін армандаған еді. Бірақ сол күнге жеткенде оған оңайлықпен илана қоймады. Осындай сезімдерден арыла бастаған бойда ас ішу, еркін сөйлеу және табиғат сұлулығына сүйсіну секілді лагерьде ұмыт болған эмоцияларды қайта игере бастады».

Концлагерь азабын көрген жандар өздерінің бұрынғы өміріне қайта оралғанда орасан қиындықтармен бетпе-бет келген. Айналадағы жұрттың бостандыққа шыққан тұтқындарға қауіптене қарауы оларды қатыгездікке итермеледі. Оған қоса шынайы өмір өздерінің қиялындағыдай емес, мүлде өзгеше екенін және үйде ешкім күтіп отырмағанын көргенде, одан бетер түңіле бастады. 

Осындайда кейбір адамдар өздерін пайдасыз сезінеді екен. Өмірден мән көрмейтіні де содан. Ал ақиқатында адам өмірі мәнді. Оған ешқандай шарт керек емес. Пайдалы болу, елдің алды болу, табысты болу деген сияқты шарт керек емес. Сондай-ақ, адам өмірі құнды. Оған да ешқандай шарт керек емес. Адам өмірінің құндылығы оның қоғамға әкелетін пайдасымен өлшенбейді. Егер өзіңізді пайдасыз сезінсеңіз, еш жабырқамаңыз. Адамның қадір-қасиеті мен оның қоғамға тигізер қайыры екі бөлек дүние.

Адам баласы қиындыққа түскен кезде рухани көмек [21] дер кезінде көрсетілмесе, жан төзгісіз қорлықтан кенет құтылған адамның психикасына қауіп төнеді. Ал тумысынан тұрпайы адамдар мұндай еркіндікті бейбастықпен шатастырып алады. Сөйтіп қысым көргендерден қысым көрсетушілерге айналады. Франклдың жазуынша, адам баласы қандай жамандық көрсе де, ешкімге де жамандық жасауға қақы жоқ.[22]

Адам баласын сүйіспеншілік және

махаббаттың құдіреті құтқарады

«Өзінің ішкі әлемінен өмірдің мәнін таба алған адам лагерьде тірі қалып қана қоймайды, сонымен қатар, адам ретінде сақталып та қалады» деп жазады Франкл.

Автор өмір мәнін, өмір сүруге болатын себепті тапқан. «Өте қиын жағдайда тірі қалудың бірден-бір тәсілі – бұл не үшін өмір сүруге болатынын айқындап беретін әлдебір себептің болуы», – дейді Франкл. Автордың өзі үшін осындай себеп әйелінің дидарын қайта көріп, жұмысына оралып, жоғалтып алған қолжазбасын қалпына келтіру еді. Франкл лагерьде мүсәпір күй кешіп, ұсақталып кетпес үшін өзінің бүкіл жан-дүниесін осы мақсатқа жұмылдырған Франкл, тіпті сүзекке шалдыққан кезінде де, есінен адасып қалмас үшін, ой-армандарын шиыршықталған қағаз қиындыларына түсірумен болған.

Ол үскірік аязда тоң боп қатқан жерді ойып арық қазғанда басқа түскен азапты ұмыту үшін әйелін ойлағанын, бақытты шақтары есіне түскенде кәдімгідей қуаттанып қалатынын жан тебіренте әңгімелейді. Жан жарының кез келген жағдайда өзіне ықыласпен құлақ асатынын еске алып, онымен ойша сұхбаттасады. Осындай сәттерде «Махаббат [23] – адам баласын кез келген қиындықтан құтқаратын құдіреті бар түпкілікті биік мақсат» деген қорытындыға келген. Жұмыр басты пенде қандай да бір қиын жағдайға тап болып, қандай шарасыз күйге түспесін, өмірдің мәнін махаббаттан таба алады. Адам баласы өмір мәнін өз бойынан іздеген сәтте махаббат рухани деңгейде көрініс табады. Ондайда адамның бұл өмірде бар-жоғының өзі маңызды болмай қалады. Себебі Франкл лагерьде отырғанда жұбайының не тірі, не өлі екенін білмеген. Осы сенім Франклдың логотерапиялық теориясының діңгегіне айналды.

Сүйген жандарды ойлау, өткен уақытты еске алу, әзілдесу және өнер мен табиғаттың әсемдігіне бір сәт болса да тамсану лагерьде тірі қалудың тәсіліне айналған. Лагерьдегі тірліктің мағынасыз [24] тұрпатынан, шарасыздық [25] шеңгелінен және рухани кедейліктен [26] құтқаратын пана тәрізді болған және бейшара тіршілікті аз уақытқа болса да ұмытуға көмектескен.

Франкл лагерь өмірінің осындай тұщымсыз қуаныштарын «ництеріс бақыт»[27] деп атайды. Ал Шопенгауэр мұны «азаптан құтылу»[28] деп атаған екен. Автор өздері «мұржалар» деп атаған крематорийге түспей, жатақ жайларына аман оралудың, ұйықтар алдында бит сығудың немесе сары аяздағы жан төзгісіз жұмыстан өлмей қайта келудің, сондай-ақ фабрика ғимаратында жұмыс істеу бақытына ие болудың немесе науқастарды оқшаулайтын орында отырып сәл тыныс алудың қаншалықты қуаныш сыйлағанын әңгімелейді. Ондай шынайы рақат [29] өте аз болған.

Қиындыққа тап болсаң, тағдырыңмен тайталаспа

Франкл кітаптың бір тұсында лагерьді былай суреттейді: «Ұйқылары қанбаған, ашығудан және никотин мен кофеин жетіспеушілігінен қажыған, өзін-өзі кемтар сезініп, өмірден әбден түңілген тұтқындардың жүйкелері жұқарды. Бәрі шетінен ашушаң болып алды. Жағдай нашарлады. Жігері құм болған көпшілік пен сәл-пәл қолдауға ие болған азшылықтың арасында қақтығыстар көбейді. Серіктерінің өмірден күдер үзгенін көріп, өздеріне де қауіп төнетінін білген тұтқындардың ашу-ызаға ерік беруі жиілей бастады».

Мұндай жағдайда өміріңнің билігі тағдырыңның қолында болса, өзің үшін шешім қабылдау азап екен деп жазады. «Лагерьде өзіңнің тағдырдың ырқында екеніңді сәт сайын сезінесің». Еркінен айырылғанда Франкл тағдырдың ырқына көнген,[30] онымен тайталаспаған.

Мәселен, бірде «демалыс лагері» деп аталатын жерге баруға тиісті адамдардың тізіміне ілікті. Ол тізімнен сытылып шығып кетуге мүмкіндігі болса да, маңдайға жазылғанын көрейін деді. Арасынан сытылып шықпады. Ал жанындағы серіктері осы кезде оны газ камерасына «жолдама» алды деп ойлады. Бірақ Франкл дұрыс шешім қабылдаған болып шықты. Өйткені шын мәнінде демалыс лагеріне ауыстырылды. Содан біраз уақыт өткенде бұрын өзі болған лагерьде аштық пен адам жегіштіктің белең алғанын естіді.

Франкл тағы бір оқиғаны баяндайды. Соғыстың соңына қарай Франкл досымен бірге лагерьден қашуды жоспарлаған. Алайда өзі емделіп жатқан науқастарға сүйеніш болу үшін бұл ойынан айниды. Ол одан да жамандық көрмейді.

Тағы бірде серігімен бірге қашуға талпынып көреді. Бірақ көмекке  Қызыл Крест келгендіктен лагерьде қалуды жөн көреді. Ал қалған тұтқындар лагерьдің қақпасы ашылған бойдан бостандыққа шығамыз деп жүк көліктеріне отырып, лагерьді тастап шығып кеткен. Шын мәнісінде олар көрші лагерьдегі барақтарға апарып өртелген болып шығады. Франкл бұл тозақтан да аман қалады.

Өмірден мән табу – мазмұнды ғұмырдың алғышарты

Франкл өмірден мүлде мән көре алмаған және содан зардап шеккен замандастары туралы айта отырып, оның себептерін атап көрсетеді. Одан соң өзі «экзистенциялық вакуум» деп атаған ақыл-ой күйін сипаттауға көшеді. «Экзистенциялық вакуумның кең таралған көрінісі – зерігу.[31] Сонымен қатар, депрессия, агрессия және тәуелділік іспетті жайсыз сезімдер де соған жатады. Кей адамдар өмірдің мәнін іздеу жолындағы сәтсіздіктерінің орнын билікке ұмтылу, әсіресе ақшаға құнығу және төсек қатынасынан қанағат табу сияқты нәпсіқұмарлығымен толтыруға тырысуы мүмкін. Логотерапевтің мақсаты – жаны күйзелген адамдардың жан дүниесінде пайда болған бос кеңістікті өмірдің шынайы мәнімен толтыру», – дейді ол.

Ал «өмірдің мәні» дегеніміз не? Оны қалай табамыз? Франклдың ойынша, бұл өмірде жалпыны түгел қамтитын әмбебап мән болмайды. Қандай жағдайда да өмірдің шынайы мәнін табуға болады. Әр адам өзіне ғана тән өзгеше сипаты, өзіндік мәні болады. Франкл әрқайсымыз өз өмірімізге жауап береміз, логотерапияның өзегі міне осы жауапкершілікте деп санайды. Рухани күйзеліске ұшыраған жан өз өмірі үшін жауапты екендігін сезінуге тиіс. Логотерапевт осыған көмектеседі.

Өмірдің мәні де адам баласы тап болатын түрлі жағдайларға қарай өзгеріп отыруы мүмкін. Франкл өмірді бұлыңғыр идея [32] емес, адам өз бойынан табуға тиіс нақты шынайылық [33] деп сипаттайды. Сондықтан әрбір адам баласы өзінің дәл қазіргі сәттегі шынайы жағдайынан және соған қатысты көзқарасынан мән табуға тиіс. «Өмірдің мәні неде?» деген сұрақты үсті-үстіне қоя бергеннен түк шықпайды. Өмірдің өзі сауал қоятынын, емтиханнан өткізетінін және жауапкершілігі мол адам ғана сол сұрақтарға жауап бере алатынын жазады.

Франкл өмірдің мәнін өз ойыңнан емес, сырттан іздеу керектігін айтады. Ол осы қағиданы «тіршілік шегінен шығу» [34] дей отырып, басқа психологтар айтып жүргендей «өзін-өзі жетілдіру» [35] тек сол «өз шегінен шығудың» жанама әсері ретінде ғана жүзеге асатынын жазады.

Өмірдің мәнін тапсаңыз, дерттен арыласыз

Франкл логотерапияны лагерьге түскенге дейін-ақ зерттей бастаған болатын. Логос грекше «мән» дегенді білдіреді. Ал Франкл өмірдің мәнін іздеу адамды ынталандырудың негізгі кілті деп санайды. «Логотерапияда «мәнге ұмтылу» Фрейдтің «рахатқа ұмтылуы» мен Альфред Адлердің «билікке ұмтылуына» қарама-қарсы қойылады. Егер өмірдің мәнін түсінбесе, адам экзистенциялық дертке[36] шалдығуы мүмкін. Ол өз кезегінде ноогенді неврозға [37] әкеліп соғады. Латынша noos – «ақыл» деген сөз» дейді Франкл.

Бұдан әрі ол ноогенді неврозды психогенді невроздан [38] ажыратып қарастырады. Психогенді невроз дегеніміз кәдімгі жүйке ауруы, ал ноогенді невроз  сырқат емес, өмірдің мәнін жоғалтып алу. Сондықтан өмірдің мәнін іздеу де, оның жоқтығына налу да психикалық сырқат белгісі емес, экзистенциялық күрес.[39] Оның денсаулыққа зиянды бола бермеуі де мүмкін. Ал осындай күрестің зардаптарын, яғни экзистенциялық дерттен туындайтын жан азабын патология ретінде қарастырмайды, керісінше жетістікке балайды.

«Адамның кім екені мен кім болуға тиісті екендігінің арасындағы айырмашылық [40] нәтижесінде пайда болған психикалық қысымды [41] жан саулығының маңызды бөлігіне жатқызуға болады дейді ол. – Өмірдің мәнін іздеу, мақсатқа жету немесе міндетті орындау сияқты адамның ішкі күресін «ноо-динамика» [42] дейді. Логотерапевтің жұмысы жаны күйзелген адамға жәрдем беру, өмірдің мәнін табатын бағытты нұсқау екендігін айтады.

Сондай-ақ, Франкл адам басында бар невроз қоғамға да тән дейді. Және де әр дәуірдің ұжымдық неврозы болатынын айтады. Ол өзі өмір сүрген қоғам неврозын да «экзистенциялық вакуум» деп сипаттайды. Франкл экзистенциялық вакуумды халықтық феномен, ұжымдық синдромға балайды. Жан дүниені жайлаған мұндай жұтаңдық пен мағынасыздық сезімі науқастарды ғана емес, жастар мен үлкен кісілерді, жұмыссыздар мен тіпті төрт құбыласы тең тұлғаларды да мазалайды екен. Бұл сезім соғыс тұтқындары мен түрмеде азап шеккендерді де түгел шарпыған. Франкл өз заманындағы жас ұрпақтың жан-жүрегін жаралап, зердесін зақымдаған тәуелділік, агрессия және депрессия сезімдерін невроздың,  экзистенциялық вакуумның симптомы дейді. Ал өмірдің мәнін іздеуге талпыну өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алатын әрекеттердің  бірі дейді автор.

Өмірдің мәнін үш нәрседен табуға болады

Франкл өмірдің мәнін іздеудің үш жолын көрсетеді.

Біріншісі, өмірде із қалдыру, жетістікке жету. Мұндайда өмірдің мәнін жұмыстан табады. Мәселен, ғалымдар өмірдің мәнін таңдаған тақырыбын зерттеп, жаңалық ашудан іздесе, спортшылар өмірдің мәнін чемпион болғаннан көреді.

Екіншісі, мәнді қарым-қатынас. Сүйген адамның, жақсы көретін жандардың болуы да өмір мәнін тауып береді.

Алайда Франкл махаббатты жыныстық құштарлықтың баламасы емес, бастапқы шынайы сүйіспеншіліктің ғажайып көрінісі деп түсіндіреді. Сүйіспеншілік – басқа адамды шын мәнінде түсіне білудің бірден-бір тәсілі. Сүйікті адамыңмен ұғысу, түсінісу арқылы оның сарқылмаған қайнар қуатын, жұмсалмаған жігерін тануға және соны жүзеге асыруына, сарқа жұмсауына жәрдемдесуге болады.

Үшіншісі, жан қиналысы мен азаптануды жеңіске, яғни трагедияны триумфқа айналдыру. Егер ішкі ұстаным, ниет дұрыс болса, ауыру мен азаптың өзін жетістікке айналдыра аласың. Сол себепті автор зардап шегуді өмірден мән табу мүмкіндігі ретінде қарастырады. «Мән табудың әдеттегі қарапайым жолдары жабық болса да, адамдар оны бәрібір тауқымет тартып жүріп те таба алады. Олардың мұндай ұмтылысына батылдық пен табандылық және мораль көмектеседі. Әйтпесе олар жануарлардан еш айырмасыз тіршілік кешер еді. Біз қанша қаламасақ та адам баласы бейнет пен өлімнен құтыла алмайды. Өйткені онсыз толыққанды өмір жоқ» деген пікір айтады.

«Азаптың өзін дұрыс қарсы алу үшін өмірдің мәнін табу – сол бейнетті жеңіп шығуға көмектесетін жалғыз амал. Тіпті ғұмырдың соңына дейін жалғасатын ауыртпалықтың өзінен ақиқат іздеу өмір мәнінің түпсіз табиғатын, шексіздігін айғақтайды» дейді Франкл.

Дегенмен, Франкл толыққанды өмір сүру үшін зардап шегу шарт емес екенін айтады. Егер де азапқа түспеу мүмкін болса, түспей-ақ қойған жөн. Ал егер одан құтыла алмасаң, лайықты қарсы тұрудың өзінен өмірдің мәнін табуға болады.

«НЕ ҮШІН өмір сүруге болатынын білетін жан

ҚАЛАЙ дегізер кез келген қиындыққа шыдай алады»

Нацистік концлагерьлерде адамзат тарихындағы аса ауыр айуандық әрекеттердің орын алғаны мәлім. Адамдар бала-шағасымен өз үйлерінен қуылып, пойыздарға малша тиеліп, концлагерьлерге жөнелтілді. Тұтқындарды адам құрлы көрмеді, жеке тұлға деп қарамады. Бүкіл құжаттарымен қоса бұйымдарын тартып алып, қоқысқа тастады. Барлығына бірегей униформа кигізіп, денелеріне нөмірлі таңба басты. Олардың адам екендері ұмытылып, нөмірлерге айналдырылды.

«Лагерьдің ең сорақы әсері – ешкім де өзінің ол жерде қанша болатынын біле алмай, толық белгісіздік [43] орнады. Сөйтіп ондағы адамның өмірі шегі мен шеті белгісіз жанталас тірлікке айналды. Тұтқындардың көпшілігі мақсат-мұраттарынан айырылды, үмітін үзді. Өйткені олар өздерінің бостандыққа шығатын-шықпайтындарын білмеді. Тағдырлары тап қылған жағдайды қабылдай алмаған, тауқыметтен болашақтың сәулесін көре алмаған, өткен күндердің елесімен тіршілік кешкен тұтқындардың бар өмірі мән-мағынадан айырылды», – дейді автор.

Әйтпесе ертеңгі күнге деген сенімін жоғалтқан адамның күні қараң. Өзінің рухани табандылығынан [44] айырылған адам мұң толы жанарын бір нүктеге қадаған күйде соңғы шылымын шегеді де, әрі қарай өмір сүруден бас тартады. Одан соң беріледі, жеңіледі. Ақыры ауруы меңдейді де, көз жұмады.

Осы тұста Франкл Ницшенің «НЕ ҮШІН өмір сүруге болатынын білетін жан ҚАЛАЙ дегізер кез келген қиындыққа шыдай алады» [45] деген сөзін келтіріп, өмір сүруге себебі бар адамдар кез келген қиындықты еңсере алатынын меңзейді. Мейлі сүйген жанын ойласын, мейлі алға қойған мақсатына алдансын, әйтеуір өмір сүруге деген себеп болса, адам баласы кез келген сынақты жеңіп шығады.

Өмір себептерінің ішінде мақсатқа ұмтылу [46] – өмірдің ажырамас бөлігі. Осы ұмтылыс арқылы біз өміріміздің шынайы мәнін танимыз, төл мақсатымызды түсінеміз. Сондықтан автор «Адам баласының бәрінде алға жетелейтін мақсат болуы [47] тиіс» дейді.

Болашаққа қарап өмір сүретін мұндай айрықша адамдарды латынша «sub specie aeternitatis», яғни «мәңгілікке көз тіккен» деп сипаттайды.

Үмітін үзіп алған адамның өзі де

көп ұзамай өмір ағашынан үзіліп түседі

Осыған мысал ретінде Франкл бір тұтқынның соғыс 1945 жылғы 30 наурызда аяқталады деп үміттенгенін баяндайды. «Алайда 29 наурызда соғыс аяқталмады, сол күні әлгі тұтқынның сырқаты меңдеп, 30-ы күні есінен танып, 31 наурызда қайтыс болады. «Оның өліміне асыға күткен азаттықтың келмегені және аңғал үміті [48] ақталмай, күйзелгені себеп болды, – деп жазады ол. – Бұл оның сүзекке қарсы иммунитетін күрт төмендетіп жіберді. Соның салдарынан оның болашаққа деген сенімі [49] мен өмірге деген құштарлығы әлсіреп, осы уақытқа дейін оны ала алмаған аурудың бір күнде құрбаны болды».

Автор адамның үміт-сенімі мен иммунитет арасындағы байланысты көрсететін тағы бір мысал келтіреді. 1944 жылғы Рождество мен 1945 жылғы Жаңа жыл арасында лагерьдегі өлім-жітім ешқашан болып көрмеген деңгейге жетеді. Бұл азық жетіспеушілігі немесе жұмыс жағдайының күрт нашарлап кетуі, ауа-райының өзгеруі әлде індеттің таралуынан болған оқиға емес еді. Оған себеп: тұтқындар Рождествоға дейін үйге ораламыз деп үміттенген. Рождество жақындағанда көңіл сергітерлік ешбір хабар келмей, соңғы үміттен айырылған бейшаралар өмірден баз кешеді. Үмітін үзіп алған адамның өзі де көп ұзамай өмір ағашынан үзіліп түседі.

Франкл лагерьде аштық жариялаған серіктерінің бұдан ақыл сұрғанын есіне түсіреді. Олардың тірі қалуы екіталай болса да, Франкл оларға жарқын болашақтың жақындығы және үміт отын сөндірмеуге болатын себептер туралы айтады. Сөйтіп өмірдің сол сәттегі ақиқатын мойындауға көмектеседі. Қазіргі жағдайдың өзінен мән табуға шақырады. Олардың өткен өмірлері қандай көркем болғанын және оны ешкімнің тартып ала алмайтынын ұқтырды. Автордың пікірінше, тіпті тұйыққа тірелген күннің өзінде үмітті желкен ету арқылы тура бағыттан адаспауға болады. Өйткені шексіз мән [50] өмірге тән, оның сарқылып, таусылып қалуы ешқашан мүмкін емес. Азапты да абыроймен арқалай білген жандардың құрбандығы [51] ең болмағанда рухани деңгейде ақталары анық. Осындай ойды берік ұстанған Франкл бар қиындыққа төзу керек деген ұстанымға серіктерінің көзін жеткізе білді. Оның нанымды сөздері азап шеккен байғұстардың көкіректеріне үміт отын жақты.

Ішкі еркіндігін жоғалтқан адам бәрін де жоғалтады

Автордың айтуынша, осындай адам төзгісіз жағдай тұтқындарды адами қасиеттен һәм ішкі еркіндіктен [52] айырды. Франклды ең алдымен мазалаған мәселе міне осы болды. Егер олар өзін-өзі құрметтемесе, бағаламаса, жеке тұлғалық болмысын сақтап қалу үшін күреспесе, яғни өмірдің еш мәні қалмаса, хайуаннан айырмашылығы болмаған болар еді.  Осы жерде Франкл тұтқындар қабаған иттерден қашып құтылып, қарын тойдыруды ғана білетін жануарлардың түйсік деңгейіне түскенін жазады.

Өкінішке қарай, адам баласына өмірде болатын жағдайларды таңдау мүмкіндігі берілмеген. Ертең басқа қандай нәубет туарын, қайдан шығарыңды білмейсің. Бірақ сол жағдайларға қатысты қандай әрекет жасайтыны, қалай жауап қататыны және өзін-өзі қалай ұстайтыны әркімнің өз қолында. Сондықтан да Франкл адам жағдайға қарсы тұра алмайды дегенді сынайды. Оның ойынша, адам өз жолын өзі айқындайды. Ол құр өмір сүріп қана қоймайды, сол өмірді қалай сүретінін, болашақта не істейтінін өзі шешеді. Егер мүмкіндік берсе, адам әлемді де, қажет болса, өзін де жақсы жағына қарай өзгерте алады. [53] Мысалы, тірі зертхана немесе сынақ полигоны деп атауға болатын концлагерьлерде кейбіреулер өздерін шошқа сияқты ұстаса, екінші біреулер қадір-қасиетін жоймай жүрді», – дейді автор.

Осындай ойтолғамдармен ол адам баласын екі нәсілге бөлді: имандылар және имансыздар.[54] Бұл қасиет күзетшілерге де, тұтқындарға да – жалпы адам атаулының бәріне ортақ. Түрме күзетшілерінің арасында да қатыгез садистер де, аяушылық білдіргендер де кездескен. Бұған мысал ретінде Франкл қолындағы нанын бөліп беріп, адамгершілік танытқан бригадир жайлы айтады.

Осыған орай Франкл адамның болмысына тек сыртқы әсерлер мен жағдайлардың жемісі деп қарамайды. Адамның мінез-құлқы түптеп келгенде сыртқы жағдайлар емес, ішкі шешімдерге байланысты болатынын дәлелдеу үшін өзінің концлагерьдегі тәжірибесін мысалға келтіреді. Қандай адам болмасын кез келген жағдайда өзі үшін ақыл-ойдан адаспау және рухани құнсызданбау амалын таба алатынын айтады. «Сіздің кім екеніңіз, қандай екеніңіз ішкі шешімнің [55] нәтижесі. Басыңызға түскен азапты абыроймен еңсере [56] білудің өзі – нағыз жетістік, – дейді ол. – Дәл осы рухани еркіндік өмірге мән береді, мақсатыңнан адастырмайды».

Дегенмен, Франкл ішкі еркіндікке қоса жауапкершіліктің [57] де қажет екенін ескертеді. Міне осыны логотерапиядағы ең өзекті идея деп санайды. Жауапкершілікті өз қолыңызға алмасаңыз, ішкі еркіндік өз мағынасын жоғалтады.

Трагедиялық оптимизм

«трагедиялық үштағанды» жеңеді

Франклдың айтуынша, адам баласын шарасыздыққа жетелейтін үш нәрсе бар: ауыртпалық, кінә және өлім. [58] Автор оларды «трагедиялық үштаған»[59] деп атайды.

Франкл адам баласы тағдыр тәлкегіне ұшыраса да соның өзінен бір жағымды жұбаныш табуға болатынын айтады. Тақсіреттің өзінен сәуле көрген кісі қасиетіне «трагедиялық оптимизм»[60] деп ат қояды.

Франкл «трагедиялық үштаған» себеп болар экзистенциялық шарасыздық мәселесін өмірдегі кез келген жағдайдың түпкілікті мәнін іздеп табу арқылы шешуге болатынын айтады.

Айталық, трагедиялық үштағанның бірінші тағаны – кез келген ауыртпалықтың өзінен өмірдің мәнін табуға болатынын жазады.

Бұған мысал ретінде Франкл 17 жасында дайвингпен айналысам деп қайғылы жағдайға ұшыраған. Соның салдарынан сал болып қалған, өмір бойы төсекке таңылған Джерри Лонгтың өмірін әңгіме етеді. Аяқ-қолы істемей қалса да Джерри кітап оқып, теледидар көріп, қалам тістеп отырып жазу жазады. Сөйтіп жүріп Қоғамдық колледжде білім алады. Бір сөзбен айтқанда, ауыр дертке шалдықса да тағдырдың тауқыметіне мойымайды, толыққанды өмір сүреді.

Трагедиялық үштағанның екінші тағаны – кінә туралы айта келіп, кінәлі сезіну де өзіңді жақсы жаққа өзгерту мүмкіндігі [61] ретінде пайдалануға болатынын айтады.

Ойын қорыта келе, трагедиялық үштағанның үшінші тағанын, яғни ақыр соңында өлімге келіп тірелетін өтпелі өмірдің мәнін қалай табу керектігін түсіндіреді. Оның ойынша, өлім өмірдің мәнін төмендетпейді, қайта арттыра түседі. Өмірдің өткіншілігі [62] адамдарды жауапты әрекет етуге [63] жігерлендіреді. Өйткені бұл өмір мән-мағынаға толы. Өтпелі өміріміздің әр сәтін барынша ізгілікпен өткізуді, әрбір оқиғаның мағынасын ашып, мәніне көз жеткізуге үндейді.

Автор қиындықтарды жеңуде трагедиялық оптимизмнің рөлін атап өтеді: оптимизм өмір мәнін іздеу құралы. Алайда Франкл трагедиялық оптимизмді америкалық мәдениетке тән «бақытты болу» қажеттілігінен бөліп қарайды. Логотерапияға сәйкес  бақытқа ұмтылудың өзі бақытты болумен пара-пар. «Бақыт» дегеніміз –  өмірдің шынайы мәнін жүзеге асырудың жанама әсері деп сипаттайды. Адам баласы қандай жағдайда да өмірдің мәнін тауып, оны жүзеге асыра[64] алады. Жеті жұт қатар келсе де, жақсылықтан үміт үзбе, барыңды бағалап, өз өміріңнің мәнін тап.

 

Ағылшын тіліндегі сөздік: 

[1] лагерьге келу кезеңі – phase immediately following arrival at the camp – фаза прибытия в лагерь

[2] лагерьге мойынсыну кезеңі – phase when prisoners are entrenched in camp life – фаза, когда заключенные укореняются в лагере

[3] босатылу кезеңі – phase following their liberation –  фаза после их освобождени

[4] азап – suffering – страдание

[5] жан рақатын іздеу – pursue pleasure – погоня за удовольствием

[6] өмірлік мақсат – purpose of life – цель жизни

[7] мәнді ғұмыр кешу – living with meaning – прожить жизнь со смыслом

[8] шошыну – shock – шок

[9] рақымшылық жасалады деген үміт – delusion of reprieve – иллюзия отсрочки

[10] газ камералары – gas chambers – газовые камеры

[11] өзінің бұрынғы өмірінің түгелдей сызылып қалуы – strike out his whole former life – перечеркнуть всю свою прежнюю жизнь

[12] жалаңаш ит тірлік – naked existence –  обнаженная жизнь

[13] өз-өзіне қол жұмсау – suicide – самоубийство

[14] әлсіздік танытпау – avoid looking weak in any way – избегать любых проявлений слабости

[15] эмоциялық өлім – emotional death – эмоциональная смерть

[16] қажетті қорғаныс механизмі –  necessary defense mechanism – необходимый защитный механизм

[17] қосымша азық – extra allowance – добавочный паек

[18] тұрпайы деңгей – primitive level – примитивный уровень

[19] жан сақтау – survival– выживание

[20] оңаша қалуды аңсау – irresistible urge to get away – непреодолимой потребности уединиться

[21] рухани көмек – spiritual care – духовный контакт

[22] жамандық көрсе де, ешкімге де жамандық жасауға қақы жоқ – no one has the right to do wrong, not even if wrong has been done to them – никто не имеет права творить зло, даже если зло было причинено ему

[23] махаббат – love – любовь

[24] мағынасыз – emptiness – пустота

[25] шарасыздық – desolation – отчаяние

[26] рухани кедейлік – spiritual poverty – духовная бедность

[27] теріс бақыт – negative happiness – отрицательное счастье

[28] азаптан құтылу – freedom from suffering – отсутствием страдания

[29] шынайы рақат – real pleasures – настоящее удовольствие

[30] тағдырдың ырқына көну – let fate take its course – позволил судьбе взять все в свои руки

[31] зерігу – boredom – скука

[32] бұлыңғыр идея – vague idea – смутная идея

[33] нақты шынайылық – concreate reality – конкретная реальность

[34] тіршілік шегінен шығу – self-transcendence of human existence – выход за свои пределы

[35] өзін-өзі жетілдіру – self-actualization – самореализация

[36] экзистенциялық дерт – existential frustration – экзистенциальное расстройство

[37] ноогенді невроз – noogenic neuroses – ноогенный невроз

[38] психогенді невроз  – psychogenic neuroses – психогенный невроз

[39] экзистенциялық күрес – existential conflict – экзистенциальный конфликт

[40] өзіңнің кім екенің мен кім болуға тиісті екендігіңнің арасындағы айырмашылық – gap between what one is and what one should become – различии между тем, кто ты есть, и тем, кем ты должен стать

[41] психикалық қысым – mental tension – психическое напряжение

[42] ноо-динамика – noo-dynamics –  ноодинамика

[43] толық белгісіздік – total uncertainty – полная неопределенность

[44] рухани табандылық –  spiritual hold – духовная стойкость

[45] НЕ ҮШІН өмір сүруге болатынын білетін жан ҚАЛАЙ дегізер кез келген қиындыққа шыдай алады – man who has a WHY to live for can bear with almost any HOW – если есть ЗАЧЕМ жить, можно вынести почти любое КАК

[46] мақсатқа ұмтылуstriving for an objective – стремление к цели

[47] мақсат болу – have a goal – имеют цели

[48] аңғал үміт – naive hope – наивная надежда

[49] болашаққа деген сенім – faith in the future – вера в будущее

[50] шексіз мән – infinite meaning – бесконечный смысл

[51] құрбандық – sacrifice – жертва

[52] ішкі еркіндік – inner freedom – внутренняя свобода

[53] адам әлемді жақсы жағына қарай өзгерте алады – man is capable of changing the world for the better – человек способен изменить мир к лучшему

[54] иманды және имансыз – decent man and indecent man –  достойные людей и недостойные людей

[55] ішкі шешім – inner decision – внутреннее решение

[56] азапты абыроймен еңсеру – bearing your suffering with dignity – преодолеть страдания с достоинством

[57] жауапкершілік – responsibleness – ответственность

[58] ауыртпалық, кінә және өлім – pain, guilt, and death – боль, вина и смерть

[59] трагедиялық үштаған – tragic triad– трагическая триада

[60] трагедиялық оптимизм – tragic optimism – трагический оптимизм

[61] өзіңді жақсы жаққа өзгерту мүмкіндігі – opportunity for positive personal change – возможность изменить себя в лучшую сторону

[62] өмірдің өткіншілігі – transitory nature of life – преходящесть жизни

[63] жауапты әрекет ету – take responsible action – предпринимать сознательные действия

[64] өмірдің мәнін тауып, оны жүзеге асыру – opportunities to find and fulfill meaning – возможности найти и реализовать смысл

 

 Кітаптың түпнұсқа атауы:

Trotzdem Ja zum Leben sagen.

Ein Psychologe erlebt das Konzentrationslager

Viktor Frankl

Автор туралы дерек: 

Виктор Эмиль Франкл – Венадағы медицина университетінің неврология және психиатрия профессоры. Ол – «Венаның үшінші психотерапия мектебі» деп аталатын (Фрейдтің психологиялық талдауынан және Адлердің жеке психологиясынан кейінгі) логотерапия мектебінің негізін салушы қайраткер. Ол 1942–1945 жылдар аралығында Освенцим, Дахау және Терезиенштадтағы концлагерьлерінде тұтқын болған.

 

"Мазмұндама" жобасының авторы және рухани жетекшісі -

Шыңғыс МҰҚАН.

"Мазмұндама" жобасы шығарған кітаптарды Kaspi gold мобильдік қосымшасы арқылы сатып алуға болады: 

"Мазмұндама" кітаптары енді Kaspi.kz дүкенінде қолжетімді!

Ол үшін сілтемені басыңыз: 

https://kaspi.kz/shop/search/?q=%3AallMerchants%3AMazmyndama&at=2

Қазақстанның кез-келген жерінен тапсырыс беруге болады!

Кітаптарды бөліп те төлей аласыз!

Егерде 5 000 теңгеге тапсырыс берсеңіз, кітапты жеткізу тегін!

#Mazmundama #Qazaqsha100Bestseller #Оқуғатиіс10кітап

Пікірлер